Жастар мен балалар арасында «KazakhstanSmartSpace» байқауы өтуде

9040
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан үшін ғарыш кеңістігі өте маңызды. Себебі алғаш рет ғарышты игеру дәл біздің елден басталды. Адамның ғарышқа алғаш ұшуы да Қазақстан жерінен бастау алды. Міне, сол уақыттан бері 60 жыл зымырап өте шықты. Адамзат ғарышты игеруді жалғастырып, толағай жетістіктерге жетті. Тіпті Марсқа қоныстану, Айға кезекті экспедиция жіберу мен өзге планеталарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттер түрлі спутниктерді ауыл шаруашылығы, ауа райын бақылау, әскери салада қолданып келеді. 

Ғарышты игеруді насихаттау маңызды. Жас ұрпақтың аспан әлеміне қызығып өсуі - болашақта ғарыш саласының дамуына да әсер етеді. Бұл Қазақстан үшін маңызды. Себебі үш ғарышкер шығарып, әлемдегі ең ірі ғарыш кешенінің біріне ие Қазақстан алдағы уақытта ғарыш саласын қарқынды дамытуға ниетті. Сол мақсатта оқушылар мен студенттер арасында тиісті түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.

 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына және адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 60 жыл толуына орай арнайы «KazakhstanSmartSpace» ғарыштық техника және технологиялар бойынша халықаралық байқауы ұйымдастырылуда. Байқаудың басқы мақсаты жас ұрпақты ғарыш әлеміне қызықтыру, оларға қолдау білдіру және бұл саланы дамытудың маңыздылығын түсіндіру.  Байқауды «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, «EurasianSpaseVentures» ЖШС, «Қазақстандық жобаларды
басқару институты» ҚҚ ұйымдастыруда.

Байқауға қатысуға 50-ден астам ЖОО-ры өтініш білдірген. Олардың арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Қырғызстан қатысушылары да бар.

Ұйымдастырушылар тарапы: "Байқау биыл бірінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқаудың өту барысына байланысты мүмкін оны жыл сайынғы дәстүрлі байқауға айландыратын шығармыз. Қазір ол жағын да ойлану үстіндеміз. Қатысушыларды тек қана бағалы сыйлықпен марапаттап қоймай, сонымен бірге "Байқоңыр" ғарыш айлағына апаруды да жоспарлап отырмыз", - деді.

Eurasian Space Ventures жеке ғарыштық компаниясының бас директоры, Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов аталмыш байқау талантты жастар арасында өздерін көрсету мүмкіндігімен бірге, кәсіпкерлер үшін білікті кадрларды табудың жолы екенін де айта кетті.

"Біз бүгін ең алдымен аймақтар бойынша ғарыш саласына қызығып, өз өмірін, болашағын ғарышты игеру, сол бойынша жобалар жасауды қалайтын жастарды тапқымыз келеді. Бұл байқау сондай жастарға үлкен мүмкіндік беріп, өз идеяларын іске асыруға жол ашады. Біз қазірдің өзінде аэроғарыштық технологияларды дамыту үшін ESV ғарыш хабының инкубаторына халықаралық стартаптар мен компанияларды тартып жатырмыз. Бүгінде цифрландыру қарқыны өте жоғары және ол процесс тоқтамайды. Ғарыштық индустрия саласы да қарыштап дамуда.  Бұл байқау әлемге Қазақстан мен аймақтық мамандардың бліктілігін көрсететін болады", - дейді Ибрагимов.

Шухрат Ибрагимов байқау аясында жеңімпаздарды анықтап, олардың жобаларын дамытып, халықаралық дәрежеде шығару, таныстыру жағын да қарастырып отырғанын айтты.

Байқауға қатысушылар үш топқа бөлінеді. 12 жасқа дейінгі балалар, олар ата-аналарымен бірге команда жасақтауына болады. 16 жасқа дейінгі балалар, олардың да ата-аналарымен бірге команда жасақтауына болады және үшінші топ 16 жастан асқандар. Жарысқа қатысушыларға арнайы сертификаттар, ал жеңімпаздарға бағалы қаржылай сыйлықтар мен естелік жәдігерлер табысталады. Байқауға қатысушылар төрт номинация бойынша бақ сынайды: Макет; белсенді модель, өнім, бейнеролик; ғылыми-зерттеу жобасы; бәсекеге қабілетті роботтар. 15-наурызға дейін қатысуға жоба ұсынуға мүмкіндік бар. Қатысудың ережелері мен шарттары көрсетілген қағидалар байқаудың www.kzsmart.space сайтында жарияланған. Байқаудың финалы 2022 жылдың 8-10 сәуірі Г. Дәукеев ат. Алматы Энергетика және байланыс университетінде өтеді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер