1007 жүк вагон тұрып қалды: Қазақстандық бизнес өкілдері қиын кезеңде

2478
Adyrna.kz Telegram

“Amanat” партиясының франкция мүшелері премьер-министр Әлихан Асханұлына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

“Бүгінгі шиеленісті халықаралық жағдай отандық бизнес өкілдерінің мүдделеріне кері әсер етуде.

Шиеленіс аймағында Қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі 1007 жүк вагоны тұрып қалған, 680 жүк вагоны шиеленіс аймағына жетпей тоқтатылған. Жүк вагондарының транзит құны екі есеге өсіп кеткен.

Логистиканың бұзылуына байланысты Европадан елімізге келетін тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен.

Аталған тауарлардың көктемгі егістік жұмыстарына тұтынуға қажетті ауқымның 50-пайызы ғана жеткізіледі деген болжау жасалуда. Ал, импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары егістікке қажеттіліктің 90-пайызын құрайды!

Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды!

Анықталғандай, еліміздің бизнесі көптеген халықаралық сауда бренділермен Ресей арқылы жұмыс істеген!

Ол бренділер көршімізден жаппай шығып жатыр!

Мұнай тасымалдаудың да проблемасы қылтиып тұр!

Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалы, сауда бренділерінің балама логистикасын ойластырмаған?!

Ресей рубльінің тез босаңсуы біздің елімізге көршімізден азық-түліктің импортының еселеп өсуіне алып келуі мүмкін.

Бұл өз кезегінде Қазақстандық азық-түлік өндірушілердің жағдайын мүлдем тұралатып жіберуі ықтимал!

«Жығылған үстіне жұдырық» болып халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр!

«Аманат» партиясының сайлаушылары осы мәселелер бойынша алаңдаулы!

Осы тұрғыда:

1. Қазақстанның тасымал логистикасын әртараптандыруға қандай қадамдар жасалуда?

2. Халықаралық сауда бренділерінің Қазақстанмен тікелей жұмыс істеуін қамтамассыз ету үшін не істелуде?

3. Мұнай тасымалын әртараптандыруға қандай әрекет жасалуда?

4. Жалпы, турбуленттік кезеңде, Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғаудың жаңа философиясы бар ма?

Осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз”.

Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» партиясының фракция мүшелері

Пікірлер