"Қант тапшылығы жоқ" – Сауда министрлігі халық арасындағы дүрбелеңге байланысты түсініктеме берді

2707
Adyrna.kz Telegram
Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда қант жеткілікті екенін мәлімдеп,  халықтан себепсіз дүрлікпеуді сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
"Бүгінгі күні елде қант тапшылығы жоқ. Сауда желілері мен тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жетеді. Сонымен қатар қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды! Қор толтырылып отырады. Яғни "үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады" деген ақпарат шындыққа жанаспайды". Елдегі қант өндірісінен бөлек, өзге елдерден импорттау мүмкіндігі бар. Сондықтан ажиотажға ерік бермеуге шақырамыз, - деп мәлімдеді сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанның ірі сауда орындарында қазақстандықтардың жаппай қант сатып алып жатқаны  хабарланған еді. Жуырда сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда үш айға жететін қант қоры бар екенін мәлімдеді. Экономикалық санкцияларға байланысты Ресей билігі жарты жылға қант экспортына тыйым салған еді.

Stan.kz мәліметінше, дәл сол күні және ертесіне Қазақстанның көптеген қаласында қант ең көп сұранысқа ие өнімге айналды. Бағасы да шарықтады. Сатушылар бір адамға сатылатын тауар көлеміне шектеу енгізе бастады. Мысалы, Көкшетауда супермаркеттердің бірінде қантқа кезекте тұрған сатып алушылар арасында төбелес шыға жаздады. Қарағанды мен Теміртауда да дүрлігу байқалды: сатушылар қантты сөреге қоя бергені сол еді, адамдар талап әкетті. Пабликтердің бірінде қанттың бір келісі 500 теңгеге жеткені жазылды. Солтүстік Қазақстан облысында қанттың бір келісі 420 теңгеге дейін қымбаттады. Павлодарда да кешеден бері дүрлігу байқалады. Сауда орындардың бірінде қантты 4,5 кг келіден үлестеп сатып жатыр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от KOKSHEVIDEOGRAM (@kvg_zhivi)

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер