Ет сасыса тұз себерміз, сот сасыса не себеміз? Судья Сабыров сорлата бере ме?

2812
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың,

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың назарына!

«Мынау заман кімдікі? Күштінікі! Аузы алты қарыс тістінікі!».  Бүгінде елімізде қара қылды қақ жаруы тиіс соттарға айтылар сын аз емес. Төрдегі соттар тым қатал, тым тәкаппар, тым биік. Алдына келген адамның ағын ақтап, қарасын айыптап, әділетті шешім шығарудан гөрі, жуас міскіннен қылмыскер, басбұзар образын көруге бейім тұрады. Сондықтан да қазір сот жүйесіне деген елдің сенімі таусылып барады.

Жақында бізге араша сұрап, әділет іздеген Ләззат Уызбаевадан хат келіп түсті. Қызылорда облысы, Шиелі кентінің тұрғыны өз арызында сотқа қатысты болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді.

– Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Сабыров менің інім Бекболат пен досы Нұрсұлтанды Қылмыстық кодекстің 120 бабы 3-1 бөлігінің бірінші тармағымен кінәлі деп тауып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Бұл екі бала да кәмелетке толмаған. Олар А. есімді бір қызды зорлады деген баппен жазаланып отыр. Жәбірленушімін деген қыз кәмелет жасқа толмаса да, бет-әлпеті үлкен қызға ұқсайды. Өзі сондай пысық, тақылдап тұр. Ол өз еркімен әлгі екі жігітпен жыныстық қатынасқа түскен. Тіпті мұның алдында да ол 5-6 жігітпен жатқан. Оны қыздың өзі де мойындап, тіпті зорлағаны туралы полицияға арызданған. Бірақ тергеу барысында бес баланың ісі жабылып кетеді де, ақшасы жоқ менің інім досы екеуі қамауға алынады. Әйтпесе, алдында бес баланың ата-аналары да бізбен бірге тергеуге барып жүрді. Тіпті зорлады деп айыпталғандардың ішінде Шиелі аудандық сот орындаушының баласы да болды. Осындай қызметте отырған ата-аналардың балалары босатылып кетті де, толық емес отбасынан шыққан (анасы жоқ) Бекболат досымен бірге жаза арқалап отыр. Сонда әділеттілік қайда?

Ол қыз мұның алдында бес-алты жігітпен ақшаға жыныстық қатынасқа түскен. Мұны естіген інім ол қызбен телефон арқылы танысып, сөйлесіп жүреді. Бір күні пәтер жалдап, сонда барады. Ол жерде ешқандай зорлық болмағанын пәтер иесі де растап отыр. Яғни, бәрі өз еркімен жасалған. Бірақ арада екі ай өткен соң, қыздың шешесінің сіңлісі полиция бөліміне арыз береді. Екі ай бұрын жыныстық қатынасқа түскеннен кейін де бұлар бірнеше рет кездескен. Көшеде қыдырып жүрген. Шамалы күннен соң, такси болып жүрген Бекболаттың досы Нұрсұлтанмен кездесіп, мектептің жанында жыныстық қатынасқа түскен. Осы кезде Нұрсұлтан Бекболатты шақырады. Інім екі бала болып көлікпен барған кезде жүргізуші куәлігінсіз машина айдағаны үшін полиция ұстайды. Осы уақытта көліктің ішінде әлгі жәбірленушімін деген қыз да отырады. Егер шынымен зорлық көрсе, неге сол кезде полицияға шақымданбады? Неге көмек сұрамады? Керісінше, ол қайта балдармен қалған...

Бұл ретте сот әділ шешім шығарғыш болса, қыздығын алған бала қайда, одан кейін барып жүрген бес жігіт қайда? Олар неге жазасыз қалады? Әкелері қызметте отырса, олардың балаларының ісі жабыла бере ме? Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтыла ма? Міне, мен осыған қатты налимын, ішім ашиды...

Мұхаметқали МАДИЯРОВ, адвокат:

– Негізі, арыз жазғаннан кейін бұл қыздың өзі: «Мен арыз жазғым келмеп еді, тәтем ғой қоймай жатқан» деген сөздері бар. Оның барлығы куәлармен де, видеозапистермен де, тіпті жәбірленушінің жауабымен де дәлелденіп отыр. Мұның алдында да ол бірнеше жігітпен жыныстық қатынас жасаған. Сот медициналық сараптамасы да қыздық пердесі бұрыннан бұзылған деген қорытынды беріп отыр. Сондай-ақ сот сараптамасы қыздың денесінде ешқандай жарақаттар жоқ екендігін көрсеткен.

Тіпті прокурордың өзі айыпты 122-баптың 1-бөлігіне өзгертеді. Яғни, ауыр бапты жеңіліне ауыстырады. Осыған байланысты прокурор бір жыл бас бостандығынан айыруды сұрап, кейіннен істі рақымшылықпен қысқартуды сұрайды.

Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Прокурор айыпты өзгертсе, сот сол айыптың төңірегінен асып кетпеуі керек. Демек, мемлекеттік айыптаушы – прокурор заң бойынша айыпты өзгертсе, сот сол айыптың төңірегінде ғана үкім шығаруы тиіс. Сот өзгертілген бап бойынша кінәсі бар ма, жоқ па, әлде одан да жеңілдететін жағдайлар жасауға бола ма, соны қарауы тиіс. Бірақ сот прокурордың айыбын негізге алмай, бұрынғы баппен (Қылмыстық кодекстің 120-бабатының 3-1 бөлігі 1-тармағымен) үкім шығарады.

Бұл негізсіз деп есептеймін. Себебі, олардың өз еркімен жыныстық қатынасқа түскені дәлелденген. Прокурор кәмелетке толмағандардың істі жан-жақты тексеріп, анықтап, 122-баптың 1-бөлігімен, жеңіл жазамен айыптау керектігін көрсетіп отыр. Алайда, сот айыптың төңірегінде жоқ баппен соттап отыр. Бұл заңды белден басу емес пе? Кәмелетке толмаған балаларды қатал заңмен соттайтындай дәлел жоқ қой. Барлығы өз еркімен болған. Сот сараптамасы да, куәлар да, жәбірленушінің өзі айтқан запистер де анықтап тұрған жоқ па? Тіпті ол аз десеңіз, прокурор да айыпты өзгертіп отыр. Енді одан артық не керек?.. Мен төменде прокурордың апелляциялық өтініш хатын да жіберемін. Онда барлығы түсінікті жазылған...

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Жоғарғы соты бұл мәселе заңды шешімін тауып, әділдік салтанат құрады деген ойдамыз. Әділет іздеген жанның жанайқайын еш боямасыз, қаз-қалпында беруді жөн санадық. Енді бұл іс әрі қарай бақылауға алынып, оң шешімін табады деп сенеміз...

Айта кетейік, біз бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, алдағы уақытта істің қалай шешілетінін көпшілікке ұсынатын боламыз...

 

Серік ЖҰМАБАЕВ

Пікірлер