«АМАЛ» ұғымы мен көрісу және қазақша жыл басы

10415
Adyrna.kz Telegram
Фото ашық дереккөздерден алынды
Фото ашық дереккөздерден алынды

Қазіргі кезде Наурыз мерекесіне орай «амал», «көрісу» ұғымдарына қатысты пікірталас көбейіп кетті. Бұл тақырып жеткілікті зерттелмегендіктен, совет дәуірінде қалыптасқан ұғым-санамен қазақтың төл дәстүрімен шендестіру қалыптасып отыр. Осыған орай біршама түсінік беру парызымыз.

Аспандағы Амал мен көрісу

Аспандық үдерістер бойынша 14 наурызға қарай Тоқты шоқжұлдызындағы  Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етсе керек. Және де осы жайт қыстың кетіп, жазғытұрғы үдерісті бастайтын осы астрологиялық жағдай. Сол себептен де қысы қатал далалық аттылы түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу болып табылған.

Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы Наурыз айынан басталады. Сызбада Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген.

«Амал» ұғым сөзінің шығуы

Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамал» түрінде кезігеді. «Қамал» ұғымы ежелгі Шумерден, Бабыл дәуірінен  қолданып келеді.

Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды күзетуші деген этимологиясы бүгінде бұлдыр сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да ҚА+ҚАН/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» деген тіркес еді.

Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық танымнан еді. Тоқты шоқжұлдызының басына таман орналасқан жұлдыз атауы болатын.

 Әдебиеттегі Амал мен көрісу

Амал шарасының Наурызға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде (С.Е. аудармасы) былайша суреттейді:

Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді...

Қарашы енді:

Күн келеді, Күн келеді!

Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде Амал мен көрісуге қатысты жолдары бар:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:

Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.
Тарихтағы Амал

Амал жұлдызы әлемге ертеден мәлім болған. Птолемейдің «Альмагест» еңбегінде бұл жұлдыз шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан аталады.  Амал -  сонымен бірге жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған.

Тарихи жазбаларды еске алсақ, Амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзінің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март – ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың (бұл «ұлы іс» тіркесі – С.Е.) ұлы күні дейді...»

Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің Ескіше 1-8 наурыз (14-21) арасындағы 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болады. Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ былай жазады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.»

Ғұрыптағы Көрісу

Көрісу – мереке емес, ғұрып. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дәуірден басталады. Көрісу тек қана Наурыз мейрамына қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін бірі құттықтауы атқару ертеден келе жатыр. Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу  ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді. Ендеше бұл ғұрып қазақы қыстан шығудың қарапайым сәлемдесу дәстүрі емес,  ритуалдық сипаты барын аңғартады.

13-ғасырда құрылған Дели сұлтанатында мұсылмандық айдың жаңару кезіндегі басты ғұрып көрісу болған. Жұрт қуанысып бір бірімен үш рет төс қағыстырады, сұлтан оларға қазынасынан алтын-күмістен шашу шашады.

ХІҮ ғасырдың басында Әбілқайыр ханның ордасына келген  ағылшынның суретшісі Джон Кестельдің салған суреттері арасында Көрісу ғұрпы көрініс тапқан: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.

Серік ЕРҒАЛИ

Пікірлер