Енді мұғалім өз беделін өзі көтереді – Аятжан Ахметжанұлы

4461
Adyrna.kz Telegram

Мұғалім – ғасырлар тоғысындағы ұлы мамандық. Мерейлі іс, мәртебелі міндет. Білім мен біліктің тұғыры. Бүгінгі таңда биліктің бұл салаға назары ауып отыр. Оң өзгерістерге қарап, ішің жылиды. Өйткені «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегеннің мәнін ұғындық. Қоғамның жіті талқылауынан соң «мұғалім мәртебесін» көтеруге заңды тұрғыда мүмкіндік алдық.

Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек»,– деп айтқаны да мәлім.

Заңды тұрғыда бәрі ойдағыдай. Ал соңғы кезде орын алған оқиғаларға қарап, көкейде сұрақ туындайды екен. Мұғалім мәртебесін заң жүзінде қорғағанмен, оның қоғамдағы мәртебесін қорғай алдық па? Мерейін үстем ете алдық па? Осы сұрақтарға жауап алып, еліміздегі мұғалім мәртебесінің жайын білу мақсатында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 жыл 30 есім» ұлттық байқауының жеңімпазы, Нұр-Сұлтан қаласы №90 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлымен сұхбаттасқан болатынмын, соны назарларыңызға ұсынамыз.

​⁃​Талдырқорғандағы мұғалім мен оқушы арасындағы оқиғадан хабардар болсаңыз керек. Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы мәртебесі қандай?

​⁃​Жалпы мұғалім мәртебесі деген кезде бір ұсақ-түйек балалар мен мұғалім мәртебесін байланыстыруға толыққанды болмас. Мұғалім де пенде, ол да қоғамның мүшесі. Кез келген жердің тентегі болады, сотқары болады. Оқушылардың арасында да әр түрлісі кездеседі. Сондықтан да бір оқиға бүгінгі мұғалім мәртебесіне дәлел болады деп ойлаймын. Жәй ғана бір тентек оқушының қатардағы оқиғасы деп бағалаймын.

​⁃​Дәл осы бағыттағы Асхат Аймағамбетовтың жұмысына қандай баға берер едіңіз?

​⁃​Мұғалім мәртебесі туралы заңды бұның алдындағы министрлік жасады, ең соңғы нүктесін Асхат Қанатұлы қойды. Ол осы тұрғыдан үлкен шаруа тындырды. Бірден айтайын, қазіргі мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы ол бәрімізге мотивациялық бағыт берді. Заңда көбірек мұғалімдердің қаржылық мәселелерін шешуге мән берілді. Мұғалім мәртебесінің көтерілуі, магистранттар мен әртүрлі үздік мұғалімдерге берілетін қаржының қарастырылуы түлектердің аталған мамандыққа деген қызығушылығын арттырды. Сонымен бірге Асхат Қанатұлының ең үлкен шешімдерінің бірі педагогикалық мамандықтарға түсетіндердің стипендиясын қатардағы басқа мамандықтарға түсетіндердің стипендиясынан жоғару етуі бұл да үздік оқушылардың педагогикалық мамандыққа келуіне жолын ашты.

Келесі бір дүние мұғалімдер жалақысының көтерілуі ол президенттің шешімі. Дәл осы заңның арқасында мұғалімдерді кәсіби лауазымынан тыс жұмыстарға жегу мәселесі белгілі бір деңгейде тоқтады. Бұрынғыдай мәжбүрлеп концерт залдарын толтыру не сенбілікке алып бару, тазалық жұмыстарына жегу, шөп жұлғызу сынды нәрсенің бәрі тоқтады. Осы жұмыстардың реттелуі мұғалім мамандығын ең жоғары деңгейге жеткізді.

Қазір ҰБТ-дан жоғары бал алмаған бала педагогикалық мамандықтарға түсе алмайды. Сонымен қатар Асхат Қанатұлының тағы бір ұтымды шешімін айта кетейін. Ол педагогикалық мамандықтарға түсудің шектік балын көтеруі. Яғни бұрын шектік бал педагогикалық бағытта 50 бал болатын болса, биылғы жылы ол 80 балға дейін көтерілді. Ал грантқа түсу үшін 100-ден төмен алсаң түсе алмайсың. Сондықтан мұндай шешім болашақтың шешімі. Ендігі бір 5-6 жылдан кейін таланттылардың бәрі мектепке келе бастаған кезде мұғалім мәртебесі шынайы өз биігіне көтеріледі деп ойлаймын.

​⁃​«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданған соң, мұғалімдердің өмірі қалай өзгерді?

​⁃​Біз ең алғаш Сағадиевтің тұсында осы заңды ұсынған сәтте, қоғам күле қараған болатын. Мұғалім мәртебесі туралы заң керек деген кезімде арнайы бір мамандықты екшеп алып оған мәртебе берудің қажеті қанша деді. Иә, бірінші жасалған заң кемелді болмайтыны анық. Осал тұстары көп болды. Бірақ бұрыңғыдай емес, бастысы заң бар. Мұғалімдердің қарқыны біраз нәрсені өзгертті. Заң әлі де жетілдіруді талап етеді.

Мұғалім мәртебесінің қазіргі деңгейімен осыдан 5 жыл бұрынғы жағдайын салыстыруға мүлдем келмейді. Ең алдымен мәртебе дегенді былай қарастыруға болады. Бұрын жұртқа мұғалім бол десең қарғыс ретінде қабылдайтын төмен деңгейге түсті, қазір мұғалім мамандығы жұрттың қолы жетпейтін мамандықтардың қатарына кірді. Осы дүниеден-ақ мұғалім мәртебесінің көтерілгендігін аңғаруға болады. Расында, мұғалім мәртебесі бір күнде көтеріле салмайды.

Тәуелсіздік алған жылдары мұғалім мәртебесіне немқұрайлы қарағанымыз рас. Білім саласының еңбекақы көлемі өте аз болғандықтан, мектептерге талантты кадрларды тарта алмадық деуге болады. Талантты кадрлары жоқ елдің адамдары басқа жерден жұмыс таппағандықтан олардың ең соңғы баратын жері мектеп болмақ. Міне осыдан мұғалім мәртебесі төмендейді.

​⁃​Кезінде «Педагог мәртебесі» жайлы мәселе қозғадықтағы, біршама уақытқа бұл мәселені шешкендей болдық. Соңғы кездердегі оқиғалар әлі де болса бұл бағытта олқылықтардың бар екендігін көрсетті. Өзіңіз мектеп директоры ретінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас мәдениетін қалай жөнге келтіріп отырсыз?

​⁃​Біз жалпы тәрбие мәселесінде бірнәрсені ұмыт қалдырдық. Біз тәрбие мәселесін бұраңшылдықпен, жасасын алға деген ұраншылдықпен шатастырып алдық. Тәрбие ол ұранмен берілетін нәрсе емес. Қазақ айтады сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды дейді. Біз қандай болсақ, ұрпағымыз сондай болады. Сондықтан біз бала тәрбиесінен бұрын өзіміздің тәрбиемізді, отбасы тәрбиесін, мектептегі тәрбиені қадағалауымыз қажет. Жалпы атқанда біз өзгені тәрбиелемес бұрын өзімізді тәрбиелеп алғанымыз дұрыстау.

​⁃​Соңғы сұрағым болсын. Бүгінгі таңда мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған қандай жобалардан хабардарсыз?

​⁃​Жоғарыда мұғалім мәртебесін көтеретін біраз шараларды атап кеттім. Ендігі таңда мұғалім өз мәртебесін өзі көтереді. Жалақы көтерілді, қажетсіз жұмыстардан босатылды, көп кедергілер жойылды. Енді мұғалім өз беделін өзі көтереді. Ал ол өз беделін ол қалай көтеред? Ол балаға сапалы сабақ беру, балаға жанашырлық, шынайы тәрбие, үлкен шығармашылық ізденіс мұғалімнің беделін көтереді. Мұғалімнің беделін бір заң көтере алмайды. Егер мұғалім жұмыс жасамаса, мұғалімнің беделі ешқашан көтерілмейді. Сондықтан ендігі дүние қазақ айтады ғой «сөз түзелді, енді сен де түзел» деп. Сол сияқты заң түзелді, бұйрық түзелді, енді мұғалімнің өзіне де түзелетін уақыт келді.

Түйіндей кетейін, «Мұғалім мәртебесі туралы заң» бәрін шешетін заң емес, оның да өз кемшілігі бар. Ал Талдықорғандағы баланың оқиғасы немесе қатардағы сол секілді оқиғалар ол мұғалім мәртебесі заңының әсерімен шешілмейді, ол білім саласындағы білім мазмұны мен тәрбиенің өзара ұштасуының нәтижесінде шешіледі. Тәрбиесіз адам өзінің ішіндегісін бәрібір көрсетеді. Бұл қандай заңмен болса да.

Сондықтан мектептегі тәрбие процессін ұлттық құндылықтар мен ұлттық негізде қайта қарайтын уақыт келді. Біз жаһандану заманына тура келген кезде өзіміздің ұлттық болмысымыздың тәрбиесін дұрыстап сіңіре алмасақ, онда мұндай оқиғалардан біз көз ашпаймыз. Мұны құндылықтардың соғысы деп айтуға болады.

​⁃​Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен Оралбай Мергенбайұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер