Қазақстандағы ғылым саласының даму қарқыны қандай?

6611
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда жаңа ғасырда техника мен ғылым саласы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейді бағындыра алды. Ал алдағы онжылдықтың болжамдары бойынша, бұл қарқыны әрі қарай жалғасын таппақ. Ғылым мен зерттеулер, өнертабыстар мен өнертапқыштардың еңбегі - кез келген мемлекеттің гүлденуінің кепілі. Сондықтан Қазақстан Президенті ғылыми жаңғырудың жаңа толқынын бастады.

Қазақстан жоғары әрі сапалы экономикалық өсу бағытын ұстанады, бірақ оған ғылымсыз қол жеткізу, әрине, мүмкін емес. Алғашқы қадам жастарды ғылым мен білімге баулудан басталды. Үкімет дарындыларды іздеу мен қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар мен іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан қазіргі уақытта 40%-ға жуық студент, яғни тоғыз мың адам осы саланың биік белестерін бағындырып жүр. Бұл азаматтардың ел дамуына деген қызығушылықтарын тайға таңба басқандай анық көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам қызмет атқарады. Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежелері бар, оның ішінде 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы, 293 ғылым докторы атағына ие.
2020 жылы ҒЗТКЖ кәсіпорындарының саны 373-ке жеткен, олардың 50%-дан астамы бизнес және коммерциялық емес секторларға тиесілі.
Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі 10 басым бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың 1169-ға жуық ғылыми зерттеуін қаржыландырады, оның ішінде 317 гранттық жоба жас ғалымдарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен қатар медициналық биотехнология, трансплантология, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заманауи әзірлемелерге қатысып жатыр. Пандемия жағдайында ғалымдарымыздың COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны жасаудағы жетістігі ерекше маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің жария мәлімдемелеріне сәйкес, 2021 жылдың басында әлемде коронавирусқа қарсы 200-ге жуық вакцина әзірленген, ал 63 дәріге сынақтар жүргізілген. Қазақстан өз вакцинасын жасаған бесінші ел болды, ал оны пайдалану халықты вакцинациялау үшін қолданылатындар тізімінде жетінші орынға жайғасқан. Сондай-ақ, біздің ғалымдар адам ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтауға арналған экспресс-тесттерді алғашқылардың бірі болып ойлап тапқан еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің жаңғыру кезеңдеріне сәйкес ғылымды жүйелі дамытудың құқықтық базасы қалыптасты. «Қазақстан Республикасының ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» бірінші Заң 1992 жылы қаңтарда қабылданып, елімізде ғылымның қызмет етуінің негіздерін бекітуге, ғалымдар мен ұйымдардың мәртебесі мен құқықтарын қорғауға толықтай мүмкіндік берді. Бұл Заң ғылымды өндіріспен біріктіру, оны коммерцияландыру, зияткерлік меншікті қорғау және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын белгіледі.

2000 жылдары еліміздің дамуы мен экономикасының өркендеуіне байланысты қазақ ғылымын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Ғылым туралы» Заң және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл мемлекеттік және жеке секторлар қызметінің құрамдас бөлігі болып табылды. Осы кезеңде ғылыми-техникалық саланы басқару жүйесін жетілдіру, инвестиция тарту үшін жағдай жасау, ғылым инфрақұрылымын дамыту, ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруды ұлғайту, әлемдік ғылыми кеңістікке ену бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындарда басымдық қолданбалы және дизайнды дамытуға аударылды. 2010 жылы әлемнің үздік университеттерінің стандарттарына сәйкес жаңа деңгейлі университет – Назарбаев Университеті ашылды.
2011 жылы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған
«Ғылым туралы» Заң бұл саланың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Ғылымды басқару жүйесі өзгертілді, осы тұрғыдағы жобалардың басым бағыттарын анықтаудағы қоғамдастықтың рөлі күшейтілді, оны бизнеспен әрекеттесуін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері анықталды.

Бұл ретте қазақстандық ғалымдарға халықаралық өріске шығу, шетелдік ғылыми негіздермен байланысты кеңейту, отандық ғалымдардың әзірлемелерін насихаттау, ғылыми қызметтің заманауи стандарттарын енгізу міндеті жүктелді. Университеттер халықаралық консультанттарды тарту тәжірибесін енгізді, магистранттар мен докторанттарды шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге қаржы бөлді. Бірте-бірте отандық ғалымдарға шетелдік басылымдарды көбейту талабы күшейе түсті. Ең алдымен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, ғалымдардың болжамдары мен тұжырымдарын кең сараптамалық салада сынау қажет болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мәліметінше, 2011 жылдан бері қазақстандық ғалымдардың мақалалары, оның ішінде рецензияланған басылымдардағы мақалалар саны 7 есеге артқан.

Осылайша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында отандық ғылымның дамуына, оның өндіріске интеграциялануының кеңеюіне негіз қаланды. Осы мақсатта мемлекет тарапынан «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» алдағы 5 жылда ғылымды қолдау және елдің зияткерлік әлеуетін дамыту бойынша нақты шаралар қарастырылған. Биылдың өзінде ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру екі есе өсті, сонымен қатар жаңа міндеттер аясында заңнамалық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, 23 ғылыми ұйымды жаңғыртуға қаражат қарастырылған.

Жаңа Қазақстан алдағы уақытта барлық салада жаңа қадамдар жасамақ. Жастар білімге ұмтылып, техниканың тілін жетік меңгеріп, алға қойған мақсаттарына ұмытылып, ал мемлекет тарапынан осындай қарқынмен қолдау көрсетілсе, біз алмайтын қамал болмасы анық.

Айжан Сыланова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер