"Отан", "Барыс", "Парасат"... (Тілеулестік толғамы)

1983
Adyrna.kz Telegram
Фото: baribar.kz
Фото: baribar.kz

Бұл жігіттерді бота тірсек бозбала кезінен біледі екем. Сол жылдарда үшеуі де Алатаудың иығына ақ таң асылғанша ұйықтай қоймайтын ала өкпе студенттер еді. Светқали Нұржан КазГУ-де, Дихан Қамзабекұлы КазПИ-де, Кәрімбек Құрманәлиев Алматы шет тілдер институтында оқитын жұқалтаң жігіттер болатын. Ұсынылған суреттерге зер салыңызшы. Мен танысқан тұстағы олардың түр-әлпеттері осындай-ды... Бұлармен аралас-құралас жүргеніме қырық жылдан асыпты. Үшеуі де жүзден жүйрік шықты. Светқали тұсауға көнбейтін асау жырдың жалынан ұстады. Дихан бала кезінен алыс жолға шығып, шежірелі шаһарларды аралап, архивтің шаңына көмілді. Кәрімбек тіл білімінің тірлігіне тағдырын байлады. Енді міне... Светқали жыры кестелі, тілі дестелі көрнекті ақынға, сөзі уәлі, ауызы дуалы ақылман абызға айналды. Ал Дихан мен Кәрімбек Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Бірі әдебиеттанудың әлеуетін арттыруға, екіншісі тілтанудың танымын кеңейтуге барынша үлес қосып келеді.

Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен Светқали Нұржан "Отан" орденімен, Дихан Қамзабекұлы үшінші дәрежелі "Барыс" орденімен, Кәрімбек Құрманәлиев "Парасат" орденімен марапатталды.
Тұлпарлығы тай күнінен танылған, үлгісі мол үш досыма шын жүректен құтты болсын айтамын!

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер