Білім беру саласын дамытудағы педагог мәртебесі қандай?

2692
Adyrna.kz Telegram

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп өз заманында Ұлы Абай бекер айтқан жоқ. Бұл – мұғалімнің мәртебелі маман иесі екенін білдіретіндей. Сол кезеңдегі секілді қазір де мұғалімнің қоғамдағы өз орны мен мәртебесі бар. Адырна ұлттық порталының тілшісі Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №12 жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні мұғалімі, жас маман Мереке Берікұлымен сұқбаттасты. Назарларыңызға қазіргі білім беру саласы, саланы дамыту тақырыптарында болған әңгімені ұсынамыз.

- Жалпы осы салаға қандай мақсатпен келдіңіз? Ол жүзеге асып жатыр ма?

– Айта кету керек, бұл шешімді саналы түрде қабылдаған жоқпын. Есіме түссе, күлкім де келеді. Мұғалімдікке арман жолында емес, қызығушылық үшін де емес, бір ғана сөз үшін келдім. «Мереке, сенен тілалғыш оқушы емес, жақсы мұғалім шығады!» деп мұғалімім жиі айтатын.

Бұл сөзден бөлек, маған мектептегі оқушының емес, мұғалімнің образы ұнады. Уақыт өте сабақ беріп, жұмысқа кіріскеннен кейін мамандықтың жауапкершілігі мен ұлттың болашағы жастарды тәрбиелейтінімді түсіндім. Міне, осы кезде ғана менде мақсат пайда болды. Ендігі жерде мұғалім Мерекенің мақсаты – мектептегі әр күнін оқушыларына арнап, сапалы білім беру бағытында жұмыс істеу.

Иә, кез келген адам өзіне жауапкершілік алғанда ғана өзі де дамиды, өзгені де дамыта алады. Арманға, мақсатқа жету жолында дәл осы жауапкершілігі мол адам болудың маңызды екенін айтқым келеді.

- Сапалы білім беру деп отырғаныңыз білім беру саласын дамытуға ұштасады. Осы бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Ең алдымен, дәстүрлі білім беру форматын кішігірім өзгертіп, оқушылар қызығатындай етіп ұсыну. Осы тақырып аясында білім ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жаңа жобалар туралы айтып, ұсынысын әлеуметтік желілерде жариялап жүр. Мысалы оқушының күн тәртібін өзгертіп, мектеп қабырғасындағы кейбір таптаурын болып кеткен түсініктерді шама келгенше азайту. Бұны оқушының айтқанын істеу деп емес, оларға өздерінің форматында бағыт беру деп қабылдауымыз керек. Қазіргі жас буын мұғалімнен ығатын уақытта емес. Оларға дос ретінде кеңес беріп, болашағына жол сілтейтін ұстаз керек деп ойлаймын.
Қазіргі оқушылар ата-ана тәрбиесінен бөлек мұғалім арқылы да өмірге бейімделеді. Өзіңіз ойлаңызшы, әрбір оқушының кемінде 5 сағаты мектепте өтеді. Көретіні – пән мұғалімдері мен сыныптастары. Ол бейсаналы түрде мұғалімі айтып жатқан ойларды қабылдайды. Сол арқылы оқушы қоғаммен байланыс құра алады, өз пікірін ашық айтып, жеке даму бағытында жұмыс істеуге мүмкіндігі болады. Сіздің оқушымен жай ғана сөйлескеніңіз оның маңызды шешім қабылдауына әсер етуі де мүмкін. Сол себепті өз практикамда әрбір оқушыны психологиялық тұрғыда зерттеп, әрқайсысына әр түрлі әдіс-тәсіл қолданып жүрмін. Нәтижелі болып жатқанын да айтқым келеді.

- Жоғарыда қазақ тілі пәні және әдебиеті пәнінің мұғалімі екеніңізді айтып өттік. Жаңа формат деп отырғанымыз техникалық бағыттағы сабақтармен ұштасатын секілді. Препараттар, интерактивті тақталар, роботтар дегендей... Сіздің салада жаңа формат қалай көрініс табады?

– Қазіргі оқушылар телефонмен дос болғандықтан, өзара байланысы аз. Бұл мәселені мен қарапайым сұрақ-жауап арқылы шешіп жүрмін. «Қалай» деп жатқан шығарсыз? Жаңа тақырып өткен соң бір оқушы басқа бір сыныптасына сол тақырып аясында сұрақ қояды. Ол жауап беріп, өз нысанасын таңдайды. Яғни тағы біреуге сұрақ қояды. Осылай сыныптағы оқушылар біткенше эстафета жалғасады. Бұдан бөлек «залдан көмек» деген секілді «Сыныптасым көмектес» фрагменті бар. Ол жерде сұраққа жауап бере алмаған оқушы сыныптағы кез келген біреуден көмек сұрайды. Ал ол жауап береді. Осылай ойын аяқталғанша оқушылардың жауап бере алмаған сұрақтарының барлығына ол ғана жауап береді. Бұдан шығатын түйін: әрбір оқушы сабаққа дайындықпен келіп, жауапкершілік алуды үйренеді.

Келесі әдіс – кәдімгі дебат. Алайда екі тарапқа ерекше нұсқада бөлінеді. Өз еркімен екі оқушы тақтаға шығады. Олар өздері сенетін сыныптастарын тақтаға жазып, командасына өзімен қосқанда бес адам жинайды. Қалған оқушылар әділ-қазы атанады. Тақырып – сабақта сол күні өткен әдеби немесе қазақ тілге қатысты болады. Топтардың бірі шығарманы даттаса, бірі мақтайды. Солай бәрі сабақты түсінеді. Оған қосымша әділ-қазылар ойын айтып, олар да сөйлеп, сабаққа араласып отырады.

- Саланы дамытуда мектептен қандай қолдау болып жатыр?

– Қазір мотивация деген түсінік жиі қолданылып жүр. Бізге де бұл сөз таңсық емес. Мектеп ашылғаннан бері басшымыз Қайрат Үсенұлы оқушылар, сыныптар арасында түрлі бағытта сайыс ұйымдастырып, жеңіске жеткендерді киноға немесе теңізге алып барады. Ол тұтас бір 25 оқушысы бар сынып болса да, уәденің аты уәде. Осы арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығы артады. Оқушылар қазірден бәсекеге үйренген, кез келген бағытта «сен тұр, мен атайын» деген жастар көп. Көзің көріп тамсанады.

Бұдан бөлек жыл сайын өтетін қалалық, облыстық олимпиадаларда, спорттық жарыстарда мектеп қоржынына қанжыға байлаған кез келген оқушыны директор қағаз жүзінде ғана емес, өз атынан ерекше сыйлықтар беріп марапаттайды. Оқушыларға берілген, есімде қалған бағалы сыйлық – сымсыз басқарылатын құлаққап. Бұның да оқушыға шабыт беретіні анық.

Ал мұғалімдер арасында ерекше үрдіс бар. Мектеп ұжымы түрлі бірлестіктерден құралған. Қанша пән болса, сонша бірлестік бар деген сөз. Бізде бірлестіктер арасында жарыс болып, олар жұлдызға таласады. Тоқсан біткенде көп жұлдіз ұтқан бірлестік марапатталады. Мысалы, қазір осы жарыс әлі де болып жатыр. Мойындау керек, біз де осындай кезде бәсекенің дәмін сезіп, серігіп, бір-бірімізді қамшылап аламыз. Жаңа эмоция деген - ерекше сезім!

- Оқушы кезіңіздегі өзіңіз бен қазіргі оқушыларды салыстырып айтып беріңізші. Ұқсастықтар көп пе, әлде айырмашалықтар ма?

– Бұрын болған және қазір бар нәрселер – мектеп формасы мен ережесі, қоңырау мен асханадағы тегін тамақ, парталар мен тақтау, мұғалімдердің бөлмесі мен акт зал. Бұл екі уақыттың өзара ұқсастықтары. Ал ерекшеліктеріне келетін болсақ.

Қазіргі оқушылар технологияға бейімделген. Өзі қалайтын кез келген дүниені кез келген уақытта, кез келген жерде таба алады. Бұл жаңа білім алу жолында пайдалы болғанымен, кибершабуыл, қауіпсіздік тұрғысынан зиян. Алайда пайдалы жақтарын жіпке тізіп айтуға болады. Болашақта технологияның бұдан сайын дамитыны анық. Бізге қарағанда оқушылар бейімделгіш келеді емес пе?! Сол себепті олар техниканың бұдан да дамитынына дайын болу керек деп ойлаймын.
Ақпаратты тез қабылдағандарының арқасында уақыт үнемдеп жатады. Алайда оларда зерттеу, талдау, сараптама жасау секілді қабілеттер қалыптаспаған. Барынша қысқа ақпарат, қызық видео, шулы аудио, түрлі түсті инфографикалар ғана оқушыларды қызықтыра алады. Оларда клиптік сана деген қалыптасып кеткен. Клиптік сана дегеніміз мидың қысқа ғана мәліметтерді қабылдауы, қиынға ұрынбауы. Сол үшін оқушыларға дұрыс жол көрсету үлкен маңызға ие.

Олар жылдам шешім қабылдағыш. Біз 11 сыныпта ғана мамандық таңдасақ, қазіргілер 8 сыныптан бастап өзіне қай мамандықтың сай екенін және өзін қай салада көргісі келетінін елестете алады. Бұл да олардың үлкен жетістігі. Себебі оларда ҰБТ-ға, мемлекеттік емтихандарға дайындық жоғары деңгейде болады.

- Қазіргі шәкірттеріңіздің болашақта мұғалім болғанын қалай елестетесіз?

– Олар біз білмейтін кейбір ақпаратты, техниканы көрді. Сенсорлы телефондар да сол жылдары пайда болды. Ойы жүйрік болғандықтан, мәселелердің алдын алып жүреді.

Әлеуметтік желіде рилс деген секілді жаңа нәрселер бар. Сол сияқты болашақ мұғалімдер де жаңа форматтар ойлап табатындай. Шәкіртіміз жаңалық ашып жатса, ағымыздан жарылып қуанатынымыз анық. Ол үшін ізденуден жалықпау керек, еңбекқор болу керек.
Оқушы жаңа бағдарлама кітаптарындағы тапсырмаларды тез қабылдайды. Мәселеге жаңаша көзқараспен қарай алады. Ал біз дәстүрлі форматқа үйреніп қалғанбыз.
Мүмкін ол кезде мұғалімнің орнына үлкен сынып оқушылары басқаларға сабақ беретін шығар. Ұстаз боламын дегендері ертерек дайындықты бастап кетеді. Олар қазіргі таңда үшінші курста ұзақ мерзімде өтетін тәжірибені мектеп кезден үйренетін болар...

- Болашақ мұғалімдерге қандай кеңес бересіз?

– Сіздерге жауапкершілік, ізденіс, білім ғана керек. Осы үш элемент басқаларын жанына тартады. Жоғарыда жаңа форматтар, болашақ мұғалімдердің қандай болатынын айтып өттім. Оқырман сұрақтарына өздері жауап табар. Біздің міндетіміз – ақпаратты жеткізу ғана.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ақмарал БЕРЕКЕТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер