Хангелді ӘБЖАНОВ: «Біздің азаттығымыз әлемнің байлығынан да қымбат»

3003
Adyrna.kz Telegram

«Халық жұмылмай, Қазақстан жаңа бола алмайды. Халық қолдамай, бірде-бір басшының жоспары жүзеге аспайды». Бұл – белгілі тарихшы ғалым Хангелді Әбжановтың бүгін Алматы қаласында өткен митингте айтқан сөзі.

Бейбіт митингке қатысқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов бабаларымыз бірліктің құдіретін, оны сақтаудың шартын осыдан мың жыл бұрын тасқа жазып кеткенін айтты.

«Күлтегіннің тасында былай дейді: «Бектері, халқы түзу, адал болмағандықтан, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, бектері мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы елдігінен, елінен айырылды». Елдігі деген мемлекеттігі деген сөз. Ал енді осындай аманат қалдырған бабалардың дәстүрін жалғастырған Абай, «бірлік малға сатылса, ол антұрғанның басы» дейді. Кешегі қаңтар қасіреті – сол малға, ақшаға сатылғандардың ісі. Ондайларға Қазақстан, қазақтың жері, тілі керек емес. Олардың көздегені тек мал, ақша, байлық қана. Ал біздің азаттығымыз әлемнің байлығынан да қымбат», - деген ғалым қаңтар оқиғасынан сабақ алып, Қазақстанның әрбір азаматын өте сақ, белсенді, ыждақатты жұмыс істеуге үндеді.

Сондай-ақ, ол жаңару мен жаңғыруға бағытталған Мемлекет басшысы Жолдауының өзектілігіне тоқталды.

«Кешегі Президентіміздің Жолдауы – бұл Жаңа Қазақстанды құрудың бағдарламасы. Мұндағы бастамалар, әсіресе, саяси реформалар қалың қазақты, қарапайым халықты билікке тартуға, оларды белсенді қоғам құрушыға айналдыруға бағытталған. Халық жұмылмай, Қазақстан жаңа бола алмайды. Халық қолдамай, бірде-бір басшының жоспары жүзеге аспайды. Әрдайым сақ болып, алдағы ісімізді жасампаздықпен сапалы атқарайық», - деді Ханкелді Әбжанов.

Еске сала кетейік, бүгін Алматылда бейбіт митинг өтті. Оны «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы саяси реформаларды қолдау мақсатында ұйымдастырды.

Пікірлер