Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 9,9 пайызға өсті

2887
Adyrna.kz Telegram

2022 жылғы 26 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеп. 

Өткен аптада (2022 жылғы 19-25 наурыз) Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының 1,7%-ға өсуі тіркелді.

Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі 9,9%-ды құрады. Бір апта ішінде ең көп қымбаттаған өнімдер: қырыққабат – 11%, пияз – 9,3%, қант – 6,3%, картоп – 4,7%, сәбіз – 3,3%, тауық жұмыртқасы – 1,7%.

Бір аптада ӘМАТ бағасының ең жоғары орташа өсімі Алматы қаласында және Қарағанды облысында – 3,5%-ға, Түркістан облысында – 2,5%-ға, Жамбыл облысында – 2,2%-ға тіркелді. Мониторингтік топтардың есептеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлердің ӘМАТ-қа рұқсат етілген 15% бөлшек сауда үстемесін сақтауына тексеріс жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде бір апта ішінде елімізде 749 сауда тәртібін бұзушылық — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінен асыру жағдайлары анықталды. ӘМАТ-қа сауда үстемелерін асыру қант бойынша 40%-ға дейін, күнбағыс майы бойынша 35%-ға дейін және көкөністер бойынша 25%-ға дейін анықталды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етілген шектерде ұстап тұру және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өткен аптада елімізде мониторингтік топтардың жұмысы республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлер деңгейінен аудандар деңгейіне дейін кеңейтілді.

Премьер-Министрдің Түркістан облысынан ерте пісетін көкөністерді жеткізуге алдын ала шарттар жасау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанның 9 өңірі келісімшарт жасап, ерте пісетін қырыққабатты жеткізуге қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 24 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 1,1 млн тоннаны құрайтын ӘМАТ жеткілікті қоры қалыптастырылды. Атап айтқанда, картоп қоры 380 мың тоннаны құрайды, ерте егін болжамы 170 мың тоннадан асады; 32 мың тонна қырыққабат сақталуда. Бүгінгі таңда қант қоры 34,5 мың тоннаны құрайды (елдің орташа жылдық қажеттілігі – шамамен 44 мың тонна), оған қоса кейін өңделетін 30 мың тонна қант шикізаты бар.

Монополияға қарсы әрекет ету шараларын қолдану аясында тауық етін көтерме саудада жеткізуші (Қостанай облысы), тауық жұмыртқасын өндірушілер (Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары), көтерме саудада жеткізуші (Ақтөбе облысы), аммиак селитрасын (Маңғыстау облысы) және аммофос өндірушілер (Алматы) бойынша 8 тергеу жүргізілуде. Бір апта ішінде Алматы облысындағы «ФудмастерТрейд компаниясы» ЖШС-ға бір ескерту жасалды, сондай-ақ Павлодар облысындағы «Grano-PV» ЖШС және «Царская каша» ЖШС қарақұмық жармасын өндірушілерге, Алматыдағы «СахарПром Казахстана» ЖШС қантты көтерме жеткізушіге 3 хабарлама жіберілді. Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне ӘМАТ қорларын бөлуді үйлестіру жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

Кеңес барысында ӘМАТ бағасын бақылауға қатысты жағдаймен қатар, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаевтың Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау туралы баяндамасы тыңдалды. Кеңес соңында Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңір басшыларымен бірлесіп, АЭА қызметінің тиімділігін қосымша талдап, басым бағыттарын анықтауды тапсырды.

Пікірлер