"Кремль ресейлік журналистерге берген сұхбатыма бола үрейленіп, қорқып отыр" - Зеленский

7624
Adyrna.kz Telegram

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы бері алғаш рет ресейлік басылымдарға үлкен сұхбат берді. 27 наурызда ел басшысынан "Медуза" бас редакторы Иван Колпаков, "Дождь" телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядко, журналист әрі жазушы Михаил Зыгарь және "Коммерсантъ" тілшісі Владимир Соловьев сұхбат алды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Әңгіме екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Ресейлік БАҚ кешке дейін сұхбаттың толық нұсқасын цензурасыз жариялауға уәде береді. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат туралы ақпарат пайда болғаннан кейін көп ұзамай "Роскомнадзор" бұл сұхбатты жарияламау туралы алдын ала ескерту жасады.

"Роскомнадзор ресейлік БАҚ-қа бұл сұхбатты жариялаудан бас тарту қажеттігін ескертеді. Сұхбат алған бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жауапкершілік дәрежесін анықтау және ден қою шараларын қабылдау үшін тексеру басталды", - делінген агенттіктің ресми сайтында.

Кейінірек Ресейдің Бас прокуратурасы Зеленскийдің сұхбатына байланысты мәлімдеме жасады, ол "жарияланған мәлімдемелердің мазмұны мен оларды орналастыру фактісіне түбегейлі құқықтық баға беруге" уәде берді.

Оның мәлімдемесінде бұл "Ресейге қарсы жаппай үгіт-насихат және Ресей Федерациясының Қарулы Күштері Донецк және Луганск халық республикаларын қорғау жөніндегі арнайы әскери операцияға байланысты Ресей Федерациясының әрекеттері туралы жалған ақпаратты үнемі орналастыру жағдайында" жасалды, - делінген.

Украина президенті Зеленский Кремльдің бұл әрекетіне мынадай реакция білдірді:

«Елестетіп көріңіздерші, Мәскеудегілер менің ресейлік журналистерге берген сұхбатыма бола үрейленді. Шындықты айта алатындар үшін қорқып отыр. Журналистер біздің сұхбатымызды жариялауға дайындалып жатқанда – ресейлік цензура ведомствосы қорқытып-үркітіп бастады. "Әңгімені жариялаудан бас тартуды талап етеміз" - деп жазды. Егер ол соншалықты қайғылы болмаса, бұл күлкілі болар еді. Олар өз мемлекеттеріндегі сөз бостандығын жойып, енді көрші мемлекетті жоюға тырысуда. Олар өздерін жаһандық ойыншы ретінде көрсетіп келеді де өздері бірнеше журналистпен сөйлесуден қорқады. Егер мұндай реакция орын алып жатса, демек біз бәрін дұрыс істеп жатырмыз, олар күйгелектеніп отыр. Шамасы, олар өз азаматтарының мемлекеттегі жағдайға қатысты сұрақтарының көбейгенін көрді", - деп мәлімдеді Зеленский.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер