Әбубәкір  Қайран. Жұдырықтай жүрегім жұлқынып тұр

2456
Adyrna.kz Telegram

 

                                               Отан

 

Бұл ұғым – бөбек күлкісі,

Жаңғырар көкке әуелеп.

Құлпырып гүлдің түр-түсі,

Балбырар бақтар мәуелеп.

 

Күлгенде сәби шалықтап,

Мөлдіреп қарар аспан да.

Биікте қыран қалықтап,

Елжіреп тұрар тастар да.

 

Бұл ұғым – сүті ананың,

Бақыттың басы, бұлағы.

Құрғатпас тірлік танабын,

Шаттықтың нәрі, жыр-әні.

 

Осында аңсар, арман да,

Адамның ары ол бүтіндей.

Атады бейбіт таңдар да

Ананың аппақ сүтіндей.

 

Бұл ұғым – баба батасы:

«Қорған бол елге, жерге» – дер.

Оны ұққан жігіт сақасы –

Болған ер және жеңген ер!

 

Ауып бір кетпес ол, сірә,

Өз елін сатып жат елге.

Қан толып тұрып қонышына,

Тігеді басын қатерге.

 

Бұл ұғым – әже әлдиі,

«Ай балам», – дейтін, – «Күн балам».

Әр қазақ мұндай ән-күйді

Бесікте жатып тыңдаған.

 

Құйылған бөбек жүрекке,

Төгілген әні әженің.

Тілек те сонда, ниет те,

Өнер мен өлең әлемі!

 

Бұл ұғым – ұстаз мейірі,

Қарыздар соған барша адам.

Өтеді барлық өмірі,

Шақырып үміт аңсаған.

 

Ұстазын сүйсе әр адам,

Тереңдеп, түлеп, жайраңдар.

Ұстазды ұлық санаған

Кемеңгер біздің пайғамбар!

 

Бұл ұғым – барлық дос пен жар,

Туыстас, таныс, біліс те.

Шаттанса солар – көктем бар,

Ықылас тұрар жүректе.

 

Бұл ұғым – шексіз, көп мәнді,

Тым отты және тым тәтті.

Жазира, нулы, асқарлы,

Құдыретті, сырлы, қымбатты!

                                               Ұлытау                                                               

Ұлытау!

Ұғар ма екенмін сыр – арманыңды?!

Тасыңнан сенің тарихым шын аңғарылды –

Алаша ханнан басталған,

Өлмейтін мәңгі,

Қайталап жүрем ішімнен ұрандарыңды!

Көзіне жас пен қан толып Жошы хан қуған

Ат қылып мінді бабалар құландарыңды.

 

Тасыңнан сенің көрінер от – намыстарың да,

Өтті арыстарым өзіңде, кекті арыстаным да.

Алтын Орданың алпауыт,

Алапаттары –

Елжіреп сүйді Едіге – Тоқтамысың да.

Қайралды сенің қаһарлы қайраттарыңмен,

Жебенің ұшы,

Ақ найза, көк қылыштарың да!

 

Сайраумен тұрған санамда аңғар арымды,

Сыйлай көр маған, сыйлай бер бар ғажабыңды.

Кермиық, кербез Керей мен Жәнібек салған,

Жартаста қалған

Сүйемін таңбаларыңды!

Түріңнен көріп тұрамын –

Дешті Қыпшақты,

Күніңнен көріп тұрамын бар Қазағымды.

 

Ұлытау!

Сенен сан дұшпан зарлап сырылған,

Сұсыңнан шошып сан жауың...

Барлап, бұрылған.

Даңқыңды сенің,

Антыңды, Абыройыңды да

Дәлелдеп жырлап тұр, міне, Қалмаққырылған!

Аймалап тұрсың Алаштың аппақ жүрегін,

Айналып тұрсың Қазақтың ардақты ұлынан!

 

Кеудемді кернер сен жайлы өлеңдер менің,

Ұлытау барда сәтім жоқ төмендер менің.

Үсті – нұр,

Асты – кендердің кереметтері,

Бас иер саған сондықтан кемеңгерлерім.

Ордалар туы тігілген,

Оты сөнбейтін

Ұлытауына ұлылығын теңгерер Елім!

 

Ұлытау!

Сенен мен дағы бата алар ма екем,

Тасыңды қалай тайсалмай баса алар бөтен?!

Жерімнің байтақ жөргегі,

Өргегі сенсің –

Жаратқан өзі жар болып жасаған мекен!

Атыңды сенің бабалар қай замандарда

«Ұлытау» деп ұлықтап атаған екен?

 

                   ПІР

 

Ұрпаққа ұждан дарыған –

Атадан мәңгі.

Ұмытпас ұл-қыз –

Ұлы істер жасағандарды!

Әйгілеп кеткен –

Ақындар, батырлар ғана

Ел-жерін сатып,

Дұшпанға тасаланғанды!

Махамбет десең –

Жәңгір мен Баймағамбеттерді,

Сүйінбай десең –

Тезек пен Қатағандарды –

Қоса айтпай болмас

Қазаққа қас адамдарды.

 

Дауылдай кейде,

Кей кезде құйындай заман,

Сондай бір сәтте –

Тәңірге сиынбай ма адам?!

Сәулесін төгер сондайда –

Саңылақ, сақи,

Ыдырап кетер –

Есектің қиындай надан.

Барыстай сесті,

Бөрідей текті өр ақын аз ғой,

Солардың нары –

Сомжүрек Сүйінбай бабам!

 

Зарлаған жоқ Ол –

Заржақтар заманында да.

Қанбастан жұтты –

Қазақтың ғажабын ғана.

Жырлаған алғаш –

Арасын Атырау, Алтай

Айқындап айтқан –

Алаштың алабын дара.

Ілікті-ау кеше –

Ілкіде бір туар жыр боп.

Мұзбалақ ақын –

Мұқағалидың жанарына да!

 

Бөрілі байрақ –

Бастаған ілгері жорық.

Байрақты сондай –

Бит көздер күндеді келіп.

Қазақтың туы бүгінгі –

Жалғасы соның

Қарайды бізге –

Аспан боп!

Күн көзі болып!

Әуезов Мұхтар –

Әулием айтып кеткендей –

Сүйекем қалды –

Алаштың

Алтын діңгегі болып!

                   Жылқы

О, Қазақ елі!

Жылқы пірімен негіздес,

Жылқы қылымен егіздес –

Сенің Ар, Иман, Жаның,

Сенің Қағидаларың!

Солай меңзейді Арий бабаларың!

 

О, Қазақ елі!

Сенің жан нұрың,

Сенің Тәңірің –

Алтын Ай,

Ақ Күн аналарың!

Солай меңзейді Сақ, Ғұн бабаларың!

 

О, Қазақ елі!

Сен жылқыны үйреттің,

Жауыңды күйреттің.

Ашина – Көк Бөріге

Әлемді билеттің!

Қаһар,

Заһар,

От, Қылыш – қарағаның!

Сөйдейді Көк Түрік бабаларың!

 

О, Қазақ елі!

Батырың сілкініп еді,

Жауына жұлқынып еді.

Алысса жеңгізген – жылқының демі,

Алысқа жеткізген – жылқының тері.

 

О, Қазақ елі!

Жылқыны жебеген,

Сен – нағыз көреген!

«Жігітің сорлысын

Аттың жолдысы теңеген» –

Деген бабаларың.

Жылқыны бағалағын!

 

О, Қазақ елі!

Дархансың, даласың сен!

Данышпан, данасың сен!

Биіксің, тереңсің сен!

Кеменгер, кемелсің сен!

Осының бәрі –

Жылқы демінен!

Осының бәрі –

Жылқы терінен! ...

 

... Тартқан ұл ел мен жұртына

Ескерткіш қойсын жылқыға!

                   Бұл Муза ...

Шағангүлге

Толып, тұнып тұрғаны-ай ...

көкірегімде бір жырдың.

Ішінде емес бұл Муза –

Күмбір,

Күбір,

Сыңғырдың.

Сыртында емес және де –

Миуалы ағаш,

Мың гүлдің.

О, осындай Музаны

Көре алмайтын көздерді

Келіп тұрар түн қылғым!

Көп алдайтын сөздерді

Келіп тұрар жым қылғым!

 

Көкірегім көк тіреп,

Тұрмаспын жер тепкілеп.

Саусақпен гүл еккім кеп,

Аспанға ұшып кеткім кеп,

Жанарында жас та бар,

Маңдайында бақ та бар –

О, осындай Музаны

Ардақтаймын ақ білек –

Таза!

Тұнық!

Текті! – деп ...

 

Толып, тұнып тұрғаны-ай ...

Көкірегімде бір көлім.

Бұл көлімнің толқынын

Мәрмәр таспен іркемін.

Ол бөгетім –

Сабырлы,

Салқын,

Сазды,

Салуалы.

Арын,

Бәрін қорғап тұр,

Ата-баба аруағы.

Іші таза мәрмәрдің

Сыртын нұрмен сүртемін.

Түсінесің ...

Түсін Сен –

Батырым да үркегім!

 

Толып, тұнып тұрғаны-ай ...

Көкірегімде бір әуен.

Шыр айналып барады

Көз алдымда  күн – әлем.

Арпалысып келемін

Арсыздықпен, күнәмен ...

Ай, Шағанкүл,

Шағантай,

Ең бірінші елің бар,

Тәкең ...

Сонсоң – мына мен!

                   Жалғыз ағаш

Жалғыз тал көз ұшында бұлдырайды,

Сол талға қарап тұрып қыз жылайды.

Қыз жалғыз, тал да жалғыз, тағдыр жалғыз,

Жар етер жаратқанды – Бір Құдайды.

 

Желпиді жеңіл жібек самал есіп,

Сол самал қыз бойынан барады өтіп.

Жүрегін, жүйкесін де шаншып түйреп,

Тұрғандай бар бақытын талақ етіп.

 

Қыз бүгін жыламайды тектен налып,

Күндері өткен жылдың неткен жарық!

Бұйығып бұлдыраған сонау талға,

Жүрді ғой, бір боздақпен атпен барып.

 

Бұл ағаш бұйраланған, күмбезденген,

Ескерткіш сияқтанар нұр кездерден.

Жаудырап тұрған шығар жапырағы,

Жас жанның жүрегіндей кірленбеген.

 

Қос торғай бұтағында ән салатын,

Қуанып жапырақтар, қол соғатын.

Жарысып желдей есіп жетіп барып,

Қос ғашық қос торыны қаңтаратын.

 

Күн күліп, «Қос ғашықты жаны бір» дер,

Маздатып махаббатты Тәңір үрлер.

Жайнайтын жұмақтағы  кілемдей боп,

Жайқалған жасыл шалғын, сары гүлдер.

 

Қосарлы болмас па еді мәңгі жарас,

Жалқылық жалғанда бұл сән құрамас.

Бұтағын бұдыр-бұдыр кеңге жайып,

Жапанда қалай өскен жалғыз ағаш?!

 

Жалғыздық жанын мұның жүдетпей ме,

Үрей сор ішкі мұңын үдетпей ме?!

Көлкіген көк жапырақ, жастай саулап,

Көк карға басын  келіп күзетпей ме?!

 

Қыз айтты: «Жалғыздығы несі айып?» – деп,

«Қасына бір тал егіп, қосайық» – деп.

Ойланып тұрып-тұрып деді жігіт:

«Біз мұны әулие ағаш атайық» –  деп

 

Қос торғай әсем үнін сайрап, төкті,

Қос ғашық шат боп күліп, жайнап кетті.

«Басына әулие ағаш ырымым» деп,

Ару қыз орамалын байлап кетті.

 

Жас жігіт жайраң қағып, күле берген,

«Жақсы – деп – жөн-жосықты біле білген» ...

Дариға-ай, жиырмасында жасын соғып,

Сол боздақ өтіп кетті бұл өмірден! ...

 

Қарайды жалғыз ағаш елжіреп құр,

Мінеки, бірте-бірте жел де үдеп тұр.

Арудың былтыр жазда байлап кеткен

Бозарған орамалы желбіреп тұр.

                                  Қара нүкте

Жаққан көп жан нұрымен бақ шырағын,

Көрген көп көрешектің нақ сынағын.

Қай пенде неге бірақ байқамайды –

Кісінің кінәратсыз жақсы жағын?

 

Болса да адал жолға жаны құрбан,

Жүдейді жүрек жиі жабығудан.

Қалбаңдап қарғадай боп біреулер жүр,

Мықтыға мігер таппай жағынудан.

 

Жаман ит ести қалса, қасқыр үнін,

Қыңсылар, сезіп күші тапшылығын.

Үретін үйде отырып итаршылар.

Білмейді біреулердің жақсылығын.

 

Жүргендей бөлісе алмай еншілерін,

Дүмбілез даттар туыс, көршілерін.

Өсектің өртін қойып, өзі өртеніп,

Көргенбіз сан сайқалдың тершігенін.

 

Іздемес ізгілікті ғұрпы надан,

Түсінбес мұңлық жанын шырқыраған.

Санада сәуле нұры болмаған соң,

Таппайды таза ниет кілтін адам ...

 

Мән берген әрбір сөзге, әр әріпке,

Үйреткен сан әдепке, сан әдіпке –

Бір ұстаз әппақ парақ ортасына

Қойыпты кіп-кішкентай қара нүкте

 

Көп екен шәкірттері есті, басты,

Соларға әз көңілі көп құлапты.

Көрсетіп ақ парақты әр бірінен

«Не көріп тұрсың қазір?» деп сұрапты.

 

Таң қалып бұл сұраққа ала бөтен,

Шәкірттер «қара нүкте» деген екен.

«Ақты емес, тек қараны байқадыңдар, –

Депті ұстаз, – Осыларың жаман екен».

 

«Дүние – депті тағы – адам – ұлы,

Алладан кейін тұрар даналығы.

Алайда, қара пейіл –  ақ көнілді,

Көркеуде көре алмайды саналыны».

Тәмсіл ғой қалған бұл бір баяғыдан,

Сақтасын адамдардың аярынан.

Неліктен былғанады аяулы жан

Алапес, алаяқтың аяғынан?

 

Адалдың жүрегінде Құдай да анық.

Тұрмайды ол біреулерді сынай қағып.

Харамның қарашығын қара нүкте

Қашанда жүреді екен шыр айналып.

 

        Қазақ әйелі

 

Жырлауға қазақ әйелін

Ақынның мендей бар ма әлі?!

Ол – менің бүкіл әлемім,

Арымның аппақ ардағы!

 

Асатын одан жоқ нәзік,

Асатын одан асқақ жоқ.

Қарайды ол бізге тоқталып,

Қазақтың көшін бастап кеп.

 

Айтпаймын  қалай мен солай –

Ар тұтам Ару – Ананы.

Ол барда үйің кең сарай,

Түп-түгел ердің жарағы.

 

Киізді жүнен сол басты,

Оюлап сырмақ сол сырды.

Үйді де тігіп, орнатты,

Ыдысқа ырыс толтырды.

 

Тартылған сымдай саусағы,

Ол  - ісмер және ол – епті

Білінбес кейіп, шаршауы,

Демепті «бала мезі етті».

 

Өзендей терең мол сулы

Арналы қазақ әйелі.

Білмейтін тасып толқуды,

Тойынсын дейтін бар елі.

 

Ылғи бір ақтан жасалған

Тартады ол нәрлі тамағын.

Ықылас, ниет, бата алған,

Қыдырдай силап қонағын.

 

Күбірлеп кейде қояды ол –

Күйіттер күнде ырымын.

Өрнектеп ою ояды ол,

Өреді күнде бұрымын.

 

Көрсе оны құлын кісінеп,

Мөңіреп торпақ тұрады.

Күйеуі келер кешірек,

Көк тіреп шошақ тымығы.

 

Атынан алар түсіріп,

Алдынан шығып әйелі.

Қояды  шырт-шырт түкіріп,

Салқындау шығып сәлемі.

 

Өзі бір мырза, өзі – бек,

Ол – үйдің көсем көркемі.

Басқадан  гөрі бабы көп,

Бақытты қазақ еркегі ...

 

Бар болса жардың пәктігі,

Баспайды ерді азап-мұң.

Қағылмас, сірә қап түбі,

Әйелі барда қазақтың!

                Жылдар өтер

Жылдар өтіп барады жылжып, ағып,

Бір қуанып жүректер, бір мұңайып

«Еңбек етпей ерінсек құримыз» деп,

Биыл ерте орнынан тұрды халық.

 

Сана, сезім шырылдар шегірткедей –

Не тындырды? ... Жүр әлі нені істемей?

Тегіс жерді болмайды тырмаламай,

Терістеуді болмайды терістемей.

 

Міне, тағы кетіпті бір жыл өтіп,

Кей саусақты күйдіріп, күлдіретіп.

Жұмысшының жанары мөлт-мөлт етіп,

Шаруақордың жүрегі дір-дір етіп.

 

Сұйық сөздің сылдыры, сыңғырынан

Ойшылдардың ойы да мың құбылған.

Лепті лебіз лепірген жан жұбатып,

Ырым үшін талай ши сындырылған.

 

Қотыр бастан қиындау соқыр бастар –

Сырық сілтеп сыртынан досын даттар.

Бет-бетіне белсенген белсенділер –

Қолтықтасып қостары қосылмастар ...

 

Жылдар өтер әлі де  зулап, зырлап,

Бірі – көзді , бірі езу суландырмақ.

Қараша үйі қазақтың қайтер екен,

Дағдарыстың дауылы тұрғанда ырғап? ...

***

Замана маған кей кезде елесім сынды,

Сол үшін мені еш бір жан демесін жынды.

Сезіп жүрмін ғой сезетінімді,

Көріп жүрмін ғой көретін күнді.

 

Өз демім ғана өкпеммен алатын тыныс,

Санам да дұрыс сияқты, санатым дұрыс.

Ұшамын десем – қанатым құрыш,

Өлеңім,  жырым – сабатым ырыс.

 

Білем ғой, білем – көп сырдың мәлім екенін,

Түсініп болмас, алайда, Тәңір есебін.

Далада жүрсем сағым кешемін,

Найқалған таудан налып өтемін.

 

Отырсам  егер бір шыңның басына шығып,

Қырандар сонда сасады-ау қасымнан ығып.

Шаттана күліп, ашына күліп,

Жатар-ау тынбай жасын ағылып.

 

Таулармен сөйтіп иығым теңдесер еді,

Құмды емес, шыңды бетке алып ел көшер еді.

Халқымның сонда ер, көсемдері –

«Аспанан түскен» дер ме екен мені?!

***

Сен қоя тұр сөзіңді ызыңдаған,

Ұнамайды ешқашан мыжың маған.

Жұлмалағың кеп тұр ғой жүрегімді,

Шамаңды біл, шамандансам, жыным жаман!

 

Сен емессің жынымды баса алатын,

Сәл қуансам адаммын жасаратын.

Сезімімді сәбидей әлдейлеп жүр

Сөнбейтұғын кеудемде махаббатым.

 

Көріп тұрмын ішіңнің тым тарлығын,

Көзің көрмес сұңқардың сұңқарлығын.

Жағып жүрсе жаныма жақсы адамдар,

Ол өзімнің өмірге іңкәрлігім.

 

Ойың неге аш аңдай антайлайды,

Жаман ниет жаныңды жаңқалайды.

Мына маған мұнтаздай аға-іні, дос –

Нұрларынан бойыма қан тарайды.

 

Сөйлейсің-ау сөз саптап, адамсынып,

Саған кімдер жасаған жаманшылық.

Мен білемін, сен бәрін жек көресін,

Сондай болар әрқашан надан, шірік!

***

Күмән, күдік –

Күлтілдек бұл бір ісік,

Ой-санада тұрады шыңғырысып.

Бітеу жара біткендей бір жеріне,

Күмәншіл мен күдікшіл жүр бүрісіп.

 

Күмән, күдік –

Күнә емес, ол – күпірлік,

Күпірлікке көбіміз жол түсірдік.

Күмәніміз оң болмай, теріс болса,

Жүрегіміз кетеді-ау ыршып-ыршып.

 

Күмән, күдік –

Көнбес ол насихатқа.

Бейнесі де көрінер әр сипатта.

Күмән, күдік адамға артық болмас,

Бастап тұрса тек қана ақиқатқа.

***

Біз де талай кезінде билеп едік,

Кірмес жерге кірем деп кимеледік.

Енді отырмыз алқалап немерелер,

Ұбақ-шұбақ таусылмас кино көріп.

 

Ойнақ салса қасыңда немерелер,

Өткен шақтар ойыңа келе берер.

«Мен жас болдым» дегенге сенбейді олар,

Суретіңді көрсетсең сенеді егер.

 

Есіңе алып сұлудың сыңғыр үнін,

Ұмыты да алмайсың түн қызығын.

Қай жерімнен мінімді табады деп,

Қабағына қарайсың ұл-қызыңның.

 

Кешкі сезім бір бөлек, таңғы сезім,

Көңілін де аулайсың бәйбішенің.

Ордаланып кеткендей осы күні –

Ортамызда орнаған мәңгі сенім.

 

Кеудесіне керемет гүл тағынған

Тым алыстап кетпейсің нұр шағыңнан –

Өтіп кеткен кешегі жастық шақты

Тауып алады екенсің ұрпағыңнан.

***

Құбылып тұр сәт сайын ауа райы,

Қала қылжақ боп кетті, тау – анайы.

Жұдырықтай жүрегім жұлқынып тұр,

Көңілімді не нәрсе дауалайды?

 

Қыс келсе  де қарлатып қадам басып,

Жаңбырлы бұлт келіп жүр амандасып.

Қара жаңбыр астында қар егілсе,

Мен де езіліп, біртүрлі қалам жасап.

 

Қара жаңбыр тұр, міне, жауып тағы,

Бұл не деген табиғат ауыспалы?!

Жаз бен күзім менің де жағаласып,

Іш жағымнан бір үрей дауыстады.

 

Өндір сезім тұратын өнгендей боп –

Жүректегі лаулаған сөнгендей ме от?

Қыста жаңбыр жауса егер, қиналамын,

Жаным сүймес келіншек келгендей боп.

                    Көгершіндер

Армысындар, ардақты көгершіндер,

Алдыма ұшып ақ таңда келесіндер.

Жылт-жылт еткен ойнақы көздеріңнен

Жұмақ нұрын жып-жылы төгесіндер.

Сендерсіңдер базарлы құтханама

Күнен хабар гуілдеп беретіндер!

 

Шашқан жемді жеген соң тындым қылып,

Бойларыңды балқытар күн қыздырып.

Қарайсындар аспанға, жан-жаққа да,

Мойындарың тауыстай мың құбылып.

Ақылдасып, айтысып сәл отырып,

Кетесеңдер бір жаққа кіл қыдырып.

 

Барлығыңда бір ғажап жарасым бар,

Мәңгі есімде сақталып қаласындар.

Әне отыр ғой ойланып Алашұбар,

Ал, Шойнақтың адамдай санасы бар.

Міне, отыр ғой мардымсып Жүндібалақ,

Шіренеді, басқадан дара шығар.

 

Аспан жаққа көп қарар Ақбас деген,

Ешкім мұндай момынды таппас білем.

Именген соң не дерсің Шимойыннан,

Ол немеге білмеймін батпас неден?

Ал Бізтұмсық шошаңдар білгішсініп,

Бірақ тату Айдарлы саппаспенен.

 

Қалмасын деп жемсаулар қалталанып,

Берудеміз тары да, арпа да алып.

Терезе ашып, самалдап мен отырсам,

Жүресіңдер бөлмемде талтаң қағып.

Осыларың ұят қой, көкелерім,

Ие болып алдыңдар балконға анық

 

Көгершіндер ... Мен түкке таң қалмаймын,

Құшағымды сендерге таңнан жайдым.

Көктеймін деп көгершін алғысымен,

Әлдекімдей аңызға алданбаймын.

Көгершінге Көшім хан хат тасытқан,

Сондай болсам деп кейде армандаймын.

 

Кешіріңдер көп сөксем, көгершіндер,

Дәндеріңді жерден де терерсіңдер.

Тілдеріңді түсінем ымдарыңды,

Осыныма күн сайын сенесіңдер.

Бейбітшілік бейнесі – пәк құссыңдар,

Келіңдер де кеудемді төр етіңдер!

Көгершіндер!

Көгершіндер!


"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер