Желтоқсан көтерілісі қалай ұйымдастырылды?

5321
Adyrna.kz Telegram

І. Үштіктің құпия кеңесі. 1986 жыл, 17 қазан. Мәскеу. Кремль. КСРО басшысы М.С.Горбачевтің бөлмесі. Төбесіндегі алақандай қызыл-күрең  қалы қанталаған Горбачев – төрде, одан төмен – оңы мен солын ала екі кісі отыр. Бірі – КСРО КГБ басшысы, шегір көзді В.А.Крючков, екіншісі – ойрат-қалмақ ұлтына тән торсық шекелі 45 жастардағы жігіт ағасы.

– Сені Мәскеуге шақыртқан себебіміз,– деді Горбачев торсықшекеге,  – біріншіден, әлгі, ақпан айындағы пленумдарыңда Димаш Қонаев шалды шалқасынан түсіргеніңе өте риза болғанымды айтпақпын. Ай-да, мол-ло-дец! Екіншіден, сол сияқты «лениншіл» қақпастар  менің демократияландыру саясатыма кедергі жасайма деген қаупім бар...

– Өте дұрыс айтасыз, Михаил Сергеевич! Демократияландыру саясатыңызды қос  қолымды көтере қолдаймын! – деп елп етті торсық шекелі. – Мысалы, мынау Қонаев сияқтылар басшылық қызметте 25 жыл отырса да кеткісі жоқ. Жас мамандардың елге қызмет қылуына жол бермейтін осындай кәрі карьеристердің қырсығынан ғой қоғамымыз «тоқырауға» ұшырағаны.  Сондықтан бізде де бірінші басшы АҚШ-тағыдай, ұзағанда, 4 жылдан екі мерзімге гана сайланып, ал одан артық билікті иемденбек болса, алаяқтық қылмыс ретінде соттау қажет. Мәселен, егер мен басшы болсам ғой, бес жылдан артық отырмас едім. Өйткені одан соң басшының іскерлігі, қиял шалымы шабандап, қоғам тоқырауға бет алмақ...

Екі көзі ойнақтап кеткен «ойрат шекенің» сөзін Горбачев бөліп: – Иә, иә, сенің демократ басшы болатыныңа биттей де күмәнім жоқ, – деді. –  Енді негізгі мәселеге көшейік. «Қайта құру», «Жариялылық» саясатын пайдаланып, кейбір, мысалы, Украина, Балтық бойы, Кавказ елдері КСРО-дан бөлінбек болса, «ауыздықтау» үшін біз мұнда ақылдасып, бір жоспар дайындадық. Өйткені біз социализмнен бас тартқанымызбен, бұрында жаулап алған жерлерімізден әсте бас тартпақ емеспіз. Кәне, Крючков, мына жолдасты мән-жаймен таныстыршы!

Шегір көз тамағын бір қырнап:– Иә, біз мұнда, алда-жалда көше жиын-шерулері бола қалса күшпен тарату әдістерін қалай қолдану керектігін ойластырып жоспар жасап, оны «Метель-1986» операциясы атадық...

– О-о, аты тамаша екен! – деп жымың етті торсықшеке көзі ойнақшып.

Князев: – Бірақ, сол жоспар дайын болғанымен халық бас көтеруі қай республикада бұрқ етері белгісіз болып тұр. Шіркін, бұрындары халық наразылығын пулеметтен оқ жаудырып баса салушы едік, бірақ демократиялықты жариялай тұра енді олай етуге болмай қиналып тұрған жай бар... Біздің ойымызша халық наразылығы «капиталистік батыстан» аулақта жатқан Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, Алматыда болуға тиіс және оны сіз ұйымдастырасыз, – деді. Ойратшекелінің беті-басы көгеріп кетті. Еденге торс етіп құлап түсердей орындығының астынан қос қолдай ұстап: – О-о не де-ге-ні-ні-ңіз-із?! Мен сіздерге шын берілген коммуниспін ғой. Аяушылық етіңіздер! – деді тілі байланғандай кекештеніп.

Горбачев мәз: - Бұрын коммунист болсаң, енді кешікпей капиталист боласың, – деп күлді де,  Крючковке қарап: – Жә, мұны енді қинамайық. Түсіндірші жоспарымызды! – деді.

Крючков:  – Шешекке, қылшаға қарсы бала кезіңде «егіп» пе еді? - деді.

– Иә, иә, – деп торсықшеке сасқалақтап, жамасын сипалады, көйлегінің жеңін түрмек болды.

– Жә, көрсетпей-ақ қой, айтпағымыз – бүлік қай тұстан шығады, кенет болған бүліктің арты не болады деп қорқып отырғанша, біз де шешектің алдын алып «егетіндей», мини-бүлікті өзіміз ұйымдастырғанды жөн санадық. «Метель» операциясы жоспарын да сол кез сынақтан өткізіп көреміз. Ал мұндай «репетициямызды» өткізуге Европадан алыс жатқан, жергілікті туземный халық аз тұратын, орыстанған қала Алматыны лайық деп таптық.

– Иә, Қонаевтің «Қазақстанды халықтар лабораториясына айналдырғанының» жемісін көретін болдық, – деді Горбачев жымың етіп.

– 1959 жылғы Теміртау көтерілісі кезінен бергі қызметіңді ескеріп, сенің тек ПТУ-лық «біліміңе» қарамастан біздің «мекеме» қолдауымен өзіңді 1984 жылы Қазақстанға Министрлер Советінің  төрағасы – премьер-министр қылдық. Күллі министрліктер: Ішкі істер, Мемлекеттік қауіпсіздік, т.б. өз қолыңда. Сондықтан саған Алматының орталық алаңына екі жүздей адамды ұйымдастырып шығару және оларды бір-екі сағаттан соң милицияға төмпештетіп таратуды тапсырмақпыз. Ал біз мұны теледидардан жария қылып, әлгі, тәуелсіздік алудан дәмесі бар Кавказ, Украина, эстон, латыштарға: «Көрдіңдер ме?!  Қыңқ етсеңдер сендерге де дәл осылай әңгір-таяқ ойнатамыз!» – дейміз. Осылайша демократия жариялай тұра империяны сақтап қалмақшымыз, – деді Крючков алақандарын ысқылап. –Айтпақшы, «алаңға шыққан басбұзарларды» халық атынан күстаналайтын бір топ елге есімі танымал ақсақал-көксақалдардың атынан үндеу ұйымдастыруды ұмытпа.

– Ол екі жүз кісіні алаңға қандай талаппен шықты дейміз? – деді торсықшеке. – Әрі Қазақстанда да коммунистік пария мен комсомолдан өзге ұйым жоқ. КГБ қырағы. Әлгі екі жүз адамды үкімет өзі ұйымдастырғаны білініп қалмас па екен?

Горбачев: – Осы 1986 жылдың желтоқсан айының ортасында мен Қонаевты қызметінен босатпақшымын...

– Алақай, на конец-то! – деп Ойрат шекелі қол шапалақтай қарғып тұрды.  – Жетті ғой енді, достал, шал! Жасы, міне, 75 келмек. Қашанғы...

– Сөзді бөлмесейші сен! - Горбачев  «отыр» дегендей қолын сілкіп:  – Сөйтіп, біз Қонаевты қызметтен босатамыз, ал сен оны «Кремльдің волюнтаризмінен қорғау үшін» халықты көшеге шығаратын боласың...

– Мен бе?! Жо, жоқ, өле қалсадағы Қонаевты қорғамаймын! – деді Ойрат шекелі  қып-қызыл болып. – Оны қазақ та қолдай қоймас. Ел ішінде «Қонаев Алматыға бөтен ұлттарды қаптатып, қазақ интеллигенциясын солардың шошаласында тұрғызды», «700 қазақ мектебін жапты» деген наразылықтар да бар.

Горбачев: – Біз мұны да ескердік. Сөйтіп, әлгі, алаңға сен шығаратын топқа: «Демократияландыру саясатына қарсы кертартпа элементтер, оларды ұйымдастырған Қонаев пен сыбайластары» – деп айдар таға саламыз. Енді ұқтың ба?

– Ұқтым, ұқтым! Дәл қазір Қазақстанға қайтып, Қонаевтың орнына отыра берейін, ә?– деп торсықшеке орнынан тұра берді.

– Әй, сенің денің сау ма? Елбеңдемей сөз тыңдасайшы! – деді оған Горбачев, – Сені қазірден бірінші басшы қылсақ, әлгі «Метель» операциясын сынақтан өткізгенде бас жарылып, қол сына қалса, жұрт сені кінәлап, қызметте қалуың неғайбыл болады. Сондықтан Қонаевтың орнына бірден сені емес, шахматтағыдай «атпен жүріс» жасап, Колбин деген «лениншілді» тағайындамақпын. Қонаевты «опускать» ету арқылы мен әсіресе Мәскеудегі «кащейлерге» соққы бермекшімін.  Маған жұмыс істетер емес. Мені «Батыстың шпионы» деген де сөз таратуда, оңбағандар!.. Егер алаңдағы топқа «Қонаевты қорғаушылар» деген айдар келіңкіремесе, «ұлты орыс Колбинге қарсы шыққан ұлтшылдар» деген айдар таңуға болады. Бұл әлгі Балтық елдерін, Кавказды сескендіріп ауыздықтауға жарап тұр.

Ойрат шекелі бір сәт ойланып:  –  Бірақ... қазақ халқының ұлтшыл емес, аса интернационалист екенін білесіздер ғой, тәуелсіздік талап етпек болып шыққанына жұрт сене қояр ма екен? – деді.

– Но, но, айтасың-ау сен де, Нурике, – деді Крючков мырс етіп. – Бүкіл Орта Азия жым-жырт ұйқыда жатқан 1970 жылдары қазақтарды КСРО-дан бөлінуге шақырып:  «Оян, қазақ! Оян, елім!» деп үнпарақ, «Одақ па, әлде отар ма?!»  деп мақалалар жазып таратып сотталған Хасен Қожа-Ахмет деген диссидент сендердің қазақтарыңнан шықпап па еді!? Сондықтан абай болуды тапсырамын, репетициямызды әлгіндей диссиденттер көтеріліске айналдырып жібермесін.

– Жо-жоқ, қазақ момын халық, әлгідей жалғыз-жарым ұлтшыл оңбағанға ермейді, сөзіме сеніңіздер, қазақ ұлтшыл емес, Құдай сақтасын!.. – деп шыр-пыр ақталды Ойратшеке коммунист, атеист екенін есінен шығарып.

– Но, жарайды, – деді Горбачев, – Ал 2-3 жыл өте Колбинді мен қызметтен босатқанда, сен оны «халықты «подопытный қоянға» айналдырып, «Метель» операциясын сынақтан өткіздіруге жол берген жендет» деп әбден сынап, әшкерелейсің. Сөйтіп өзің нағыз «халық қаһарманы» болып шыға келесің.  Қалай, келістік пе? Болмаса, бұл рөлге басқа адамды пайдаланамыз. Мысалы, әлгі,  ақынды... Аты кім еді Шапанов па, әлде Шакалов?..

– Шаканов, – деді Крючков. – Біз оның өлеңдерін орысшаға аудартқыздық. Биыл 19 желтоқсанда Мәскеуде ақындық кешін дүрілдетіп өткізбекшіміз. Байқағаным, бұл қу, жұртқа сенімді естілу үшін, сөздерінде сынап-мінейтіні, өлеңдеріне тақырып етіп алатыны өзі жақсы білетін – өз басында бар кеселдер екен. Қолпаштағанды маньякально тілеп тұратын «неполноценность» синдромы да бар. Сен де оны, Нурике, Қазақстанда пиарить ете бер. Ауаны қорғау, абортқа қарсы, суды қорғау,т.б. дегендей, нәтижесі болмайтын, бірақ даңғазасы мол тақырыптар тауып беріп,БАҚ-тардан бақылдатып елге таныт. Кейін ел назарын біз айтқан жаққа бұрып есекдәме етіп қоюға әлгінің керегі болады әлі.

– Мақұл, құп! – деді торсықшеке. – Бірақ, Колбиндеріңізді көп отырғызбай Қазақстаннан алып кетсеңіздер, әлгі «қаһармандық рөлді» мен өзім-ақ атқарар едім.

– Оны көре жатармыз. Все, процесс пошел, қош болыңдар! – деп Горбачев орнынан тұрды.

* * *

ІІ. Төртеудің құпия кеңесі. Мәскеу. Кремль. 1989 жылдың маусым айы. КСРО халық депутаттарының І-сиезі өтіп жатқанына 16 күн. Шағын бөлмеде КСРО басшысы М.Горбачев, КГБ басшысы В.Крючков, Қазақстан Министрлер Советінің төрағасы Н.Назарбаев отыр.

– Сендерді сиезден шақыртқан себебім – сиезден де маңыздырақ, шұғыл реттейтін мәселе туып тұр! Ол – үш жыл бұрын  үшеуіміз ақылдасып  «Метель» операциясын Алматыда сынақтан өткізгеніміздің салдарына қатысты мәселе, – деді Горбачев. – Қонаев та, сен де Нұрсалтан, «Ой-бой, қазақ халқы нағыз интернационалист, ұлтшыл емес, момын!» деп сендіріп келген едіңдер. Өз халқыңды өздерің білмесеңдер, Мәскеудегі біз қайдан білейік қазақтың ішінде қаншама наразылық запыраны жатқанын?! Әне, 200 кісіні ұйымастырып сынақ жасаймыз деп, қалай 200 000 кісінің алаң, көшелерге лап қойғанын аңдамай да қалдық. «Ой-хой, қазақтың жағдайы жақсы!» деп Мәскеудегі басшылықты алдаған Қонаев пен сені де соттау керек еді көздеріңді бозартып, анау бүлікшілермен бірге! – Горбачев алдындағы судан бір ұрттады да: – Енді сол,  үш жыл бұрын жіберген қателігіміз үшін таяқ жейтін түріміз бар. Міне, оқыңдар! – деп столға он шақты парақшаны тастай салды. – Маған бұларды әлгінде қазақстандық депутаттар берді.

Крючков парақшаларды оқи бастады: – «Москва. Сиездер сарайы. Қазақстан депутаттарына. «Грузия депутаттарының баршасы 1989 жылы болған «Тбилиси оқиғасы» үшін наразылық айтып, мандаттарын лақтырып сиезден шығып кеткенде, сендер неғып 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайын айтпай бұғып отырсыңдар?! Қазақстанды масқараламай сиеден кетіңдер, елге қайтыңдар!» Алматылықтар. Ым-мынау Қарағандыдан, Семейден, Оралдан, Шымкенттен жолданған телеграммалар да осы мазмұндас екен.

– Егер сиезден Қазақстан депутаттары да кетіп қалса, мүлде масқара боламыз! – деді Горбачев басындағы қарға саңығандай қызыл қалын қасып.

Крючков келесі парақшаға үңілді: – Ал мынау қазақ депуттатарға 1986 жылғы Желтоқсандағы оқиға туралы хабарлама айтсын деп дайындаған мәтін екен. Мұны қай депутат оқып қояр екен, ә?!

– Өй, бұған несіне қиналасыздар?! Мінберге шыққандардың бірі мұны оқи бастағанда «тырс» еткізіп микрофонды өшіре салу керек, – деді Назарбаев.

– Таптым жолын, – деді Горбачев, – Дәл 1986 жылғыдай, тағы да инициативаны өз қолымызға алуымыз керек. Мына мәтінді өзге біреу оқып халықты билікке қарсы қоймауы үшін, мұны айтқанымыздан шықпайтын өз агенттерімізге оқыталық. Сонда Қазақстан депутаттары сиезден кетіп қалмайды...

– Ну, жарайды, оқысам – оқиын, – деді Назарбаев.

– Жо-жоқ! Саған болмайды!– деді Горбачев.

– Неге болмайды?! Сіз өзіңіз 1986 жылы күзде уәде беріп едіңіз ғой маған, «Желтоқсан көтерілісіне Колбинді кінәлап, халықтың сүйікті қаһарманына айналасың» деп?! Мен соған дайындалып кітап та жазып қойған едім, міне, үзіндісін тыңдаңыздаршы: «1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан халықтың  ісі әділ еді. Мен колоннаның алдында халықты  бастап шерулетіп кете бардым».  Қалай, сенерліктей ме?

– Болмайды! – деді Горбачев қалды басын шайқап, – Саған мен, то-есть партия, ірірек іс жүктемекпін. Осы сиезде Колбинді қызметтен босатып, Қазақстанға сені басшы қыламын. Сонда кеудеңе қанша орден тақсаң да өз қолыңда болады. Анау Ельцин деген оңбаған билікке жету үшін КСРО-ны таратудан да тайынбайтын сыңайлы. Сөйтіп мені қызметсіз қалдырмақ, ал өзі Ресей Федерациясына президент болмақ. Егер Ельциннің үгітімен республикалар КСРО-дан бөлінбек болса, сен «Қазақстанға тәуелсіздік керек емес!» деп жер бауырлап жатып ал. Сөйтіп мені қорғасаң, КСРО-ны таратпай сақтап қаламыз. Келістік пе?!

–  Әрине, келісемін! Сеніміңізге мың рахмет! – деді Назарбаев Горбачевтің қолына жармасып.

– Олай болса, Желтоқсан көтерілісінің шындығын шыңғыртып айтып «батыр» болу рөлін  Крючковтің  «үш әріп» мекемесі «қамқорлығына» алып баулып жүрген ақынға жүктелік. Кәне, шақыртшы сиезден әлгі Шапановыңды! – деді Горбачев.

– Ол манадан бері дәлізде күтіп тұр.– Крючков телефонмен: - Әлгі  кірсін! – деді.

– Ол қай ақын екен, ә?! Әлгі Колбинге жабысып-сүйкеніп той-томалақтарға ертіп жүрген, ода арнаған ақын ба? – деді Назарбаев, өзіне «Желтоқсанның бірінші батыры» атағын бұйыртпай алып кеткен кәззәптің кім екенін білгісі келіп тықыршып.

– Көресің қазір, – деді Крючков оған, – Әй, өзі сенен де өткен су жұқпас сұрқылтай екен, алысқа барады, алысқа-а!

Бөлме есігін тышқан тықырлатқандай болып жартылай ашылды да, асқабаққа картоп жапсырылғандай бас көрінді. Табалдырықтан аттап босағада тұрып қалған жасы қырықтан асқан кісі екі иығы гармон мехындай бір жиырылып қушиып, бір жазылып: – Рұқсат па екен? – деген дыбыс шығарды.

– А-а, Шаканов Мухтар! Ко мне, кел, отыр! – деді оған КГБ басшысы, – Қазақстаннан мынадай телеграмма және осында біреу таратқан – 1986 жылы Желтоқсандағы болған жағдай жайында  мынадай мәтінді алдың ба?

– А-а-алдым, бірақ қорқып кеттім де дәретханада тастай салдым, –деді Шаханов тұтығып.

– Бекер қылғансың! – деді Крючков оған, – Сен «халық қалаулысы» – депутатсың ғой, ендеше, халық талабын орындауға тиіссің. Қазір бәріміз сиез залына барамыз. Саған сөз бергенімізде, мына, 1986 жылы Алматыда не болғаны туралы мәтінді оқисың. Түсіндің бе?!

Мұхтар Шаханов орындықтан сусып еденге тізерлей кетті: – Аяй көріңіздер! Не жазығым бар! Бала-шағам...– деді дірілдеп.

– Өй, тұр, тұр! Бүкіл әлем естіп-білген мәселені үш жыл өткен соң айтуға несіне қорқасың?! Кеше грузин депутаттар Тбилиси оқиғасын айтты ғой қорықпай-ақ. Ешкім олардың бірдемесін кесіп тастаған жоқ, ал сен немене?!. – деді Крючков.

– Дәл осыған ұқсас мәтінді 1986 жылы 19 желтоқсанда Мәскеуде ақындық кешім өтіп жатқанда оқымақ болған Ербол деген студенттен тартып алып сіздерге тапсырған едім. Ол оңбаған менің шығармашылық кешімді бұза жаздады ғой сонда!  Ал, енді, үш жылдан соң Желтоқсан оқиғасы мәселесін өзім көңірсіткенім қалай болмақ? – Мұхтар  бөлмедегі басшылар өзін сынап тұр ма деп жалтақ-жалтақ қарап.

– О, иә, ол кезде қырағылық танытып жарадың! – деді Крючков. Өзі іштей:– Ну и сволочь! Халқын қан-жоса қылып жатқан кезде бұл өзінің «кешінің бұзылмауын» ойлапты ғой, подлец! – деді.

– Сондай-ақ, – деді Шаханов күмілжіп, – 1987 жылы наурызда мен Қазақстан комсомолының пленумында желтоқсандықтарды ғайбаттап: «Оларға алаңда қазақ халқының атынан сөйлеуге ешкім құқық берген жоқ!» деп сөйлеген едім. Енді, үш жылдан соң, желтоқсандықтарға қамқоршы бола қалғаныма жұрт сене қояр ма екен?

–  Оу, қырық бес жасқа келген сенің комсомолдар пленумінде нең бар еді?! – деді Горбачев, – Кірмейтін тесігің жоқ екен, ә!?

– Геннади Колбин жолдас қой: «Жазушылар одағында ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзінен соң қаламгерлердің желтоқсаншыларға іш тартатынын сезген қазақ соттардың кейбірі бүлікшілерді қатал жазаламай, бірнеше Қылмыстық істерді «қайта тергеуге» жіберіп жатыр екен. Сен Комсомол пленумінде сөйлеп, алаңға шыққандарды айыптайтын да қаламгерлер бар екенін көрсетші елге» деген соң, оның берген мәтінін пленумда оқыған едім, – деді Шаханов.

– Вот мудак, қақпас шал! Сценарийді біраз бұзған екен! – деді Горбачев күбірлеп.

– Сол және басқа еңбектерім үшін ғой ол кісінің мені КСРО депутуты қылғаны. Өзге 700 ақын-жазушылардай өлең жазып жүре берсем мұндайға қолым қалай жетпек?! Енді бүгін желтоқсанщыларды  жақтағандай мәтін оқысам, Колбиннің бетіне қалай қараймын? Оны мадақтап поэма, бірнеше өлең де жазған едім,..– деп күмілжіді Мұхтар. – Осы, құрығыр, «желтоқсан» мәселесіне жоламай-ақ, анау Арал теңізі туралы айта берсем қайтеді, а?

– Әй, Арал-Маралды қоя тұр! Желтоқсандағы бүлік Қазақстанда саяси қозғалыстар құруға ұласып кетпеу үшін халықтың «буын шығару» мақсатында экологиялық ұйымдар құруды Колбинге тапсырған мен болатынмын. Өйткені, «КСРО-да қаржы жоқ» дегенше: «ядролық полигонды жергілікті халықтың талап етуімен жаптық» деу абыройымызды сақтап қалады емес пе!? Ал Арал теңізінің суы соңғы екі мың жылда үшінші рет тартылып отырғанын білмеуші ме едің? Экологияны жырлатып өзіңді жарнамалаттық, талай ақша жинадың. Енді, дәл қазір бізге мына мәтінді сиезде оқығаның керек болып тұр, – деді Горбачев. – Ал Геннадиіңді ертең қызметтен босатамын, қорықпа одан!

– Қазақстанда сені он орайтын Хамит Ерғалиев, Қадыр Мырзалиев деген ақындар тұрғанда не үшін Мәскеуде кешіңді ұйымдастырып сені жарнамалағанымызды енді түсінген боларсың? – деді Крючков Шахановқа,

– Олай болса, жарайды, оқиын мәтінді, – деді Шахановқа енді өң кіріп.

– Іс мұнымен аяқталмайды, – деді Горбачев, – «Метель» операциясын сынақтан өткібек болып өзіміз бүлдіргендіктен, екі жыл өте желтоқсандықтарды түрлі жолдармен түрмеден босата бастадық. Қазір  қамауда тек сегізі қалды. Бостандыққа шыққандары Алматыда «Желтоқсан» атты ұйым құрып, «оқиғаның шындығын ашпақ» көрінеді. Мұның алдын алу үшін 1986 жылғы оқиғаны тексеретін комиссияны өзіміз құрамыз да, сені басшы қыламыз. Комиссияға елден түсетін дерек-айғақ, арыздарды мына Крючковтің Алматыдағы мекемесіне, жаңа  басшың Нурсалтанға көрсетіп барып жария етесің. Ұқтың ба?

– Ойба-ай! Бұл шаруа қолымнан келе қояр ма екен? Көтерілісті зерттейтіндей мен заңгер емеспін, ақынмын ғой, – деді Шаханов шоршып.

– Оттама! Эколог болмай-ақ «Арал қорын» ашып талай ақша жинадың ғой! Бұл іс теңізді сумен толтырудан әлдеқайда жеңіл. Міне, Нурсалтан, мамандығы пештің күлін көсеуші болсадағы  мемлекет басқарамын деп отыр ғой қорықпастан, – деді Горбачев. – Саған біз Желтоқсан оқиғасының шындығын аш деп тұрған жоқпыз, тек сотталып келгендер керек еместі қазбаламауы, көтеріліс тақырыбымен елді оятпауы үшін бір-екі жыл халықты алдарқата тұрсаң жетіп жатыр. Әлгілерге «Ау, оқиғаны тексеруді мына сүйікті ақындарыңа тапсырдық қой, енді шуламай нәтижесін күтейік те!» десек тынышталады. Сөйтіп Желтоқсан мәселесін зерттеуді сиыр құйымшақтандырып барып, «су аяғы – құрдым» қыламыз. Ұқтың ба? Ал осы қызметің үшін біз, көтеріліске қатыспақ түгіл ол кез Қазақстанда да болмаған, алаңға шыққандарды ғайбаттап пленумда сөйлеген сені «№1 желтоқсаншыл батыр» етіп жарнамалап, ел құрметіне бөлейміз, БАҚ-тардан түспейтін, көшедегі әр ит танитын «тұлғаға» айналасың, талай шапан киесің, тоқол аласың, есеп-шотыңа өмір бойы қомақты ақша түсіп тұрады. «Ақша болса қалтаңда, талтаңда!..» деуші ме еді?! Арқаңда біз тұрсақ, есеп-шотыңда мол ақша жатса үнің де өзге қайтаркерсымақтардан батыл, ел  сенердей шығады. Сонда жұрт гипноздалғандай, сен не оттасаң да қол шапалақтайтын болады. Қалай, ә! Бірақ сен дандайсып кетпей:  «емделуге, пәтерақы төлеуге шамам жоқ кедеймін» деп, ішің өтсе де, боғың қатса да «бұл үкіметтің, «үш әріптің» істеген қастандығы!» деп байбаламдай бер. Жұрт қудаланған ақындарды мүсіркегіш келеді. Мына Нурсалтан саған БАҚ-тардың есігін айқара ашып бар жағдайды жасайды, ал қылықтарыңнан халық секемдене бастаса, қалаған мемлекетіңе елші етіп жібере салады.

Мұхтар Шаханов шыбындаған атша басын шұлғып, тек «мақұл, мақұл, мақұл» деп күбірледі. Назарбаев іштей: – Қап! Мына жөйттер мені мына Шакаловқа қызмеші қолбала етіп қойды-ау! Мемлекет басқару оңай емес, біреу мақтар, біреу боқтар. Ал мына алаяқ тек халықты алдаусыратқаны үшін даңқа бөленбекші! Қап, Желтоқсан мәселесін өзім-ақ айтқаным жөн еді», деп іші қазандай қайнағанымен, бұл да Горбачевтің тапсырмасына басын үнсіз шұлғи берді.

Бұл аздай енді Крючков: – Нурике, мына досымызға бұрын КГБ, МВД -да істеген өз адамдарымыздан комиссия құрастырып бер. Ну, ел сену үшін бір аз бөтендерді де тартса болады. Ал егер желтоқсанда сотталғандардың ішінен лидер шықпақ болса, оны «КГБ агенті» деп жала жауып, ел жоламастай қылыңдар. Сотталғандардың ұйымымен аттас тағы бірнеше ұйым құрыңдар, ел кімге сенерін білмей дал болсын. Көтеріліске еш қатысы жоқ біреулерді атаққа ұсыныңдар, сонда өз ара дауласып шілдің боғынша пышырап кетеді өздері-ақ. Сонда жұрт: «Е-е, «батыр» деген желтоқсандықтарымыз мыну шуылдақ па? Нурекемізден құдай жарылқасын!» дейтін болады, ха-ха-ха! Вообшым, екеуің өз ара, біздің «мекемемен» ақылдасып істейсіңдер ғой, – деді екі қазақты арқадан қағып.

– Сонда мен саясатшы болуым керек қой, ә? – деді Шаханов қомданып, галстугін екі-үш қозғап. – Жоға, тәйірі, – деді Крючков, – Саясатшы деген – өзі ойына алған идеяны іске асыру үшін әрекеттер жасайды. Ал сен тек саясатшының рөлін ойнайтын әртіс, шоумэн боласың, то-есть, бірудің идеясын қағып алып аттандап, халық назарын өзіңе аударып, идея авторын далада қалдырасың. Сөйтіп халыққа керек әр іс-идеяны ит-мысық тұмсығын тығып арамдаған астай қылып құнын кетіресің. Біз команда бергенде оны лақтырып тастап, өзгесін айтып бажылдайсың. Опшым, түрлі нәрселер айтып халықты «Ах, ох!» дегізіп таң қалдырар «шоумэн» боласың, бірақ жұртты ешбір іске бастамайсың. Ұқтың ба?

– Е-е, иә, иә, енді ұқтым, – деп ыржалаңдады Мүхтар Шаханов

– Айтпақшы, әлгі комиссияны құрғанда да «атпен жүріс» жасауымыз керек, то-есть,  сезік тумау үшін комиссия төрағасы етіп әзірге өзге бір депутатты тағайындай тұралық. Көп өтпей бір сылтаумен оны босатып, өзің төраға боласың ғой, – деді Горбачев Шахановқа. – Ал күдіктенгендерге: «Арал жайын айтамын» деп Горбачевті алдап сөз алдым» дей сал.

Осы сәт Назарбаевқа Шахановтан өш алудың реті келді-ау деген ой сап етіп: – Иә, иә, күдік тумау үшін мен жұрттың көзінше «КСРО басшысын алдап» Желтоқсан туралы сөйлеген мына Алдаркөсе-Шахановты шапалақпен жақтан бір осып өтсем қайтеді, ә? – деді.

– Е, сөйтсең – сөйт! – деп күлді екі мәскеулік.

– Сонымен, бәрі келісілді. Ендеше кеттік сиез залына! – деп Горбачев орынан тұрды.

Жазған – Желтоқсан көтерілісінің шындығын «О дүниеде» көріп жатқан ақындарың Мұқағали Мақатаев.

Осы жазылғанның шындығын мына деректер растайды:

  1. 1986 ж. Мәскеудегі студент Ербол Байжарқыновтың сұқбатынан: «Петициямызды даярлап, мен шығып оқып беретін болдым. Қағазымды алып микрофонға жеттім. Евтушенко қолымдағы қағазды көрген соң шошып кетті. Мұхтар ағамызда үн жоқ. Сосын әлгі қағаздың көзін құртып, басқаша қимылдауға көштік. Гүл әперген болып, Мұхаңа баруды шештім. Содан, Мұхтар ағайға гүлді беріп тұрып: «Аға, бір-ақ сұрақ қояйын!» – дедім. Ол қолымды қысып алып:  «Бауырым, бауырым! Бәрін білем. Айтпай-ақ, сұрамай-ақ қой! Кешті бұзбашы, жарқыным!» - деп сахнадан түсіріп жіберді» («Қазақ әдебиеті», 27.01.2006);
  2. М.Шаханов, «Желтоқсан эпопеясы» кітабы: «1986 жылы Мәскеуде менің поэзия кешімді өткізу жайлы әңгіме жүре бастады. Ол кезде А.Фадеев атындағы Әдебиетшілер үйінің үлкен залы ілеуде біреу болмаса, ұлт республикалары өкілдеріне тие бермейтін» (51 б.).
  3. Д.Әшімбаев, «Кто есть кто в Казахстане» энциклопедиясының бас редакторы, М.Шаханов жайында: «Или вот есть у нас один поэт. Недавно его довольно справедливо назвали “профессиональным патриотом”. Вроде бы как с пеленок борется за сохранность языка, культуры, традиций. Космополитов не жалует, манкуртов разоблачает - не человек, а песня. Но при этом это тот самый товарищ, который с трибуны XVI съезда комсомола Казахстана в марте 1987 года возмущенно рассказывал следующее: “Образовался новый тип молодых людей, которых я называю условно людьми без корней. Мне пришлось беседовать с участниками декабрьских событий. И те, с кем я говорил, обнаружили примитивное знание родного языка, родной литературы, обычаев, истории и культуры. И вот они-то, подстрекаемые карьеристами и властолюбцами, взяли на себя смелость говорить от имени народа!” («Время» газеті, 11.02. 2010. Кто к нам с добром придет - от добра и погибнет; 16.12.2010, «Крах операции «переемник»).
  4. М.Шаханов өлеңі, 1990 ж.: «Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың...Саған жапқан сол жаланы естіп үнсіз тұрғанша, Керең болып қалмады екен неге менің құлағым!»
  5. Ж.Куанышалин: «М.Шаханов в 1990 году самолично наклеил на бумагу из вырезанных газетных букв устрашающий текст: «М.Шаханов! Как только поднимешь трупы – умрешь совсем от другого повода!» и поднял с его помощью вселенский хай-вай в СМИ об «угрозе» со стороны «неизвестных лиц». В газете «Желтоксан» от 1993 года он был полностью разоблачен в этой постыдной махинации» (Интернет 29.12.2009.).
  6. М.Шахановтың осы байбаламына Х. Қожа-Ахметтің: «М.Шаханов! Если не поднимешь трупы – умрешь совсем от другого повода!» деп пародия жазғанын оқып жазушы М.Құлкенов: «Ай,Хасеке, мұны да біліп қойыпсыз-ау! Шыныменен де, сол хатты Мұхтар Шаханов, мен және марқұм Мұратхан Түйебаев үшеуіміз кабинет есігін іштен жауып алып құрастырған едік», – депті.
  7. Из «Открытого письма» М.Шаханова Председателю КГБ СССР В.А Крючкову: «Об угрозах в мой адрес по телефону я ставил в свое время в известность КГБ, МВД, прокуратуру республики... Но появились новые факты, которые дают мне повод тревожиться за будущее. Несколько дней тому назад я получил угрожающее анонимное письмо, смонтированное из газетных букв» (10.05.1990).
  8. Н.Назарбаев 1986 ж. Желтоқсан көтерілісі туралы: «Сразу же после событий декабря 1986 года в Алма-Ате, спровоцированных националистически настроенными элементами, руководство республики, местные органы власти сумели взять инициативу в свои руки» (Казахстанская правда», 21.10.1989).
  9. Н.Назарбаев: «Какие трагические события? По-моему, нельзя считать, что это было мирная демонстрация. Самое настоящее хулиганство было 18 числа» («Экспресс-хроника» газеті, 15.12.1990);
  10. Н.Назарбаев, «Әділеттің ақ жолы» кітабынан: «Алаңға жиналған халық қалаға қарай бет алған кезде мен тап осындай таңдаудың алдында тұрғанымды түсіндім: не батыл қылық көрсетуге бел бууым керек, не Орталық Комитеттің үйіне жайбарақат қайтып баруым керек. Мұның екіншісі маған халыққа кешірілмес сатқындық жасау болып көрінді – өйткені олардың ісі әділ еді! Мен колоннаның алдында халықпен бірге кете бардым!»;
  11. Хасен Қожа-Ахмет («Голос Республики» газеті,16.12.2011): «В то время я работал музыкальным редактором на Казахском телевидении. Когда я зашел в редакцию коллеги сказали, что люди у трибун выступают против назначения Колбина. Тогда я предложил проверить, действительно ли это так. Мы вышли втроем – музыкальный редактор Жаркын Шакерим, режиссер Ерсаин и я. Обошли этих людей и вышли на трибуну. На часах было 9.30 Вот сейчас говорят, что восстание начала молодежь.Мне тогда 38 лет было. Так знаете, основная масса стоящих у трибун людей была в возрасте 45-50. Причем стояли они уже с транспарантами. За одну ночь в то советское время тайна от КГБ невозможно было организовать такую группу людей, написать столько транспарантов. Нужна была как минимум помощь государственных структур»;
  12. М.Шаханов, «Желтоқсан эпопеясы» кітабы: «КСРО халық депутаттарының І-сиезіне келгенімізге 16-шы тәулікке аяқ басты. Белгілі Грузин режиссері Э.Шенгелияның 1989 ж. 9-сәуірде Тбилисиде болған қанды оқиғаны, армян суретшісі Г.Игитянның Сумғаит шиелінісін, Прибалтика республикалары өкілдерінің «Молотов-Риббентроп» пактісіне байланысты проблеманы көтеруі депутаттар арасында дау-дамайға толы кереғар пікір таласын тудырды. Бірақ әлі бірде-бір депутат 1986 жылғы Алматыдағы  Желтоқсан оқиғасын аузына алған жоқ» (392 б.).
  13. 10. 21.06.2012 ж. Алматы қаласы Бостандық ауд. Сотына арыздан: «Бұзық пиғылды кейбір жандар өздерін «желтоқсандықпыз» деп жариялап, материалдық пайда табу жолына түскені анықталынып.отыр.Олар:
    1). Жүніс Гүлбахрам Есмұратқызы – 4 түрлі жалған құжат жасап, «Қуғын-сүргін құрбаны» ретінде «ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалін, Алматы қ. әкімдігінен 2 бөлмелі пәтер,т..б. заттай сыйлықтар алған, «Желтоқсан» деген ұйым құрып отыр...

2). Босманова Үміт – 1986 ж. 18 желтоқсан күні Баскиім фабрикасында істейтін бес қыз алаңда ұсталып, цех жиналысы кепілдікке алмақ болғанда: «Мұндай бұзақыларды соттату керек!» – деп, істерді сотқа тапсыруға ықпал жасаған. Сөйтіп бес қыз 2-3 жыл мерзімдерге сотталған. Бұған қоса ол тергеушілер тапсырысымен осы қыздарға: «Егер мына фотодағы кісіге (Хасен Қожа-Ахметке) жала жапсаңдар, сотталмайсыңдар»,- деп, сатқындық жасауға үгіттеген. Енді Ү.Босманова «Желтоқсан жалауы» деген ұйымды тіркетіп, «желтоқсандық» ретінде үкіметтен заттай сыйлықтар, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалін, т.б. сыйлықтар алып келеді.

3). ӘлжановТөлеген – 1986 жылы милиция капитаны болған ол 17-18 желтоқсанда Алматы алаңына взвод басқарып барып, халықты сабағаны үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталған. 1990 ж. «Шаханов комиссиясына» қатысу арқылы өзін «желтоқсаншы» деп жариялап, «Желтоқсан жаңғырығы» деген ұйым тіркетті. Содан бері БАҚ арқылы, оқу орындарына барып жастарға «патриоттық тәрбие беру» әңгімелерін айтып жүр.

4). Шаханов Мұхтар – 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі күндері Мәскеуде ақындық кешін өткізіп жүрген. Студент Е.Байжарқынов Алматыдағы қан-жоса қырғын туралы хабарламақ болғанда М.Шаханов: «Кешімді бұзады!» - деп, оны КГБ-ға ұстаттырып жіберген. Үш жылдан соң өзгеріп, «желтоқсандықтарды қорғаушы» бола қалған. Бірақ оларды «КГБ-нің агенттері болған» деп өсек таратып, ал өзін жарнамалап, көтерілісті шапан кию, ас жеудің «Шаханов-шоуына» айналдырып, «зерттеп, шешіп» келеді...(Арыздарды ҚР соттары қараудан бас тартты).

1.ҚР Жазушылар одағының 12.03.2018 ж. Құрылтайында сөз алған ақын Мұхтар Шаханов Нұрлан Оразалинді “Қоразалин” деп атады: «Оразалин ұлттық мүддеге келгенда Қоразалин болмады. Тауықәлин, Шөжалиннің деңгейінде самғады». «Ұйқасты мен де сізге айтайын, Маған екі, үш жыл бұрын хат келді. “Шаханов, Шакалов” деген. Сіздер елді сыйлаңыздар, ағайын. Менің әкемде, менің атамда ешқайсыңыздың шаруаларыңыз болмасын». – деді Нұрлан Оразалин (Qamshy.kz ақпарат агенттігі).

2.«Мұхтар Шахановтың ұлт қайраткерлеріне қатысты мәлімдемесі көпті елең еткізді. Ақын Мұқағали Мақатаевты «Жұқағали Бұқатаев» деп, Мағжанның өліміне Мұхтар Әуезовтің де кінәсі бар деп келтірген жырларын жариялады. Ал, Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған дейді. Көпшілік болса, Шахановтың аруақтарды бұлайша қорлауы дұрыс емес деген пікірде. Шахановтың мәлімдемесін ауыр қабылдағандардың бірі - Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова. Ол атасын Мұхтар Шахановтың «ұлт туралы, тіл туралы үн қатпады» дегенімен еш келіспейді. 1990 ж. М.Шахановтың сенімді көмекшісі болған желтоқсандық Ерлан Декелбаев: «Жалғыз Мұқағали емес, Жамбыл емес, біраз желтоқсаншыларға да тиісетін болды. Мені сатқын қылды, Хасен Қожа-Ахметті «кгбшник» қылды. Басқаларды тағы бірдеңе қылды. Не дәлелі жоқ, біз түсінбей жатырмыз Мұхтар ағаны!»( 31 телеарна.Информбюро,03.04.2018:).

3.Х.Қожа-Ахмет: «Бұл сөздерді М.Шаханов өзін «күрескер жеке-батыр» етпекке күшеніп толғатып-туып жатыр. Ал мен 1970 жылдары тәуелсіздік, тіл, экология мәселелерін жазып сотталып жүргенде М.Шаханов өзі қайда болды?! «800 жазушының 8-і ғана күрескер» дейді Шаханов. Ал қазір де мен оған «бірге күресейік» десем, жоламай, жолатпай қашатын өзі ғой. Өлгендерді сынағаннан қазіргі халыққа не пайда? М.Шаханов, мықты болса, бүгінгі «тірі өліктер» кімнің«туфлиін жалап жүргенін» ашық неге айтпайды?


Хасен Қожа-Ахмет,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер