Мұнайға байлану және жағырафиялық қақпан

2235
Adyrna.kz Telegram

Бабаларымыз әлімсақтан бері осы жерді мекендегенде, әрине олар 21-шы ғасырда ұрпақтары әлемдік мұхитқа шыға алмай, сауда эмбаргосына тап болып қиналарын білген жоқ. Егер білсе, мәселені (мүмкін Иран арқылы) бірдеңе қылып шешер еді.

Қазақстан - жағырафиялық қақпанның классикалық үлгісі. Жеріміз кең-байтақ, тағы басқа деп мақтанғанымызбен, егер практикалық тұрғыда қарасақ, экономикалық өсім үшін бұл өте ыңғайсыз жер екенін мойындау керекпіз. Теңіз порттарынан алыстамыз, бізге қыста қатып қалмау үшін орасан энергия генерациясы керек, көктемгі су тасқыны жыл сайын қаржылық шығын әкеледі, қалалар бір-бірінен алыс болғандықтан логистика қымбат, жаздағы қуаншылық салдарынан дәнді-дақылдар аз жиналады. Қазақстан геосаяси жағдайға түбегейлі байланған ел екенін қазіргі жағдай жақсы көрсетіп берді. Кез-келген көрші ел, әлемдік қауымдастық болсын, біздің қаржылық жағдайымызға оңай ықпал ете алады.

Ресей ашқан соғыс қазірдің өзінде бізге 300 миллиард теңге шығын әкелді. Егер КТК терминалындағы "жөндеу" жұмыстары енді бір айға созылса, онда тағы қосымша 300 миллиард теңге жоғалтуымыз мүмкін. Биыл бюджет дефицитін жабуға Ұлттық қордан 4 триллион теңге алып отырмыз. Сондықтан, биылдан бастап Қордағы қаржының азая бастау процессі басталуы ықтимал. Басты сұрақ - біз оны тоқтата аламыз ба? Дәл қазір осы сұрақтарға ешкім жауап бере алмайды.

Егер Ресеймен барынша келісейік десек, АҚШ-тың дауысы қатаңдап келе жатыр. Жанет Иеллен нақты сигнал берді, оның бізге де қатысты екені түсінікті.

250 жыл бойы жұмыс істеп келген Абылай Хан стратегиясы (соңғы 30 жылда "көпвекторлы" деген атауға ие болғаны бар) енді бізге көмектесе ала ма?

Наурыз айынан бері макроэкономикада риторикалық сұрақтар көбейді. Себебі, бұрын біз иек артатын математикалық модельдерден еш пайда жоқ. Қазір тіпті сандар, есептеулер, статистика да ештеңені болжауға көмектесе алмайды. Аналитиктер үшін "дәрменсіздік" фазасы басталды. Экономиканың саяси шешімдерге тәуелді екенін анық көрдік.

Мұнай нарығында дәл қазір біз Ресей үшін артық бәсекелес болып отырмыз. Оларға мұнай бағасының қымбаттағаны керек. Осы жолда біздің мұнайды нарықтан ығыстыру, болмаса жартылай қысу жалпақ жарияланбаса да, астыртын жүріп жатқаны рас. Ол сонымен бірге, Ресейдің бізге қатысты келіссөздердегі позициясын күшейтеді.

Биыл көп қаржы жоғалтамыз ба? Ия. Нақты қанша? Ешкім білмейді. Келесі жылы ше? Ол да белгісіз. Демек, биыл біз стагнациядан белгісіздік кезеңіне өттік. Менің ойымша, бұл ең нашар уақыт.

Айбар Олжаевтың фейсбуктағы жазбасы

Пікірлер