Ұлытау облысы туралы жергілікті мәслихаттың шешімдері қаншалықты заңды?

4025
Adyrna.kz Telegram

Ұлытау облысын құру туралы Президент бастамасын аймақ халқы қуана қабылдады. Бұл көптен бері айтылып жүрген мәселе еді. Президент " Ұлытау облысы бұрынғы Жезқазған облысының аумағында құрылады" деген. Алайда Қарағанды облыстық мәслихаты 2022 жылғы 15 сәуірде сессия өткізіп, Қарағанды облысынан Ұлытау облысына Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарын беру туралы Үкіметке ұсыныс енгізді.

Ұсыныс қандай негізде жасалды? Бұл туралы ашық ақпарат берілмеді. Облмәслихаттың сессиясы қарсаңында асығыс түрде Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңарқа аудандары мәслихаттарының сессиялары өткізіліп, бұл сессияларда аталған аудан, қалаларды жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамынан енгізу туралы ұсыныс жасау жөнінде шешімдер қабылданды. Ал, жергілікті мәслихаттардың осындай шешімдер қабылдауы қаншалықты заңды? Меніңше, бұл ешқандай заңға сай келмейді. Бұл -бір.

Екіншіден, қазіргі Қарағанды облысының басшылығы территорияны бөлмес бұрын мың ойланып, жүз толғануы керек еді. Президент Жолдауындағы Ұлытау облысын құру туралы бастаманы қалай жүзеге асыруға болады деген мәселе төңірегінде халықпен кездесу, тиісті түсінік жұмыстары жүргізілмеді. Облысты бөлу КарУ ғалымдарының ешкім білмейтін әлдебір сарапатамасына сүйеніп жасалғаны айтылады. Сол сарапатама неге халыққа жария етілмейді?

Үшіншіден, Ақтоғай, Шет аудандары мен Балқаш қаласы Жезқазғаннан қашықта орналасқандықтан халықтың қатынасына қиыншылық тудырады деген бос сөз. Өйткені, ешкім күн сайын облысқа шапқылап жатқан жоқ. Цифрландыру саясаты не үшін жүргізіліп жатыр?

Төртіншіден, Қарағанды облысындағы 1,5 млнға жуық халықтың жаңа облысқа ауысатын бөлігі небәрі 200 мыңнан сәл ғана астамын құрайды екен. Көптеген мемлекеттік құрылымдар халық санына байланысты түзілетінін ескерсек, сонда олар қалай жасақталады? Мысалы,жаңа облыстық мәслихатта небәрі 10 депутат болады екен. Осы дұрыс па?

Бесіншіден, Ақтоғай, Шет, Балқаш қашық болса, облыс басқа жолдарын қарастыруы керек еді. Мысалы:

1.Нұра ауданының Ұлытауға жақын ауылдарын және Шұбаркөл кенішін Ұлытау ауданына қосып, Ұлытаудың құрамындағы бұрын Жезді ауданына қараған ауылдарды қайта бөліп шығарып, оған Жезқазған қаласының құрамындағы үш ауылдық округті де қоса отырып, жаңадан Ұлытау және Жезді аудандарын құруға болар еді.

2.Шет ауданының құрамына қосылып кеткен бұрынғы Ағадыр ауданын толық қалпында қайта құрып, Ұлытау облысының құрамына беруге болар еді.

3.Балқаш пен Жезқазған тығыз өндірістік қарым -қатынаста екенін ескеріп Балқашты міндетті түрде Ұлытау облысына қосып, халыққа ыңғайлылық тудыратын жағдайларды қарастыру керек еді.

4.Сонда Ұлытау облысында 300 мыңның үстінде халық, 4 аудан, 4 қала , бірнеше поселкелер пайда болатын еді.

5. Бұрынғы Торғай облысының бірнеше аудандары мен Арқалық қаласын жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамына қосуға мүлде болмайды. Бұл жағдайды одан әрі төмендетеді. Өйткені, Торғай да, Жезқазған да әбден тозығы жеткен өңірлер. Оларды бір -біріне қосып өңірді көтеру ақылға сыймайды.

Абдолла Дастанов,
"Шындық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
"Аймақ ақшамы" газетінің бас редакторы.
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Пікірлер