Мария Рекина – қыр қазағына ғашық болған орыс қызы

2774
Adyrna.kz Telegram

Ақмола өңірі қазақ жігіті Дүйсен мен орыс қызы Мәрияның арасындағы махаббат тарихын мәңгі бақи естеріне алып отырады. Қазақтар орыс қызын Мәриям Жагорқызы (Мария Егоровна) атаған 

Мария Рекинаның балалық шағы.

Мұрағат деректері бойынша, Марияның ата-анасы Ақмола өңіріне Ресейден ХІХ ғасырдың 70-жылдары Егор Рекин (басқа мәліметтерде – Рыкин, Рекин – авт.) отбасымен Нұра өзенінің бойына көшіп келген. Егор мен оның отбасына Нұра өзенінің жағасы қатты ұнап қалады. Нұраның оңтүстігіне қарай жағалай отырып, олар Қазоты көліне келіп тоқтайды. Көлінде балығы тулап, жағасында қыр құстары жөңкіле қалықтаған көлдің  жағасы ерекше сұлу еді.

Бұл көлдің жағасында олар қамыстан күрке тігеді. Көлдің арғы бетінде арғын тайпасының қуандық руы көшіп қонып жүрген болатын. Жергілікті тұрғындар бейтаныс адамдарды көріп ерулікке қонаққа келе бастады. Жергілікті тұрғындармен сөздері жарасып, ол таныстықтары достыққа ұласа бастады. Қазақтар оларға жағдай жасап, ауылдарына шақырып бұрын-соңды тұрмыста пайдаланып көрмеген киіз үй мен мал берді. (Бүгінгі күні Астанаға жақын маңдағы Қорғалжын ауданында орналасқан).

Қазақтармен қарым-қатынастың қажеттілігі және олардың шын адал ниеттері оларға жергілікті халықтың тілін, әдет-ғұрпы мен салт дәстүрін тез сіңдіріп алуға жағдай туғызды. Тіпті олар қазақшаны тез-ақ меңгеріп қана қойған жоқ, мақал-мәтелдерді айтатын болған.

Ақмола жерінде біртіндеп тұрмыстары түзеліп, Егордың әйелі Елизавета 4 ұлды (Павел, Максим, Фёдор және Алексей) дүниеге әкелді. Жергілікті қазақтар балаларын өздерінше атап кетті. Мәселен, Павелды – Пашке, Максимды – Максум, Фёдорды – Щёдор, Марияны – Мариям және т.б.

Балалар жергілікті қазақ балаларымен ертеден кешке дейін ойнады, қазақ киімдерін киді, ат үстінде жүрді. Қазақ ойындары мен сайыстарына қатысты. Қазақ балаларымен қазақша еркін сөйлесіп кетті.  Қымыз, айран ішіп, жылқы мен қой етін жегенді жақсы көрді. Біраздан соң қазақша әнді де тәп-тәуір айтатын болды.

Әсіресе, 1895 жылы туған Егордың кенже қызы Мәриям ерекше көзге түскен. Оны ауылдың және жақын елді мекенінің барлық тұрғындары жақсы көріп кеткен болатын. Әсіресе ол қазақтың халық әндерін орындағандағы күміс көмей дауысы бәрін таңғалдыратын. Көп кешікпей, Мәриям қазақ әндерін өзі де шығара бастайды.

Қазақ жігіті мен орыс қызының махаббаты. Дарынды, әрі сұлу «Мәриям» қызды көруге уездегі шалғай ауылдардан жас жігіттер келе бастайды. Орыс қызына қазақ жігіті Дүйсен Үкенұлы ғашық болады. Қазақ салты бойынша жеңгелері есімін тікелей атамай Дүйсенді еркелетіп Дударай атап кеткен. Дударай ауылы Ашыкөл көліне жақын маңда болған екен.

Орыс қызы да қазақ жігітін бірден ұнатып, жастардың бір отырысынан кейін олар қол ұстасып, жүрек түкпіріндегі махаббаттарын бір-біріне жеткізді. Әнді бірге шырқаған кездері аз болмаған. Олардың арасындағы достық керемет махаббатқа ұласқан.

Әйгілі «Дударай» әнінің өмірге келуі. Қазақ халқының салты бойынша, басқа ұлттың қызына үйленуге тыйым салынған. Шариғат ондай қадамды құптамайды. Мұндай жағдайлар қоғамда бұрын-соңды орын алмаған. Жергілікті дін қызметшілері – молдалар мұндай тосын таңдауға үзілді-кесілді қарсы болды. Осылай екі жылдай уақыт өтті. Көктем мен жаз және күзгі уақыттарда Дударай ауылы Мәрияның үйінен өте алыс қашықтыққа көшіп кеткеннен кейін жағдай одан да бетер қиындай түскен. Жастар бірін-бірі айлап көрмеді. Көп ұзамай қыз ғашығына арнап ән шығарды:

Мариям Жагор деген орыс қызы,

Он алты, он жетіге – келген кезі,

Қазаққа Дудар деген ғашық болып

Сондағы Мариямның айтқан сөзі:

Дударари-дудым  Бір сен үшін тудым!

Шіркін-ай, Дударайым, дудым-ай!

Сөйтіп, «Дударай» әні өмірге келеді, бұл шығарманы халық Мәриям шығарды деп есептейді. Дударай Дүйсеннің еркелеткен есімі («дудар» - бұйра шашты). Мәриямның өмірі мен қызметін зерттеуші ғалымдар әннің сөзін жазған негізгі автор, жас ақын – Дүйсеннің досы Үлебай болса, ал әнін жазған әйгілі композитор Сатмағанбет Ахметов деген дерек келтіреді. Белгілі этнограф, қазақ әндерін жинақтаушы А. Затаевич бұл әнді Мәриям жазды деген мәлімет келтіреді.

Айтпақшы бұл әнді, 1927 жылы Парижде өткен ЭКСПО-да әйгілі қазақ әншісі Әміре Қашаубаев орындап, француз тыңдармандарын баурап алған болатын.

Біртіндеп бұл өлең қазақтар тұратын барлық өңірде Ресейде, Моңғолияда, Қытайда айтыла бастады. Бұл әнді жиі-жиі Егор Рекиннің асыранды ұлы, кезінде кеңес өкіметі тұсында Ақмола облысы, «Қызыл Ту» колхозының төрағасы болған Акымжан Назаров жиі орындаған.

Қос ғашықтың шиеленіске толы өмір сынақтары және ғашықтардың бас қосуы. Мәрияның ата-анасы қызын көрші орыс селосындағы бай адамға тұрмысқа бермекші болып, құдалықты күтіп отырған. Өзінің теңі емес, өзіне ұнамаған адамға тұрмысқа шыққысы келмеген ол Дудараймен-Дүйсенмен бірге далаға қашып кетеді. Олар көптеген қиыншылық пен тауқыметті бастарынан өткереді. Біраз уақыт бойы өзен бойын, қамыс түптерін тасалап, екі жақтан да келген қуғыншылардан қашып жүреді. Екі жастың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын көзбен көрген ата-аналар қол ұстасып бірге өмір кешуге рұқсаттарын береді. Замандастарының айтуынша, ол ауылдағы ең жақсы келіндердің бірі болған. Ауыл ақсақалдарының батасын алып отырған. Мәрия ислам дінін қабылдап, нағыз қазақ қызы атанды. Қазақтың дәстүрлі киімін – ақ кимешек пен камзол киді. Өлең шығарып, домбырада еркін ойнап, ән айтқан.

Кейінірек ол өте салиқалы парасатты әйелдердің бірі болған. Оған үлкен кіші алыс жол жүрерде ақыл-кеңес сұрай келген. Жастар Мәрияның батасын да алған. Айта кетер жайт – орыс отбасында Мәриядан кейінгі басқа балалар да қазақтармен отбасы құрған.

Ғашық адамынан айырылу. 1914 жылы Марияның төрт бауырын әскерге алып кетеді. Ол енді ұзақ түндерді күйеуі мен майдангер бауырларына арнап жаңа «Айсәулем» әнін шырқаумен өткізеді. Дүйсен өзі тәрізді мыңдаған отандастарымен тыл жұмыстарына кетеді. Көп ұзамай ол өкпе ауыруына ұшырап, қайтыс болады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жылдарында айналада соғыс жүріп, қан төгіс қырғын үсті-үстіне келіп жатқан оқиғалардың арасында ол біраз уақыт бойы ән айтуды тоқтатқан. Кейінірек ол екінші рет тұрмысқа шықты. Сапарбек, Сайлаубек, Рысалды және Мүслима деген балалары дүниеге келген.

Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында әрбір екінші шаңыраққа қара қағаз келіп жатқанда, ол өзінің әні «Дударай» әнін қайта шырқап, қайғылы жандарын бір серпілтіп тастап отырған деседі.

Мәриям Жагорқызының шығармашылығына жоғары баға беру. Қазақ мәдениетінің ірі өкілдері М. Әуезов, С. Мұқанов, К. Бекхожин Мәриямның дарынын жоғары бағалап, Алматыға шақырады. Жоғары орындаушылық шеберлігі мен әйгілі жазушылардың қолдауымен ол «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атанады.

Әйгілі сазгер-этнограф А. Затаевич 1920 жылы «Дударай» әнінің ондаған нұсқасын көшіріп жазып, осының негізінде кейінірек әйгілі Е.Брусиловскийдің «Дударай» операсының тууына негіз болады. Ақын әрі фольклоршы Х. Бекхожин Мәриямның көзі тірісінде Мәрия мен Дүйсенге «Мариям Жагорқызы» атты поэмасын арнаған.

1952 жылы Тың игеру басталар алдында Мәриям дүниден озды. Оны мәңгілік мекенге шығарып салуға бүкіл аймақтан адамдар ағылып жатты. Ол небәрі 58-ақ жаста еді. Ол Астанадан 80 шақырым жердегі, Сабындыға жақын, Мыңшұңқыр деген жерге қойылды. Бүкіл өмірін ол махаббатына арнаған. 1980 жылы жерлестері фольклорлық «Дударай» ансамблін құрып, Қазақстаннан тыс аймақтарға өнерлерін көрсетіп отырған. 1962 жылы Мәриямның құлпытасы қайта жаңартылды. 2011 жылы жергілікті кәсіпкер Серік Рахымбеков мәрмәр тастан жасалынған құлпытас қойды. 2013 жылы жас әнші Тасқын «Дударай» әнін Қытайда өткен конкурста орындап халықты таңқалдырған болатын. Әсіресе Ақмола өңірінде өтетін тойларда «Дударай» әні міндетті түрде орындалады.


Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ

e-history.kz

Пікірлер