Әлемде 18 млн адам аштық зардабын тартуы мүмкін

1959
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Украинадағы соғыстан Африка елдері қатты зардап шекті. Құрлыққа импортталатын бидайдың шамамен 40%-і Ресей мен Украинадан тасымалданады. Қалыптасқан жағдайға байланысты Африка одағына төрағалық ететін Сенегал президенті Ресейге келіп, Владимир Путинмен астық пен тыңайтқыш жеткізу бойынша келіссөздер жүргізді.деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "24.kz"-ке сілтеме жасап.

 - Африка гуманитарлық көмек сұрап отырған жоқ. Бізге сауда-саттық керек. Біз бидайды сатып алуға қауқарлымыз. Бірақ бұл бағытта кедергілер болмауы тиіс, — дейді  Сенегал президенті, Африка одағының төрағасы Маки Салл.

Владимир Путин астық тиелген кемелердің Африкаға еш кедергісіз жіберілетінін айтты. Алайда Кремль басшысы ол үшін Украина өз кемежайларын минадан тазартуы керек дейді. Айтуынша, әлемдік нарықтағы қиындықтар пандемия кезінде басталған. Яғни бұл бұрыннан бар мәселе екенін еске салды.

 - Украинадан өзге елдерге астық алып шығаруға біз кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Оны тасымалдаудың бірнеше жолы бар. Мәселен, Одесса секілді Украина қарулы күштерінің бақылауындағы кемежайлар арқылы неге шығармасқа? Онда барар жолдарға жарылғыш заттар қойып тастаған біз емес қой. Сондықтан тағы да айтамын - миналар залалсыздандырылсын. Ал біз өз тарабымыздан кемелердің халықаралық суда қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етеміз, — деді Ресей Президенті Владимир Путин.

Украина жағы Одесса кемежайынан экспорттың қайта жандануына қажетті жағдай жасауға дайын екендерін айтады. Алғашқы қадам ретінде Киев Мәскеуден тақау маңдағы әскерін әкетуін және шабуыл жасамауға кепілдік беруін талап етіп отыр.

- Ресей өкілдері Украинаны айыптап отыр. Олар Африкадағы аштықты Украинадағы қарулы қақтығыстың басталуымен емес, Батыс елдерінің санкцияларымен байланыстырып отыр, — дейді  Украинаның бұұ жанындағы тұрақты өкілі Евгения Филипенко.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, астық құнының мамырдағы индексі кейінгі 14 жылда болмаған көрсеткіштерге жеткен. Бидай осымен төрт ай бойы қымбаттап келеді. Сарапшылардың айтуынша, соғыс жалғасып, Украина мен Ресейден бидай, жүгері мен сұйық майдың экспорты қысқарса, жыл соңына дейін әлемде 18 млн адам аштық зардабын тартуы мүмкін.

 

 "Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер