Си Цзиньпин Тоқаевты құттықтады

3519
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақмерзімді, жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы күзде елімізге жоспарланған мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін береді деп үміттенетінін жеткізді.

– Биыл – өте маңызды жыл. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Қытайда коммунистік партияның ХХ съезін өткізу жоспарланған. Алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер біздің стратегиялық серіктестігіміздің жылнамасына ерекше оқиға ретінде жазылады, – деді Президент.

Ван И Қасым-Жомарт Тоқаевқа Си Цзиньпиннің сәлемі мен еліміздегі жалпыұлттық референдумның табысты өтуіне байланысты құттықтауын жеткізді.

– Референдум нәтижелері мемлекетті жан-жақты жаңғырту үшін Сіздің басшылығыңызбен қабылданып жатқан шараларды ел азаматтарының барынша қолдайтынын көрсетеді. Мұның жаңа Қазақстанды құру үшін зор мәні бар, сондай-ақ елдің келешек дамуының берік негізін қалыптастырады, – деді Қытай Мемлекеттік кеңесінің мүшесі.

Қытай министрі екі ел көшбасшыларының дана басшылығының арқасында ҚХР мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынастары үлкен өмірлік күшке ие болатынын атап өтті.

– Төраға Си Цзиньпин Сізбен арадағы жеке достықты және өзара сенімді жоғары бағалайды. Жаңа Қазақстан құру жөніндегі бастамаңыз Сіздің даналығыңыз бен батылдығыңызды көрсетеді. Біз Сіздің бастамаларыңыздың сәтті жүзеге асырылуын толыққанды қолдаймыз, – деді Ван И.

Пікірлер