18 жастағы студент Каспий теңізіне батып кетті

2562
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысында 18 жастағы студент Каспий теңізіне батып кетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

7 маусым күні кешкі сағат 16.20 кезінде құтқару қызметіне Ақтау қаласы Самал-2 ықшамауданында теңіз жағалауында бір адамның суға кеткені туралы хабар түскен.

«Суға кеткен адам – 2004 жылы туған Бейнеу ауданы Боранқұл ауылының тумасы. Бозбала Маңғыстау өнер колледжінің 1-курсында оқып жүрген, сол оқу орнына қарасты №5 жатақханада тұрған. Қазіргі уақытта марқұмның денесін іздеу жұмысы жүріп жатыр», – дейді Ақтау  қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы азаматтық қорғаныс тобының офицері, аға лейтенант Азамат Төлегенов.

ТЖД мәліметінше, жастар жағалауда TikTok желісіне арнап видео түсіріп жүрген.

Үшеуі теңізге секірген, екеуі жағаға жүзіп шыққанымен үшінші жігіт суға батып кеткен.

Іздеу жұмысына 15 құтқарушы және екі сүңгуір тартылған.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер