Боливияның экс-президенті 10 жылға бас бостандығынан айырылды

3536
Adyrna.kz Telegram
Фото: ria.ru
Фото: ria.ru

Боливия астанасы Ла-Пас қаласының соты осы елдің бұрынғы президенті Жанин Аньесті 10 жылға бостандығынан айырды. Сот Аньесті "билікке заңсыз жолмен келді, Боливия азаматтарын бүлікке тартып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" айыптады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттыққа" сілтеме жасап.

Бұл айыптау 2019 жылдың қарашасында Боливияда болған дағдарысқа байланысты болатын. Ресми мәліметке қарағанда, 2006 жылдан Боливия президенті болып келе жатқан Эво Моралес президент сайлауында жеңген. Алайда мыңдаған адам қарсылық акциясына шыққан соң, Моралес өкілетін өткізіп, елінен қашып кеткен. Боливия басшылығы жаппай отставкаға кетіп, Сенаторлар палатасы төрағасының екінші орынбасары болып отырған Аньес өзін Боливияның өтпелі кезеңдегі уақытша басшысымын деп жариялаған.

2020 жылы қазан айында қайта сайлау өтіп, Моралестің серігі Луис Арсе жеңіп шыққан. Одан небәрі бес айдан кейін Аньес пен серіктері қамауға алынып, оларға "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылған.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Аньестің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын "Боливия билігінің адам құқығын кезекті рет таптағаны" деп атаған, бірақ Аньес үкіметі де "қарсылық акциялары кезінде адам құқықтарына нұқсан келгенін жеткілікті тергемегенін" мойындаған.

Аньестің өзі мен жақтастары "билікке заңды жолмен келдік" деп есептейді. Экс-президент "саяси қуғын-сүргінге түстім, заңсыз сотталдым" деп санайды.

"Өзімді соттап отырған сотқа өзімді кіргізбеді. Әлгі қорқақ қашып кеткен соң оның міндетін мойныма алып, Боливияның заңды президенті болдым, солай қала беремін ", – дейді Аньес.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер