ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ: Жаңаның басы...

3435
Adyrna.kz Telegram

Осыдан тура үш жыл бұрын, 2019 жылы 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскен еді. Сынаққа толы осы күрделі кезеңде өткен отыз жыл таразыланып, ауқымды реформалар мен бүкіл халықтық референдум арқылы жаңа дәуірдің парағы ашылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау» деген еді. Президент сөзінде тұрды! Қоғамда қордаланған, елді алаңдатқан, алаңға алып шыққан, көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелердің түйінін реформалар арқылы тарқатып берді. Осы жолда тағдырлы шешімдер қабылдап, бар жауапкершілікті мойнына алып, табандылық танытты. Сондықтан ел болашағы таразыға түскен тарихи таңдауда халық заң үстемдігі салтанат құратын құқықтық мемлекетті, ашық, азаматтық қоғамды, демократиялық республиканы – әділетті Қазақстанды жақтап дауыс берді. Реформалардың қорытындысы іспетті референдум да сетінеген сенімді қайта қалпына келтіріп, елді тәуелсіздіктің төңірегіне топтастырды, ұлтты ұйыстырды. Халық өзгерістердің куәгері емес қозғаушы күшіне айналды, сол арқылы ортақ жауапкершілікке ие болды. Қуатты мемлекеттің бастауы бірлігі бекем, біртұтас халық екенін ескерсек, бұл маңызды қадам.

Әкімшілік ресурстар қолданылмай, даңғаза даурықпадан ада өткен референдум халықаралық стандарттарға, демократиялық талаптарға сай өтті. Сайлау уческелеріне келген халықтың белсенділігі мен  көңіл күйі жоғары болды. Әдетте түйткілді жайттарға салқынқанды қарап, сын айтатын беделді байқаушылар да әділ бағасын берді. Бас құжат байыптылықпен бекітілді. Халық таңдау құқын жасады. Көмбіс мінез, көне дағдымен кете бермей сергек ұстаным танытқан азаматтар қоғамды серпілтуге, сындарлы саяси плюрализм орнауына айтарлықтай үлес қосты. Бұл – елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастағанын көрсетті.

 

Жалпы кез келген сайлау сандығы халықтың билікке деген көзқарасын білдіретін, қолдауын өлшейтін барометр қызметін атқарады. Бұл тұрғыдан алғанда сандыққа келіп, қарсы дауыс бергендердің де ойына құрметпен қараған, одан сабақ алған жөн. Өйткені қоғамда буырқанған алуан түрлі пікірталастарға төреші мен таразы болатын сайлау сандығы – азаматтық қоғамның алғышарты. «Сайлау – бұл қатысушылардың ғана пікірі жеңіске жететін жарыс» деп текке айтылмаса керек. Сайлау сандығы – мандат бастауы. Сондықтан әр азаматтың көзқарасына, сандықта дауысқа салынып жеңіске жеткен көпшіліктің шешіміне құрметпен қарау кембағалдықтан айыққан кемел қоғамның болмысы.

Сингапур кереметінің авторы Ли Куан Ю «Мықты елдерде элита өзгелерге өнеге көрсетіп заңды алдымен өздері орындайды, ал әлсіз әлжуаз қоғамдарда элита заңды бұзады» деген екен.

Президент Тоқаев осы қағиданы қаперде ұстаса керек, саяси реформаларды әуелі өзінен бастады. Жақын туыс­тарын билікке әкелуге тыйым салып, партия төрағалығынан бас тартты, президенттік биліктің жекелеген тармақтарына шектеу салып, оңтайлы өзгерістерді жүзеге асыруда өзі өнеге көрсетті. «Тура биде туған жоқ» екенін айқын аңғартты. Жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, шетелге заңсыз кеткен қаржыны қайтаруға арнайы комиссия құру, олигархтардың үстінен іс қозғалып, тергеуге алынуы да халықтың сенімін еселей түсті.

Елімізбен дамуы тұрғылас, тұғыры межелес елдерде референдумдар әдетте биліктің өкілеттілігін күшейту мақсатында өткізіледі. Өйткені экономикалық реформаларды тұрақты жүргізу үшін биліктің құзыреті қуатты болуы керек дейді. Алайда бұл жүйенің мемлекет пен оның игілігі халыққа емес, ат төбеліндей азшылыққа иілуіне алып келетіні белгілі. Сондықтан билікті шектеп, азаматтық қоғамды күшейте түсетін бұл референдум аймақтағы демократиялық үдерістер үшін де маңызды қадам.

Халықтың таңдауымен жасалған референдум нәтижесі күшіне енді. Күні кеше ғана облыс әкімдері жаңа Конституцияға сәйкес баламалы жолмен сайланды. Олар сайлау арқылы билікке келген әр азаматтың мандатты уақытша алғанын, ал келесі кезеңге сайлануы да елге сіңірген еңбегіне байланысты болатынын түсінеді деп сенеміз.

Мемлекет басшысы референдум реформалардың басы ғана екенін ескертті. Ендеше ұзағынан сүйіндіргей...

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Пікірлер