Қаратерең вальсі

3391
Adyrna.kz Telegram

Қайықтар мен кемелер

Көкарал сағымданып көріне ме?
Қарауға елдегілер еріне ме?
Көлдайдың аяғына ұйық еніп,
Дәу сазан бұрынғыдай семіре ме?!
(Ақын Дабыл Сахиевтің
майданнан елге жазған хатынан)

Бұл ауылдың аты – Қаратерең. Нулы жерге емес, сулы жерге тән атау. Қаратерең – Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне ең жақын орналасқан ауыл. Заманында ұлы теңіздің арыстан жал толқындары елдің іргесін сабалап жатқан деседі. Біз ес білгенде Қаратереңді қаптаған көл қоршап тұратын. Батысында жағалаудан жылыстай бастаған Арал керіліп жатар еді. Оңтүстік-шығыс жағын тұтастай жайлаған Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын. Солтүстік-батысында – талайды жалмаған Жарықкөл батқан күннің шұғыласымен арайланып, қызғылт сәулені айдынында ұйытатын. Сонда Қаратерең көп теңіздің ортасында тербелген бүгінгі түрік жұртындай түрленіп тұрар еді. Кез келген үйдің маңында теңкиген қайық, алты құлаш ау, төрт құлаш таяу... Дөңгеленіп, дестеленген қабадан... Таң сыз бере балықшы ауыл тіршілігіне кірісетін. Күллі Қаратерең көк теңізден несібе теруге аттанатын.

Ілгеріде Сырдария ауданының ақыны, кейін белгілі жыр жүйрігіне айналған Темірше Сарыбаев біздің ауданның ақыны Серік Сейітмағамбетовпен аудандық «Толқын» газетінің бетінде жазбаша айтысқанда, «Балықшылар балдыр аулап жатпасын», – деп тосын тілек айтып еді. Сол Темірше ағам ескерткендей, балықшы үшін балық емес, балдыр аулау өліммен тең нәрсе болатын. Енді қазір Қаратереңге желкесінен төнген теңіз де жоқ, ауылды қоршаған қаптаған көлдер де жоқ. Балықтың қай тұстан ауды қабатынын желдің соғысына қарап білетін бір кездегі кәнігі балықшылар да көрінбейді. Су бетінде сеңдей соғылысып жүретін баяғы мол балықтың қарасы батқан. Балық түгілі балдыр да көзден ғайып болған.

Жетпісінші жылдардың ортасына таман Қаратерең қатты құлазыды. Су тартылды. Теңіз балықшы ауылды тастай қашты. Жағалау жыл өткен сайын алыстай берді. Алып кемелер қайраңда қалды. Қайық біткен теріс аунап түсіп, ұлтанын күнге қақтап, үй-үйдің іргесінде теңкиіп жатты. Қара қайық қара майы кеткен соң, жата-жата отынға, алты құлаш ау шіри-шіри шудаға айналды. Ел-жұрт жан-жаққа үдере көшті. Көрші ауылдарға көшін бұрды. Қызылорданың іргесіне қоныстанды. Шығандап Шымкент асты. Алатауды бетке алғандар да бар. Көбелектей көл аңсап, ебелектей ел аңсап, тоғанның бойын жағаладық. Балықшы жұрты о бастан тоғайға емес, тоғанға бейім-ді.

Алдымен теңізді тастап, айдынның сәніне айналған кемелер кетті. Одан соң кеме түгілі қайықтар да жағалауға тұмсық тіремейтін болды. Қайық демекші, біздің ауылдың сыртында кеме тұрпатты зәулім қара қайық тұратын. Қайық деуге келіңкіремейді. Алып кемелерден гөрі кішірек. Ұзындығы он-он бес, биіктігі үш-төрт метрдей боп қалар. Бәлкім, бала болған соң шығар, бізге енапат үлкен көрінетін. Оның төбесіне мініп, ішіне кіріп-шығу – бала біткеннің арманы. Ағаш қайықтың ішіндегі айқұш-айқұш дүниелерге қарап, Аралдың бір кезде қандай қуатты болғанын бірден-ақ ұғатын едік. Осындай биік кемеде еркін жүзетін заманда өмірге келмей, тым кеш туғанымызға жатып кеп өкінетінбіз. Арал туралы деректі фильмнен Шудабай деген ағамыз бен Әзиза деген жеңгеміздің үйлену тойының көк теңіздің бетінде, алып пароходтың үстінде өткен сәтін қызыға көретінбіз.

Адамзаттың Аралға жасаған көпе-көрнеу қараулығының белгісіндей қара кеме Қаратереңнің ту сыртында көпке дейін қозғалмай жатты. Жылдар бойы тұрды. Оралханның «Арысын күтіп әлі отыр» деген әйгілі очеркіндегі қара кемпір секілді сол қара кеме Аралын жоқтап, азынап тұрғандай көрінетін маған. Елге бір айналып соққанымда қасіретті қара кеме орнында жоқ болып шықты. Бәлкім, кәрі мұңлықтың енді келмесіне көзі жеткен шығар.

Рас, кейінгі кезде Қаратереңнің өн бойына қан жүгірді. Елдің тіршілігі едәуір жақсарды. Аралмен екі ортаға тақтайдай тегіс жол салынды. Бұрын алты сағат бойы үлекке мінгендей итеңдететін ирелең жол әлдеқашан ұмыт болған. Енді екі-ақ сағатта зыр етіп жетіп келесің. Соңғы жылдарда қайтадан бұл жолдың берекесі кете бастаған сыңайлы... Бәрібір жұрттың тұрмысы ілгеріледі. Қаратереңнің ұландары зәулім үй салып, еңселі мәшине мінді. Себебі, кіші Аралдың арқасында бұл ауылдың өз суы өз балығын өзіне бере бастады. Бір кезде ауыл балықшысының асқақ бейнесі дегенде көз алдымызға Жоғарғы Кеңеске қатарынан екі рет сайланған Дүйсенбі Қалабаев келе қалатын. Дүйсекең Алматыға сессияға келгенде өзімен бірге Аралдың сала құлаш бес-алты ақбалығы мен көксеркесін ала жетер еді. Соны сәлем бере барған біз секілді ашқұрсақ студенттердің қолына ұстатып жіберетін. Содан біздің бесінші жатақхананың бесінші қабатының балконында сұлап жатқан көк теңіздің көксеркесін күллі журфак кесенедегі көсемді көргендей кезек-кезек тамашалайтын. Өмірінде теңіз түгілі бассейнге балтырын батырып көрмесе де, оқыған-тоқығанына сүйеніп, кез-келген тақырып қозғалса да, ешқашан іркіліп қалмайтын курстасым Талғат Батырхан әрі гид болып, әрі ит болып, кешке дейін халыққа балықтың жайын түсіндіріп тұрар еді. Ара-тұра: «Бұл – Қаратереңнің балығы! Депутат Дүйсенбі Қалабаевтың өзі аулаған», – деп тықақтап қоюды ұмытпайтын.

Ал Қаратереңнің бүгінгі балықшысының типтік бейнесі – менің кластасым, жеке кәсіпкер Аққасен Көккөзов. Аққасеннің өз несібесі өзінде. Ол үлкен мақсат көздемейді. Дүйсенбі Қалабаев секілді депутат болуға ұмтылмайды. Судың берекесін тереңнен сүзіп алады. Өз үлесін өзіне қалдырады. Ауысқанын дария жағасында телміріп тұрған қалалықтарға сатады. Онысынан шылқып байып кетіп жатқан жоқ. Бірақ ешкімге алақан жаймайды. Асым балығы дастарханынан кетпейді. Әйтеуір үйдегі інісі Үрдем екеуіне мол жетеді.
Сөйтіп, бүгінгі күні Қаратереңнің қара қазаны оттан түспей тұр.

Әсерлер мен әуендер

Аққұмы Қосаралдың биік тұр ма?
Ыссыда оттай жанып, күйіп тұр ма?
Өзекке гүрілдеген мотор келіп,
Флотқа бар адамды жиып тұр ма?!
(Ақын Дабыл Сахиевтің
майданнан елге жазған хатынан)

Жалпы, Арал аймағында «қара» деген сөзден басталатын жер атауы көп. Қарақұм, Қарашалаң, Қарашоқат, Қарабасат... Соның ішінде Қаратереңнің шоқтығы биік. Биік болатындай несі бар еді бұл ауылдың?!

Әрине, Қаратереңде тау жоқ. Сондықтан бұл ауылдың жастары «Басыңнан қар кетпес, Шыңына көз жетпес», – деп келетін әнді жүрегінен төгілдіріп айта алмайды. Өйткені олар тау көрмей өседі. Тау түгілі төбесі мен жотасы да, қыраты мен дөңі де көп емес. Күн ұзаққа құм суырып тұратын жазық дала. Сондықтан әркім алысқа ұмтылып, өз тауын іздейді, өз шыңына шығуға ұмтылады. Біз де Мұқағалиды оқып, Хан Тәңіріне құмарттық. Оралханды оқып, Алтайды аңсадық. Мұзтаудың шың-құздарын көз алдымызға елестеттік. Сосын Алатау жақты бетке алдық.

Бұл ауылда жайқалған жасыл желек жоқ. Алма мен алмұрт ағаштары өспейді біздің жақта. Алма ағашы болмаған соң ешкімнің басына топ етіп алма да түсе қалмайды. Ньютонның әйгілі жаңалығы басына алма түсіп кеткен соң ашылғанын білгеннен кейін Қаратереңнің қара топырағына тәуекел деп, көшет егіп көрген балалар бар. Бірақ біздің Сорқұдықтың басы секілді сортаң жерге алма да, пальма да шыға қоймады. Ұлы жаңалыққа ұмтылдыратын алма жағы тапшы болған соң Қаратереңнен ұлы физик шықпады. Бірақ оның есесіне ауыл мектебінің математиктері өте мықты болды. Егер бүгінде Қаратерең орта мектебін бітірген балалар есеп-қисаптан несібесін адал теріп жеп жүрсе, мұны Елубай Құлдияров, Қуатбай Жаңайбеков, Жеткерген Байзақов сынды ауыл мұғалімдерінің ерінбей-жалықпай оқытқанының арқасы деп біліңіз.

Өз басымыз жасыл желекке онша әуес болмадық. Қожанасырдың «Қызыл тұмсық тауық жүр, Жасыл жапырақтардың арасында» деп түн ішінде тұрып алып, өлең жазатыны секілді қиялилықтан да ада едік. Сондықтан желек іздегеніміз де жоқ, желік іздегеніміз де жоқ. Ал өлең қысып бара жатса... Ауыл сыртына ала жаздай пішен өседі. Қалың қопа... Жаудай маса... Бар да, жаз... Кім кедергі болады?! Бәлкім, сыңсыған орман-тоғайы болмағандыкі шығар, бертінге дейін Қаратереңнен бәйгелерде аты озған әйгілі ақын шықпады. Кейінірек қазыналы Қаратереңнен түлеп ұшып, арайлы Ақтөбеден тұрақ тапқан арынды ақын Талғат Тілеулесов өлең өлкесінде өзгеше өрнек салды. Ал бұрын мықты ақындар болыпты. Суырыпсалма ақын Дабыл Сахиевтің өлеңдері осы күнгі поэзияның қатал сүзгісінен де мінсіз өтер еді. Бірақ тақуалық жолды қалаған ол қара өлеңді кәсіп қылмапты. Оның үстіне балалары бірінен-соң бірі суға кетіп, қайғыдан қан жұтқан кісі екен. Ұрпақтары ақындықты қумады. Оның есесіне бір жиені алашқа аты мәлім балуан болды. Самбодан Азия чемпионы Жамал Бозова Дабылдың Мауыты деген қызынан туған. Бұл ауылда Серімбет Ізімбетұлы деген сұрапыл ақын өткен. Оның «Қалам алып, хат жаздым, Қалыңдығым Торқаға. Тайөгіз, қашар, тай беріп, Түсіп жүрміз ортаға. Қыз бермейді Төртқара, Тойынғасын тортаға. Берді қызын Матығұл, Ол да менен қорқа ма?!» деген әйгілі өлеңі әлі күнге дейін елдің аузында жүр. Қазір де ауылдағы екі кісінің бірі өлең құрай алады. Айтпақшы, ауыл сыртында, теңіз қашқан беткейде жал-жал шеге құм жоталанып жатады. Бұл құмға су жаңа киіммен қанша аунасаң да, үстіңе мысқалдай шаң жұқпайды. Түрегелсең, сусылдап түсе қалады. Мұның да сырт адамға әсері бөлек.

Алайда табиғаттың тылсымын көруге көз керек екен. Оны қылқалам шеберлері ғана анық байқай алатын көрінеді. Мықты суретшілер шықты біздің Қаратереңнен. Бірінен-бірі өтеді. Қуантай Ршымбетов талантты болғанымен алысқа құлаш сермей қоймады. Оның есесіне кәсіби суретші Жаңаберген Осымбетов әдемі пейзаждар жазды. Соның ішінде «Қаратерең» деп аталатын картинасының бояуы ерекше қанық. Жанымен, жүрегімен салғандыкі шығар. Құм қойнау, тоқал там, бейқам адамдар, бұйығы тіршілік.. Бірақ кенепте өмірдің нағыз өз бейнесі тұр. Боямасы жоқ әлем. Ал осы ауылдың топырағын борпылдатып басып өскен тағы бір дарынды суретші тіпті алысқа шапты. Ол – Шыныбай Пірімбаев. Мәскеудегі талайдың қолы жете бермейтін В.И.Суриков атындағы көркемсурет академиялық институтын бітіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазір Астанадағы мықты суретші-дизайнерлердің бірі. Елордадағы ұлттық өнер университетінде болашақ мамандарға дәріс оқиды. Ішкі дүниесі мен сыртқы болмысы үйлескен, желке шашын Шалқұйрықтың жал-құйрығы секілді шарт түйген кәдімгі кәнігі қылқалам шебері. Қаратереңнің табиғаты әсер етпесе, осы суретшілердің қылқаламына қанат біте ме?!

Қаратереңнен кәсіби актер мен кәсіби актриса да шықты. Бірі кино өнерінде бақ сынады, екіншісі театрларда талай тұлғаларды сомдады. Гүлнәзид Омарова мен Төлебай Махамбетов... Екеуі де ешкімнен кем емес. Өнердің биік белестерін біртіндеп бағындырып келеді. Ауылдың топырағы құнарлы болмаса, бұлардың да қабілеті ұшталар ма еді?!

Қаратереңнің топырағын басқандардың ішінде Тарас Шевченкодан қатты әсерленген адам жоқ шығар. Ол Қосарал (ауылдың бұрынғы аты) туралы бірнеше өлең жазып, бірқатар сурет салған. Ұлы Кобзарьдың ұлы ақын ғана емес, ұлы суретші болғаны кеңестік дәуірдің көзін көргендердің есінен шыға қоймаса керек. «Тарас көкем ит байласа тұрмайтын Қаратереңде не ғып жүр өзі?», – деп сұрамайсыз ба? Баяғыда басына күн туғанда ол тура біздің ауылдың іргесінде айдауда болыпты. Қаратерең оған майдай жағыпты. Ит байласа тұрмайтын емес, ит басына іркіт төгілетін жер екеніне көзі жетіпті. Содан ол ауылдың шет жағына әдейілеп жидетал отырғызыпты. Оны қаратереңдіктер жылдар бойы Әулиеағаштан бетер әспеттеп келді. Ал мектебіміз бертінге дейін Шевченконың атымен аталды. Тарас көкемнің рухы бізге жүдә риза шығар. «Жақсыдан – шарапат» деген. Біздің суретшілерге де Қаратереңнің құмын талай таптаған Тәкеңнен бірдеңе жұққан да...

Тау-құзы, шың-шыңырауы, жасыл желегі жоқ болғанымен Қаратереңнің вальсі бар еді. Иә, кәдімгі вальс. Ауылдың вальсі. Ауыл жастарының вальсі. Сол вальс талай ұрпақты әлдилеп өсірді. Әуені әдемі еді. Сөзін жазған – ақын Серік Сейітмағамбетов. Ол мықты ақын болатын. Өмір бойы аудандық «Толқын» газетінде қызмет істеді. Өзі – Қаратереңнің күйеу баласы. Өлең алпысыншы жылдардың аяғында шыққан деседі. Секең Күләй апамыздың туған жеріне жырымен шашу шашып, құрмет көрсетпек болған тәрізді. Оның бұл құрметін елгезек қаратереңдіктер іліп әкеткен. Мектеп мұғалімі, талантты музыкант Орынбай Сейітжанов әп-әдемі ән жазған. Ел арасында ол бұл әнді тағы бір музыкант Жаппар Құлмырзаевпен бірлесіп жазыпты деген де пікір айтылады. Вальстің авторлары өте таланты жігіттер еді. Бәрі де жастай өмірмен қош айтысты. Әйтпесе, шығар шыңдары биік болатын. Бұл ән жиырма-отыз жыл бойы ауыл-аймаққа әр берді, жігіт-желең мен қыз-қырқынға нәр берді, жұрттың жадында жаппай жатталды. Алпысыншы-жетпісінші жылдардың жастары «Қаратерең вальсін» беріле шырқады. Ал сексенінші-тоқсаныншы жылдардың ұрпақтары бұл вальсті еріне шырқайтын болды. Себебі заман өзгерді, әуен ауысты, ән жаңғырды. Қазіргі жастар бұл әнді мүлде білмейді деуге де болады. Бірақ осы үш-ақ шумақ өлең талайдың делебесін қоздырып, алыс армандарға ұмтылдырып, биікке қол создырғанын ұмытуға болмас. Сол вальстің мәтіні мынау еді:

Ыстық құшақ жан анамдай көремін,
Өзіңе арнап жыр маржанын төгемін.
Сен деп қана дүрсілдейді жүрегім,
О, сүйікті менің Қаратереңім!

Толқындардай тынбай алға келемін,
Көк теңіздей тебірене беремін.
Шағала арман шарқ ұрады кеудемде,
О, сүйікті менің Қаратереңім.

Алысамын дауылдармен, жеңемін,
Көңілдерге шаттық гүлін егемін.
Гүл жайнайды, нұр жайнайды алабың,
О, сүйікті менің Қаратереңім!

Қаратереңнің сортаңдау даласында «құртқашаш» деп аталатын жалғыз-ақ гүл өседі. Соны асқақтатып, «гүл жайнайды, нұр жайнайды» деп дәріптеген қайран ақкөңіл ақындарым-ай! Тегінде, біздің ауылға жыр арнаған шайырлар жетерлік. Кейін «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп арпалысқан тұста жалпақ жұртқа аты мәлім талай ақын елге келді. Бәрі де Аралды, оның бөлінбес бөлшегі болып саналатын Қаратереңді жырлады. Бірақ бәрібір солардың ешқайсысының өлең өрнегі де алпысыншы жылдарда жап-жас жігіттер жан жүрегімен жазған осы вальстің романтикалық әсеріне жетпейтін секілді көрінеді маған.

Ұшақтар мен ұшқыштар

Шағала шалқып ұшып, күліп жүр ме?
Қыс өтіп, жаз келгенін біліп жүр ме?
Жаз болып, жалаңаяқ балдар ойнап,
Жуаны, жаңа шыққан, теріп жүр ме?!
(Ақын Дабыл Сахиевтің
майданнан елге жазған хатынан)

Қаратерең – облыс бойынша ұшқыштар ең көп шыққан ауылдың бірі. Бұлай болатын жөні де бар. Бір ақынның өлеңі бар еді... «Күндіз-түні бір тыным жоқ құлаққа, Біздің пәтер әуе жолдың астында». Сол айтқандай, біздің ауыл – әуе жолдың астындағы ауыл. Алыс сапарға кетіп бара жатқан ұшақтар Қаратереңнің үстімен өтеді. Ұшақ өтіп кеткен соң, көк аспанда жал-жал болып, оның ақ жолақ ізі қалады. Бала біткен сол ұшақ бір нүктеге айналып, көрінбей кеткенше көз алмай, ұзақ қарап тұрады. Соның бәрін тамашалап өскен ұландар ұшқыш болуға ұмтылмайды ғой дейсің бе?

1960 жылы Свердловск түбінде америкалық барлаушы-ұшқыш Фрэнсис Гэри Пауэрстің атып түсірілгені баршаға белгілі. Ауғанстаннан әуеге көтерілген ол Арал теңізінің үстімен ұшып, Свердлов – Киров – Архангельск – Мурманск бағытымен жүріп өтіп, сапарын Норвегияның Буда деп аталатын әскери авиабазасында аяқтауды жоспарлапты. Жиырма мың метр биіктікте самғаған барлаушы жол бойы Кеңес елінің әскери және қорғаныс нысандарын шетінен суретке түсіріп келе жатады. Арал теңізінің ортасында бактериологиялық қаруды сынайтын әйгілі «Возрождение» аралы бар екені мәлім. Ұшқыштың діттегені сол екен. Алайда кеңестің мұздай құрсанған қырағы көздері оны құтқармады. Сол Пауэрс тұп-тура біздің Қаратереңнің төбесімен ұшқан көрінеді! Кімге нысана болмаған бұл Қаратерең?! Теңіздің қолтығындағы біздің ауыл да Пауэрстің фотоұңғысының қарауылына ілініпті. Тіпті оның қоржынынан табылған дүниелердің ішінен Төлебай деген беделді ағамыздың айдалада мал қарап жүрген суреті шыға келіпті! Ауыл адамдары осылайша гуілдесіп жататын. Кейін АҚШ-қа барған сапарымызда Пентагонның дәліздері мен бөлмелерін еркін аралаған кезімізде осы жайт ойымызға оралған.

1967 жылғы ақпанда Қаратерең бір-ақ күннің ішінде азан-қазан болды да кетті. Ауылға құс тұмсық ұшақтар мен жайынбас тікұшақтар сағат сайын қонып, әскерилер ағылып келіп, алқын-жұлқын әлдеқайда аттанып кетіп жатқаны еміс-еміс есімізде. Құпияның кілті аспандағы заман. Ол кезде ештеңе де білгеніміз жоқ. Сөйтсек, Владимир Комаров ғарышқа екінші рет аттанар алдында сынақ үшін ұшырылған өздігінен басқарылатын «Союз» кораблі қайтып оралып келе жатқанда апатқа ұшырап, біздің Қаратереңнің күнбатысындағы көк теңізге құлапты. Содан ауылға ұшақ пен тікұшақтың жеті атасы күн құрғатпай келді де тұрды. Елдің бәрі тек соны көру үшін өре түрегеліп, далаға шығады. Қаратереңнің көгінде қалықтаған сол көп ұшақ талай баланың арманын оятты.

Алпысыншы жылдарда Қаратереңнен Дулан Дәрменов деген ең алғашқы ұшқыш шықты. Ол сол жылдардағы ұшақтың сұңқары ЯК-40-ты ерттеп мініп, халықаралық сапарларға аттанды. Міне, сол Қаратереңнің Дулан атты «Миминосы» бүкіл баланың идеалы болды. Елге келсе, бәрі соның қасынан шықпайды, сұрақтың астында қалдырады, тапаншасын тамашалайды. Кейін Қайбалды Орынбаев деген тағы бір ұшқышымыздың атағы жер жарды. Екеуі де нағыз ержүрек екенін талай рет танытты. Дулан мұзға ыққан балықшыларды, адасқан шопандарды құтқарды. Көкарал бөгеті бұзылып, ел абыржыған тұста Қайбалды басын қатерге тігіп, тікұшақпен төбеден төніп келіп, ауылдың талай баласын ажалдан аман алып қалды.

Қаратереңде ұшқыш болуға ұмтылмаған бала жоқ. Кейбір әкелер ұлдарына: «Әй, айналайын, ұшқыш болғанша, шопыр болсаңшы. Шопыр болсаң, мәшинеңмен пішен әкелеміз, отын тасимыз. Сенің самолетіңе неңді сыйғызамыз?», – деп кейіп отыратын. Соған қарамастан ауыл балалары шетінен авиациялық училищелерге аттанды. Бірі екіншісіне ықпал етті. Ұшқыштың формасымен елге келген курсанттарға қызықпайтын жан болмайтын. Сөйтіп, күні бүгінге дейін біздің ауылдан ұшқышы бар, әуе технигі бар, отызға жуық авиатор шығыпты. Бірқатары Мәскеудің авиация институтын бітірген. Қаратереңнің ұшқыштарынан толыққанды бір аэродром, үш-төрт шағын ұшу тобын жасақтауға болады! Тіпті бүкіл әулетімен ұшқыш болған қаратереңдіктер де бар. Бүгінде еліміздің белгілі авиақұрылымдарын ағайынды Әжмолдаевтар басқарады.

Ауыл балаларының ұшқыш болуға ұмтылуының тағы бір себебі бар. Кеңестік дәуірде, ауыздан ақ май, көк май аққан заманның өзінде аудан орталығына қатынайтын жол жайсыз болды. Бар-жоғы жүз-жүз елу шақырымға жуық жерге ойқы-шойқы жолмен әрең жетесің. Мәшине тынымсыз селкілдегенде өкпе-бауырың үзіліп түсе жаздайды. Көрші ауданның орталығы – Қазалыға қатынайтын жол да солай. Оның үстіне жаңбыр селдетіп өтсе болды, ен дала иленеді де қалады. Екі ортада бес-алты рет батпақтап, күн ұзаққа мысықтабандап отырып, ақырын жылжисың. Діттеген жеріне жете алмай, жолда қалғандар жетіп артылады.

Талай жыл бойы бұл ауылдың негізгі көлігі АН-2 ұшағы болып келді. Он екі адам ғана сияды. Ішіне адам да мінеді, қой да мінеді. Сау да мінеді, мас та мінеді. Ұшып келе жатып, бір-бірін жекпе-жекке шақырып, «Шық, далаға!», – деген ақкөз ағаларымызды да көргенбіз. Шағын ұшақ итеріп от алдыратын мотоцикл секілді, бырт-бырт етіп, іске қосылады да, қақалып-жөтеліп, бабына келіп, қыздырынып алған соң, көкке самғай жөнеледі. Аралдан Қаратереңге дейін теңіз жағалап, тұп-тура қырық бес минут қалт-құлт етіп ұшады. Бірақ көліктің төресі өзі. Өте сенімді. Аспанда қалықтап келе жатқанда жеңіл-желпі ақау-мақауы табыла қалса, екі ұшқыштың бірі білегін сыбанып жіберіп, қолына құрал-сайманын алып, сенің көзіңше жөндей салады. Түсіп кеткен болты мен бұрандасын алып беріп, көмектескен боламыз.

Осы ұшақ Арал мен Қазалыға күніге екі-үш рет қатынайды. АН-2-нің Қаратереңге табаны тиген сәтте ауылдың кәрі-жасы мотоциклін тырылдатып, әуежайдан табылады. Бүгін ұшақтан кімдер түсті? Қаратереңнің басты жаңалығы осы. Әсіресе сырттан келген адамды күллі ауыл жәудіреген жанарымен қарсы алады. Сол жанарымен түскен үйіне дейін ұзатып салады. Кейде ұшақты Қаратереңнің жігіттері айдап келеді. Ондайда олар ауылдың төбесіне төнгенде ұшақты бұлғаң-бұлғаң еткізеді.

Қаратерең әуежайының бастығы Сұлтан ағамның абырой-беделі кез-келген Авиация комитетінің төрағасының мәртебесінен кем емес. Бұл – ұшқышқа жарыған ауыл. Сол ауылдың әуежайына комендант болу дегеніңіз... Қаратерең аэропорты дегеніміз – шағын ғана екі бөлмелі үйшік. Бұрын ұшақ қонатын айтақырда үйшік түгілі сайтан да жоқ еді. Жұрт күнұзаққа күнге қақталып тұратын. Соған қарамастан жолға жиналған ауыл ақсақалдары: «Қой, басына барып, отыра берейік», – деп, осы айтақырға үш-төрт сағат ерте келіп, иіріліп тұратын. Әуежайдың бір бөлмесіне жолға жиналғандар жайғасады. Екінші шағындау бөлме – Сұлтекеңнің «офисі». Онда рация орналасқан. Сұлтекең орыс тіліндегі сөздік қоры аса бай болмаса да, аудан орталығымен дамылсыз сөйлесіп жатады. «Мерешка!», «Мерешка!», я – «Эшелон!», я – «Эшелон!». Сірә, «Эшелон» – Қаратереңнің авиациядағы бүркеншек аты болуы керек. Сұлтекең сол селдірлеу орысшасымен желдің қайдан, қандай жылдамдықпен соғып тұрғанын, ұшақтың ауылдың қай бетінен келіп қонғаны ыңғайлы екенін жұқалап жеткізеді. Өзі – әуежайдың бастығы, өзі – диспетчер, өзі – байланысшы, өзі – кассир. Өз бағасын жақсы біледі. Ұшақ келгенге дейін билеттің бар-жоғын жан баласына айтпайды. Жалынып-жалпайсаң да, күн ілгері қолыңа бермейді. Жымиып күліп қойып, отыра береді. Жүйкесі темірдей берік. Сенің күйіп-піскеніңе пысқырмайды да. Сөйтіп отырып, бәрін де реттейді. Азғантай билетті жолаушылардың бәріне де жеткізеді. Өлім-жітімге бара жатқандарды да ескереді. Сабағынан қалып қоюы мүмкін студентті де ұмыт қалдырмайды. Кешеден бері сарылып күтіп жүргендерді де жадынан шығармайды. Ауылдың атқамінерлері аяқ астынан жолға шығып қала ма деп сары майдай сақтап отырған бір-екі билетін де соңғы сәтте жып еткізіп, жұртқа ұсына қояды. Қысқасы, жолаушының бәрі Қаратереңнің «көлік және коммуникациялар министрі» Сұлтекеңе разы боп тарасады.

Қаратереңдіктер өз аэропортын ештеңеге де айырбастамайтын. Біздің «Хитроуымыз» да, «Ататүркіміз» де осы еді. Қазір, әрине, АН-2-нің күні өткен. Әуе қатынасы әлдеқашан тоқтаған. Бірақ қаратереңдіктердің тәтті арманын тербеткен ұшақтар мен ұшқыштарды ешкім де естен шығарған емес.

Айтпақшы, Аралдың түлегі, әйгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев та мектеп бітірген соң ұшқыштар училищесінің табалдырығын аттап еді... Бірақ ұшқыш болуды ағамыздың маңдайына жазбапты. Бәрібір ол биікке самғай алатынын көрсетіп кетті.

Иә, сөйтіп, талай ұшқышты түлетіп ұшырған теңіз қолтығындағы «Телавиге» ұшақ қонбағалы қай заман?!

Мамандар мен адамдар

Ай, апа, Ыслам аға, елдемісің?
Сейітнияз, сен Құдайға пендемісің?
Сабатқа көк есекті байлап тастап,
Әукиіп, мылтық алып, көлдемісің?!
(Ақын Дабыл Сахиевтің
майданнан елге жазған хатынан)

Қаратереңнің Сұлтекең сияқты «көлік министрі» ғана емес, «энергетика министрі» де бар еді. Ол – ауылдың қырық жылғы үздіксіз электригі Қайырбай ағам. Өзі үнемі көңілді жүреді. Ептеп жұтқыншағын жібітетіні де жоқ емес. Сонда да шырматылған сымға бір ұрынбайды, әп-сәтте шамыңды жарқыратып жағып береді. Өз үйі қараңғылық құшағында қалуы мүмкін. Бірақ шақырған үйге лезде жетіп барады. Бұл кезде: «Шамын басқа үйдің, Жақтың аяулым», – деп қараңғы үйде апамыз ыңылдап, әндетіп отырады. Онда Қайрекеңнің шаруасы шамалы. Жұрттың жұмысы десе, өледі. «Мен сендердің шамшырақтарыңмын», – деп мейірленетін сол Қаратереңнің «КЕGОC»-інің бастығы Қайырбай ағам үнемі ақ өлеңмен жыр өріп жүретін. Өлеңдері әрине, төрт аяғын тең баса бермейді. Электр қуатының кілті қолында болғанымен поэзиясының қуаты нәрсіздеу. Оған Қайырбай ағам қыңбайды. «Мен – электрик, Ортасы – келектрик», – деп сірісінен баса салады. «Келектрик» деген не? Ол ненің ортасы болады?», – деп сұрасақ, жарығымызды жалп еткізе ме деп қорқамыз. Ал Қайрекең болса, шұбыртып ұра береді:

Жаппасбаев Бөгеннен келген екен,
Орынбет радионы қиған екен,
Қайырбай светті сөндірген екен,
Оны жұрт біліп қалып, шулаған екен.

Шындығында, оның «өлеңдері» өлеңге келіңкіремейді демесең, деректік негіздері өте мықты болады. Мысалы, Молдажан Жаппасбаев – Қаратереңдегі Қуаңдария балық аулау базасының директоры, Бөген – оның бұған дейін директор болған ауылы. Орынбет Кәрібаев – ауылдың маңдайына басқан жалғыз радиоторабының жалғыз маманы. Ал светті сөндіруші – өзі. Сөйтіп, оның «өлеңдерінде» «өмір шындығы» дегенің өріп жүреді. Шағын ауылдың ширақ тіршілігі көрініс табады.

Ал енді бар ғой, ауылдағы менің кез-келген жеңешем «ақпарат министрінің» міндетін мүлтіксіз атқара береді. Жер түбіндегі әңгіме бұл ауылға лезде жетіп, қызу талқыға айналып жатады. Олардың болжамы қалт кетпейді. Бір жеңешем айтқандай, біздің ауыл шуласа, жақсылап шулайды, біліп шулайды.

Қаратерең – ғылыми кеңес құра алатын ауыл. Қаратерең орта мектебін бітіргендердің ішінде ғылым докторлары да, ғылым кандидаттары да жеткілікті. Бұған солардың ғылыммен айналысқан балаларын қосыңыз. Ауылдың журналистері де жүйрік шықты. О баста Қаратереңнің маңдайына біткен екі мықты журналисі бар еді. Олар – ағайынды Шәкірат және Шәкізат Дәрмағамбетовтер. Республикаға танымал осы ағаларымыздың соңынан өз соқпағын салған Бегімбай Ұзақбаев та алысқа шапты. Жалаңтөс баһадүр туралы тарихи роман жазды. Осы үшеуінің соңын ала біз де қара көрсеттік. Ал қазір қаратереңдік журналистердің санынан жаңыласың. Олар «Хабар» агенттігінде, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында, «Айқын», «Алматы ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде, облыстық телеарнада, «Қоғам» телеарнасында қызмет істейді. Тіпті шет елде журналистік қызметпен айналысып жүргендері де бар. Қаратереңнің қатты қысқан жұдырықтай ширақ бір ұланы, жүйрік журналист Нұрбек Әмиша Ұлыбританияға барып, сол елдің іргелі университеттерінің бірін бітіріп келді.

Ағылшынша ақпараттың алып теңізінде балықша жүзеді қазір бұл ініміз. Солардың біразының жазу өнеріне бейімделуіне алдыңғы лектегі төртеуміз азды-көпті ықпал ете алдық-ау деймін.

Баяғыда жол азабын әбден тартқандыкі шығар, біздің ауылдың перзенттері темір жолға да түрен салды. Бір кезде дала кезіп, адыраспанның түйнегімен «атысып», қаракеней қазып, көсік жеп өскен Қаратереңнің қара сирақ балалары – Байдан Шүйінішбаев пен Жұлдызбай Мұсаев қазір осы саладағы ірілі-ұсақты аймақтық құрылымдардың тізгінін ұстап отыр.

Қаратерең ұланы елдің қорғаныс күзетінен де шет қалмады. Астана аймақтық әскери округі қолбасшысының орынбасары болған Дархан Әжмолдаев деген жап-жас полковник осы ауылдағы орта мектептің түлегі. Сөйтіп, маманы мол Қаратерең күллі қазақ жұртына қан таратып тұр.

Ол аз десеңіз, бұл ауылдан шыққан Жетес Жолдасбаев деген атақты асаба бар. Бүкіл Қызылорда біледі оны. Қолына микрофон тисе болды, бұлбұлдай сайрай жөнеледі. Тойға келген мейманның бәрі соның аузына қарап, қоғадай жапырылып отырады. Таппайтыны жоқ. Кез-келген тығырықтан шығып кетеді. Бір күні сол асабаға былай деп сұрақ қойдым:

– Жетес, кейде қызып қалған қонақтардың тойдан қайтпай жүріп алатын әдеті бар ғой. Сондай кезде оларды қайтіп таратасың?

– Мен оның да жолын таптым ғой, аға. Тойды аяқтап болған соң, былай деп сұңқылдай жөнелем: «Жігіттер, сендерге азғантай ғана өтінішіміз бар. Қазір бірден кетіп қалмаңдаршы. Қызық болғанда, жаңа түскен келіннің жасауы қоса келіп жатыр. Соның төсек-орнын, бес-алты мебель-себелін көліктен түсіріп, үйге орналастыруға көмектерің керек!». Осыдан кейін той соңында бір адам қалса, менің атымды Жетес емес, басқа қойыңыз!

Қаратереңнің ғасырдан ұзақ жасаған Қайназар деген қарты бар еді. Найзадай тіп-тік болып жүретін. Сөйлегенде сөзінің әр әрпі қисаймай, орнында тұратын. Саясатты жілікше шағатын. «Жүзден кейін жаңадан тіс шығады деуші еді, ал енді сол тістерім әлі көрінбейді», – деп күлетін. Жүз алтыға қараған шағында дүние салды. Қайназар көкеммен Қаратереңнің ғасырлық тарихы бірге кетті. Аралдың ардақ тұтар ақсақалының бірі сол еді.

Ауыл ақсақалдары ара-тұра ақпарат мекені – поштаның алдында бас қосады. Ана бір жылдары елді нарықтың дауылы соғып, жұрт дағдарысқа ұшырағанда үлкендер өзара ақылдасу үшін үнемі осында жиылатын. Әңгімелеседі. Шер тарқатады. Телі мен тентекті тезге салады. Үлкендер поштаның алдына көбірек топталса, ауылда әлеуметтік мәселелер көп жинақталып қалды деген сөз. Қазір поштаның алдына баратын шалдар да сиреген секілді. Біз алысқа шығандап, тау іздеп жүрсек, тау тұлғалы қарттардың бәрі өз аулымызда екен ғой!

Тартылып кеткен теңіздің табанынан ежелгі қаланың орны табылды. Қаратереңде археологтар айлап жатты. Теңіз ұлтанындағы көне шаһардан қазып алынған бұйымдар орта ғасырлардағы мәдениетіміздің ерекше дамығанын айғақтайды. Бәсе, неге шетімізден шаһар іздеп, шарқ ұрамыз десек, Қаратереңнің желке тұсынан табылған бір кездегі Кердері қаласын мекен еткен орта ғасыр зиялыларының ұрпақтары екенбіз ғой... Көне қала әлі де талай құпиясын ашып қалар.

Кезінде ауыл адамдары үдере көшіп, елдің түтіні таусылатындай көрінгенде бір ағамыздың: «Өй, әкеңнің... Осы Қаратереңде жалғыз үй қалғанша кетпеймін!», – деп тістенгенін көзіміз көріп еді. Тілегі оңғарылды. Ауылдың талқаны таусылмады, түтіні жығылмады. Қазаны отқа қонды, ұлдары атқа қонды.

Қысқасы, Қаратереңнің алыста қалған вальсі қайта шырқалатын түрі бар...

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер