Нұрқаділов қайтыс болар күні Құрманәліге не үшін телефон шалды?

2523
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Заманбек Нұрқаділов қайтыс болар күні өзіне телефон арқылы хабарласқанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

"Orda.kz" сайтының жазуынша, Нұрқаділов Құрманәліге кітап шығарып беруді өтінген.

– Дәл қазіргі президентіміз батыл қадамға барып жатыр. Осы сәтте Нұрқаділовтің өлімі туралы ақиқат ашылуы мүмкін. Шындық айтылмай қоймайды, шындықтың кеш келетіні қиын. Талай адамдар көрмей кетуі мүмкін. Нұрқаділов қайтыс болар күні маған телефон шалды. Заманбек Нұрқаділовтің маған деген құрметі ерекше болды, аға-іні болып араластық. Маған кейбір құпияларын айтатын. Бірде Зәкең кітап шығаруға мені үйіне шақырды. «Қалдыбек, сен бір кітап шығарып бере аласың ба?» деді. Жақсы сумма, 50 мың тираж. Өзіме 20 мың доллар қалады. Бірақ тәуекелге бару керек болды, саяси кітап. Кітаптың ішінде үлкен айыптаулар бар. Кітапты шығаратын болдым. Үйіме барып кітапты қарадым, шашым тікірейіп кетті. Сұмдық, кәдімгі бомба. Бірнеше адамдар ату жазасына кетіп қалуы мүмкін. Бір аптада бітіріп бардым. Кітап туралы ұсыныстарымды айтып болып едім, «әй, Қалдыбек, сенен осыны күтіп едім» деді. Риза болды. Мен ақшаны алуға келіп отырмын, баспа дайын тұр. Содан Зәкең «Қалдыбек, саған бір нәрсе айтамын, ренжімейсің бе?» деді. Ренжімейтін қылып айтыңыз дедім. Бұл кітапты шығармауымды сұрады. Сенбегеніңіз бе, аяғаныңыз ба дедім. «Екіншісі, мына кітапты шығарарсың. Тірі қалу-қалмауың екіталай. Сен өнерге керек екенсің, мына лас тірлікке сені араластырғым келмейді» деді. Конверт ұсынып, сөзінде тұрғысы келетінін айтты және кітапты ұмыт деді, – деп еске алды Қалдыбек Құрманәлі.

Композитордың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы әкесінің жаназасын шығаруға қарсы болған.

– Алматы қаласы сотының қызы ұзатылатын болып, соның үйінде отырдым. Мақпал Жүнісова телефон шалды да: «Қалдыбек, Зәкеңді өлтіріп кетті ғой» деді. Алып-ұшып сонда бардым, милициялар келген екен. 31 арна журналистері менен сұхбат алды. Сол жерде қала әкімінің бірінші орынбасары Заяц, Бостандық ауданының әкімі – Амангелді Кәрімұлы және ұлы Қайрат тұр екен. «Не істейміз?» деді. Жазушылар Одағынан немесе Әуезов театрынан жаназасын шығарайық дедім. Мен баласы Қайратты (Нұрқаділов) кешіре алмаймын. «Баласы, мұрагері мен, неге араласып тұрсың? Жаназа шығады, бірақ қоштасу болмайды» деді. Бөкенов пен Заяц «Қалдыбек, ұлы қарсы болып тұр. Сен неге бүйректен сирақ шығарасың?» деді. «Қайрат, сенің бойыңда Заманбектің 10 пайыз болсын қаны бар ма?» деп сұрадым. Қасымда тұрған кісі өз-өзін өлтірген адамға жаназа шығарылмайтынын айтты. Қаным басыма шапты, жағасына жармастым. Осындай сөзді есітідім, – деді Қалдыбек Құрманәлі.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер