Жамбылда судья Тоқаевтың Жарлығын мойындамады

2514
Adyrna.kz Telegram
Жамбыл облысында төтенше жағдайды енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Елена Романенко мойындамаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы журналист Мадияр Ералыұлы өзінің фейсбук парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қанды қаңтар уақытында Президент Жарлығымен еліміздің, оның ішінде Жамбыл облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдай енгізіліп, қалада жүріп-тұру еркіндігіне уақытша шектеулер белгіленген. Аталған Жарлыққа сүйене отырып Мәдениет және спорт министрлігі өзінің ресми сайтында төтенше жағдай режимі кезінде мәдени-көпшілік шаралар мен шығармашылық үйірмелер жұмысы тоқтатылғаны жайында хабарлама жасаған. Осы хабарламаның негізінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекет қаржысының есебінен тегін шығармашылық үйірмелер бойынша қызметтер ұсынатын өнім берушілерін ескертіп, шығармашылық үйірме қызметін уақытша тоқтату бойынша ұсыныс жасаған.
"Алайда балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлттық (Халықтық) билер» үйірмесі бойынша мемлекет қаржысы есебінен тегін қызмет ұсынатын дара кәсіпкер «Инфинити» өз қызметкерлері мен балалар өмірін, денсаулығын қауіпке тігіп жұмысын жалғастыра берген. Дәл осы дара кәсіпкер «Инфинити» қаңтар айының соңында Мәдениет басқармасына төтенше жағдай режимі уақытында өткізген сабақтарына қаржы төлеуді сұрап электронды есебін жолдаған. Жоғарыда айтылған Президент Жарлығын ескерген Мәдениет басқармасы дара кәсіпкер «Инфинитиге» төтенше жағдай режимінде өткізген сабақтарының заңсыз екенін және қаржыны толықтай төлемеуге мәжбүр екенін ескертіп, нормативке байланысты төтенше жағдай режимі кезіндегі дара кәсіпкердің ғимаратын және мүлкін ағымдағы қамтамасыз етуге арналған шығындарын (жылу мен жарығына және т.б. жұмсалған шығындарын) төлеп беретінін жеткізген. Дара кәсіпкер «Инфинити» Мәдениет басқармасының бұл ескертулеріне қанағаттанбай сотқа шағымданған. Үш айға жуық уақытқа созылған сот ісінің ақырында судья Романенко Елена Владимировна Президент Жарлығын мойындамай, төтенше жағдай режимінде өткізілген сабақтарды заңды деп шешім шығарды", — деп жазды журналист.
Мадияр Ералыұлы Президент Жарлығын әкімшілік сот судьясы мойындамайтын елде мемлекеттік қызметшілер мен қоғамның арасында алауыздық көбейетіндігін жеткізіп, алаңдаушылық білдірді.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер