Алғыр алпыс

2717
Adyrna.kz Telegram

Сонау студент кезімізде ғана жолымыз тоғысқандықтан, бүгінгі белгілі тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің қандай бала болғанын білмейміз. Бірақ қазіргі тау қопаратын, егер қопаратын тау табыла қоймаса, алдынан шыққан кез-келген төбені аударып тастайтын бөлек болмысына қарап, шамамен оның балалық шағындағы қимыл-қарекетін жобалау онша қиынға түсе қоймас. Біздіңше, ол жөргегінде де тыныш жатпай, бесіктен қайта-қайта басын шығарып, шымылдықтан сығалап, басқа бесіктегі балалар не істеп жатыр екен деп, мәлімет алғанша тағат таппай жыбырлап, үнемі қозғала беретін еті тірі елгезек әрі гиперактивный бөпе болған сияқты. Сан-мыңдаған өзге сәбиге «Жыламаған бала емшек қайда?», – десек, бітімі басқа бұл балаға «Сұрамаған балаға емшек қайда?», – деген жарасатын секілді. Кішкентай Кәрімбек бала болып жылап көрген жоқ. Яғни, о бастан өз несібесін өзі тауып жеді. Қысқасы, қаршадайынан бәсекелестікке қабілетті бала болып өсті.

Біз КазГУ-ден қайта-қайта омақаса құлап, ит мініп, ирек қамшылап жүргенде ол ың-шыңсыз ғана Инязға түсті. Сөйтіп, бәсекелестікке қабілетті бала енді үш тіл білетін үш тұғырлы студент атанды. «Бозбаласың саяси, Көзқарасың саяси, Орыныңнан ақырын, Қозғаласың саяси» деп бір ақынның бір әріптесіне айтқаны секілді, біздің кейіпкеріміз де елдің қоғамдық-саяси өміріне ерте араласты. Тек ақырын жүрмейді, қозғалысына көз ілеспейді. Бүгінде баршаға белгілі «Том мен Джерридің» жылдамдығын да жолда қалдырады.

Сол жылдамдық оған өмір бойы серік болып келеді. Міне, қараңыз... Жиырма жасында жанығып үйленіп, жиырма бір жасында ұлды болды, қырық үш жасында немерелі болды. Енді қазір атасы мен әжесіне күніге бір қыз әкеп таныстырып жүрген тұңғыш немере солардың біреуіне тоқтаса, ұзамай шөберелі де боп қалар. Жиырма төрт жасында өзі бітірген оқу орнының кәсіподақ комитетінің төрағалығына әрі институттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорлығына жоғарылады. Одан соң басшылық қызметтегі Оңтүстіктің қазақтарына жайсыз тиген желтоқсанның желі оны жақсылап бір басынан асыра үйіріп-үйіріп алды да, іргедегі ЖенПИ-ге қарай лақтырды. Қалай лақтырса да майып болмай, бұл жерге де мысық секілді аяғымен түсті. Есебі жоқ қыз-қырқынның ортасы өзіне әбден ұнаған болуы керек, сол жүргеннен осы оқу орнында бақандай он үш жыл аялдады. Жай жүрген жоқ, тіл ғылымына түрен салды. Ғылымды айтасың, біз «Жас алашта» ақпараттың ақ қарында омбылап жүргенде, ол Омбы қазақтарының тілін зерттеп, жолындағы кедергінің бәрін бомбылап жүрді.

Байлап қойсаң тұрмайтын сондай бір тынымсыз бала болды өзі. Отыздан аса бере Жоғары аттестациялық комиссия бекіткен профессор куәлігін қалтасына салды. Оны ет қызуымен докторлық қорғамай тұрып-ақ иеленіп алды. Одан соң Еренғайып Омаровпен бірлесіп, «Қайнар» университетінің қазығын қақты. Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтерді. Әйтеуір жан-жағыңның бәрі жаратылыс қой деп, Жаратылыстану ғылым академиясының жұмысын өрге бастырды. Батыс Сібір қазақтарының тілінен кандидаттық, сөзжасам мәселелерінен докторлық қорғады. «Атадан алтау, анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ», – деп Абай айтпақшы, өз әкесі Арыстанбектен кейінгі әкесі Шора Сарыбаевтың, өз шешесі Төлбасыдан кейінгі шешесі Нұржамал Оралбаеваның мерейін үстем еткен ширақ шәкірт бар шәкірттің алды болды. Шора көкемнен ғылыми еңбек қорғаған он жеті ізденуші мен Нұржамал апамның қанатында болған жетпіс бес ұл-қыздың ішіндегі жалғыз академик әзірге осы. Сондықтан кейбір әріптестері айтып жүргендей, дериватологияның дарабозы дейміз бе, немесе сөзжасамның паровозы дейміз бе, білмейміз ғой, әйтеуір, бірақ нақ осы ұғымдар оның үнемі бұзып-жарып жүретін бөлектеу болмысына шынында да дөп келе ме деп қалам.

Биыл біраз жігіттер алпыстың алтын қақпасын ашты. Қақпасын ашып қана қоймай, сол алпысқа алтыннан бау тақты. Сол бауды алпыстың алтын қазығына шалып тұрып байлағанның біреуі – танымал тілші-ғалым Кәрімбек Құрманәлиев.

Алпысқа жұрт әртүрлі жолмен, әртүрлі мінезбен, әртүрлі кейіппен келді. Мәселен, мынадай алпыстар бар... Айшуақ алпыс. Ақжайнақ алпыс. Ағеден алпыс. Ақкөңіл алпыс. Азусыз алпыс. Асау алпыс. Асқақ алпыс. Айбарлы алпыс. Ашушаң алпыс. Ақырған алпыс... Ал Кәрімбектің алпысы алғыр алпыс, алымды әрі шалымды алпыс. Турасынан айтады. Төтесінен тартады. Белі барды бүгілтеді. Үні барды үгілтеді. Жаны барды жібітеді. Желі барды жүгіртеді. Ақиқатты таразыға тартатын сәтте соның өлшем бірлігі ретінде әрдайым ыстық көжесі мен суық көжесі дайын тұрады. Ол көжені ішіп те жарытпайды. Ыстығын ыстық, суығын суық дейді де, айтарын айтып, жөніне кетеді. Кейде болмашы нәрсеге тез тұтанып, түтігіп сала бергенде, Төлебидің ауылына уақытша ұстауға бере тұрған Махамбеттің ұрпағы ма деп қаласың. Бірақ айтымы тез, қайтымы одан да тез.

Қоғамдағы қазіргі өзгерістерге дер кезінде үн қосып жүрген азамат. Бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақты спикері. Жарасқанның Ғафу Қайырбековке арнаған эпиграммасын сәл-пәл жаңартсақ, «Телефонды басып қалсаң – Кәрекең, Телеграмды ашып қалсаң – Кәрекең. Теледидарды қосып қалсаң – Кәрекең, WhatsApp-ты сәл тосып қалсаң – Кәрекең... «Тенгриді» қарап қалсаң – Кәрекең, «Тик-токтарды» сараптасаң – Кәрекең. Әкімдікте оңаша жер бар екен, Кіріп келсең, мұнда да жүр Кәрекең»... Жүрсін. Керек болған жүреді де. Айтсын. Білген соң айтады да... Беделді сарапшы, белсенді сарапшы. Дұрыс қой енді...

Әйтеуір еңбегі еленіп жатыр. Әуелі туған жері, одан соң Қыздар университеті, әрі қарай Тіл білімі институты мен «Қайнар» академиясы ғылыми жиын өткізді. Енді, міне, елордада бас қостық.

Мән бөлек бұл алпысқа келудегі,
Қадамың құтты болсын ЕНУ-дегі!

Қазақ қалжыңының атасы Қалтай ағамыз қолынан іс келетін, мүмкіндікті мүлт жібермейтін мықтыларды «Найзағайға нан пісірін алатын жігіттер» деп сипаттайтын еді. Ауызы дуалы, сөзі уәлі Қалекең айтқандай, төбеңде жарқ-жұрқ еткен найзағайларың көп болсын, оған пісіріп алатын нан-паның да мол болсын, Кәрімбек!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер