Белгілі ақын, жазушы Мұхтар Шахановтың 80 жасын тойлау Түркиядан басталды

8910
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жылдығын тойлау Түркиядан басталды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп бірнеше шара жоспарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Алдымен ТҮРКСОЙ ұйымының Бас штаб пәтерінде «Мұхтар Шаханов-80 жаста» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчы, Түрік тілі қауымдастығының президенті Гүрер Гүлсевин, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Қырғызстанның Түркиядағы елшісі Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжанның Түркиядағы елшісі Рашид Меммедов және түркі әлемінің ғалымдары қатысты.

Барлығы да Мұхтар Шаханов еңбегі жайлы баяндап, оның түркі әлеміндегі рөлі туралы ерекше ықыласпен сөз сөйледі. Шара барысында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев мерейтой иесіне халықаралық ұйымының ең жоғары марапаты – Алтын медаль табыстады.

Түркия президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчы Реджеп Тайып Ердоғанның құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлығын табыстады. Мерекелік бағдарлама Анкара қаласының Ресми Хейкел тарихи ғимаратында концертпен жалғасады. Түркістан қаласынан арнайы келген өнер ұжымы Мұхтар Шаханов әндерін қазақ, түрік, қырғыз және өзбек тілдерінде орындайды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер