ҚАЗЫБЕК ИСА: Үкімет түгел бір жаққа кетіп қалса да, ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жетсек, олардың не керегі бар?

2290
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Үштік” алған үкімет үмітті ақтай ма?!

«Жаңа Үкіметтің жаңаша жұмысын қашан көреміз?. Ауыл сол баяғы тозып барады. Бір салаға бірнеше басшы болса да, бір-біріне сілтеп, ешкім ешнәрсе шешпейді. Шенеуніктер елмен қалай сөйлесуді білмейді. Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік. Ендеше олардың не керегі бар?..

Бізге Елдің жағдайын жақсартатын, халықтың тілінде сөйлесе алатын ұлттық үкімет керек!»

Бұл біздің осыдан тура тура төрт ай бұрын, 14 наурызда Парламентте қаңтар қырғынына байланысты тыңдау өткізілгенде сөйлеген сөзімізден үзінді.

Бұл кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында үкіметтің сыбағасын берген сынын тыңдағанда есімізге түсті...

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндады.

Жартыжылдықта жарытымды тірлік болмағанын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолмен қойғандай шегелеп тұрып көрсетіп берді.

“Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр», - деді ол.

Президент бұл бағытта жаңа идеялардың жоқтығын сынады..

«Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметтің жартыжылдық жұмысына «үштік» баға қойды. Үш министрлік – ҚР вице-премьері -Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шарауашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікғали Брекешов сөгіс арқалады. Бұл үш министрліктің жұмысы қанағаттандырмайды деген сөз. Ендеше олар портфельдерін жинай бастауы тиіс... Жалпы, үкіметтің жұмысы оңып тұрмағаны күнделікті айқын көрінуде. Кеше ғана өңірлерді аралап келген депутаттардың ел алдында әдеттегідей Үкіметтің ауыр кінәларын өздері арқалауына тура келгені белгілі... Президенттің аса мәдениетті, асқан дипломат екенін ескерсек, бұл қойылған «үштік» бағаны еш ойланбай «екілік» деп қабылдай беруге болады...

Президент сынында айтылған күрделі мәселелерді “Ақ жол” фракциясы талайдан бері көтеріп келе жатыр.

Иә, біздің үкіметте жаңа дәуірге сай жаңа қарқын, жаңаша жұмыс, ең бастысы жаңа серпін жоқ. Серпін жоқ жерде сенім жоқ!
Бұдан кейін «үштіккке» зорға ілініп тұрған үкіметке үміт қалады ма?

Ендеше, осыдан төрт ай бұрын парламентте айтқанымыздай, Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік.
Ендеше олардың не керегі бар?..

Қазыбек ИСА

 

Пікірлер