Мүмкіндігі шектеулі Бекбусиновтар отбасы көпке үлгі болуда

2222
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Бекбусиновтар отбасы көпке үлгі болып отыр. Себебі, отбасында мүмкіндігі шектеулі жандар болса да, өмірге деген құштарлықтарының арқасында тағдырдың сынағына мойымай, алға ұмтылып, көпшілікті таңғалдырып келеді. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Бекбусиновтар отбасымен тілдесіп, өмірге деген құштарлықтарының құпиясын сұрады.

Бекбусиновтар отбасы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылында тұрады. Отбасыда мүмкіндігі шектеулі екі бала бар, сонымен қоса отағасының өзі Ораз Бекбусинов те осы санатта, сөйлеу-есту қабілеті төмен. Алайда оған қарамай қолына алған ісін дөңгелетіп, азын-аулақ малын көбейтіп, жаз бойы шөбін шауып, кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар.

«1996 жылы қараша айында үйленіп, тойдан кейін бөлек шықтық. Алғашында біз үшін қиын болды. Күйеуімнің мемлекеттен беретін жәрдемақасымен күн көрдік. Алғашқы баламыз дүниеге келгенде қуанышымызда шек болмады. Алайда тұңғышымыз  Тілегенге ДЦП диагнозы қойылды. Содан кейін түрлі аурухананың табалдырығын тоздырдық», - дейді отанасы Нұргүл.

Ұлының тамырын байлап, тағдырына қиындықтар әкелген кесел – медицина тілінде церебральды сал ауруы (ДЦП) деп түсіндіріледі. Қазіргі медицина бұл ауруды емдеуге қауқарсыз. Алайда 26 жастағы Тілеген өмірге құштар. Анасының айтуынша, қазір әкесіне қолғабыс етуде.

«Тұңғыш балам жұмыс істегісі келеді. 9 бітіргеннен кейін программист оқуын оқып алды. Екі дипломы бар. Алайда мүгедектігі болған соң, ешқандай мекеме жұмысқа алмайды. Маған «мама, мен жұмыс істегім келеді. Мен пенсия емес, жалақы алғым келеді. Мен барлық жұмысты істей аламын» дегенде не айтарымды білмей қалдым. Биыл жұмыссыздықпен жұмысқа тұрды. Жақында алғашқы жалақысын алып, мәз болып жүр», деп күрсінді Нұргүл.


Фото: Үлкен ұлы Тілеген мен кіші ұлы Арман

«Жолдасым алғашында барлық жерге барып, жұмыс іздеп көрді. Күзетші де болды. Отбасы болып кету үшін барынша шыдап, барлығынан үнемдедік. Мен саудамен де айналыстым. Алматыдан тауарлар алып келіп, сатып та көрдім. Қолдан атшана жасап, бір бұзауға алмастырып алдық. Алғашқы малымыз осы болды. Жыл сайын өзге отбасылар соғым сойса, біз мүлде соғым соймай, ет те жемедік. Бір малымыз екеу болу үшін барымызды үнемдеуге тырысып, өйстіп үлкен шаруа қожалығына айналып отырмыз. Шүкір!», - дейді Нұргүл.

«Арман» шаруа қожалығының ашылғанына көп бола қоймаса да,  қожалықтағы мал саны артып, өркендеп келеді. Бүгінде жиырмаға жуық жылқы, жетпіске жуық ірі қара және ұсақ малдар бар.  Одан бөлек, бау-бақша егіп отыр. Мүмкіндігіміз шектеулі деп, үкіметке алақан жаймай, тиісінше өзгелерді кәсіппен қамтысақ деген ойлары да бар.


Фото: “Арман” шаруа қожалығы

«Үлкен ұлым Тілегеннен кейін, қызым Әсем дүниеге келді. Құдайға шүкір, оның дені сау. Қазір медициналық колледжде оқиды. Ал одан кейін 2008 жылы балам Арман дүниеге келді. Өкінішке орай, ол даун синдромымен ауырады. Жасы он төртте болса да, екі жасар бала тәрізді. Алғашында дәрігерлер маған «ондай баланы баға алмайсыз» деді. Мен жоқ деп жүріп, алып кеттім. Балаларымды тастау ойыма да келмейді. Арманды 7 жасқа келгенде мектепке де алмады, мүгедектік алыңыз деді. Мен қолымнан келгенін істеуге тырыстым. Әрдайым балаларымның бақытын тілеп, еңбек етуге дайынмын» , - дейді ана.

Отбасында үш бірдей мүмкіндігі шектеулі жан бар болса да, Бекбусиновтар отбасының отанасы Нұргүл барлығын өзім жеткіземін деп отыр. Ол күйеуімен сурдо тілі арқылы сөйлесу үшін оны меңгеріп те алған. Табыс табу үшін кейде сурдо аудармашы боламын дейді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар бар болса да, олар қоғамның мүшесі. Ешқандай сынаққа мойымай, өмір сүруге талпыну крек. Қолыңнан келетін іспен айналыссаң, берекелі болады», - дейді Нұргүл өзі сияқты мүгедек бала өсіріп отырған аналарға шабыт беріп.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер