«Ұл, қызымды Мәсімов жұмыстан шығарып жіберді»: Софы Сматаев жазба жариялады

2849
Adyrna.kz Telegram
Фото: Софы Сматаев / facebook
Фото: Софы Сматаев / facebook

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Софы Сматаев екі министрлікте қызмет істеп жүрген ұлы мен қызын Кәрім Мәсімов бір-ақ күнде жұмыстан шығарып жібергені туралы айтты. Ол бұл туралы фейсбуктегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жазушы кейінгі уақытта денсаулығының нашарлағаны жайлы жиі жазып жүр. Оның айтуынша, үш ай сайын ем алып жүрген ауруханасы өзін тіркеуден шығарып тастаған.

«Асқазаны жоқ ағзамның қабылдаған тағамды жартылай ғана қорытып, қажетті витаминдерді жеткізе алмай, қанымды сұйылтып, ағарта бастағанда, ауруханаға үш айда бір жатып, қызыл түйіршіктерді біраз жинап қайтушы едім. Тіркеуден шығарып тастағаннан бері сол қан ағаруынан сескенген үрейімді көбірек жазып кетіп, үмітімді үзгізбей, жігерімді жасытпай қадағалап отыратын Шәкем ол жаққа кеткелі үргедек уайымға салынып, сіздерді де шошытып алғанымды сезініп отырмын. Тамыздың онынан ауруханаға жатып-шығып, құдай қаласа, құлдыраңдап оралам ғой», – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол отбасы жайлы да сөз қозғаған.

«Құдайға шүкір екі ұл, бір қыз, төрт немерем бар. Бәрі университет тәмамдаған мамандық иелері. Қызым университеттен соң Кимепте ағылшынша оқып, сонда ағылшын тілінде сабақ та берген.

Кейінде екі министрлікте қызмет істеп жүрген ұл, қызымды Кәрім Мәсімов бір-ақ күнде жұмыстан шығарып жіберген- еді. Оған себеп – менің «Қ.Мәсімовтың Қытай мен Ресейдің жоғын жоқтап, қазақ мүддесін аяққа таптап отыр» деген мақаламның жарық көруі еді.

Үш балам да мемлекеттік қызметке маңайлатпаған соң, аулақтанып қалып, тиіп-қашты шаруамен күн көріп жүр.

Барселонадан оқу бітіріп келген немеремді қызметке алуын сұрап елбасыға хат та жазғам. Назарбаевтың «тапсыруымен» қала әкімі болған Бауыржан Байбек мырза немереме Ұлттық Сарайдың аула сыпырушысының (дворник) айлығы 35 мың орынбасарының «лауазымын» ұсынып, мазақтағандай  төбемнен басып, төмен тұқыртқан.

Иә, бұл менің отбасымның өзгелерден озбаған да, қалмаған да күйі ғана», – деп жазды қаламгер.

Оның сөзінше, тіркеуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері деген атағы жарамайды. Тіркетуге керегі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Немесе жазушыда Қазақстанның Еңбек Ері атағы болуы тиіс.

Пікірлер