Асаубаевтар Қытайдың қанатына неге кірді?

2305

Ең бірінші Асаубаевтар кімдер? Соған жауап берейік. Қазақстанда үлкен бизнес жасау үшін үлкен "тіреу" керек. Асаубаевтардың бағы қалай жанды? Айдар Асаубаевтың әйелі Ләззат - Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың әйелі Сараның туған сіңлісінің қызы. Назарбаевтар әулетімен құдаласқан отбасының осылайша әп-сәтте жұлдызы жарқырайды. 

Асаубаевтар отбасы отандық БАҚ назарын екі-үш жылда аударып отыруды әдетке айналдырғандай. Осыдан тура екі жыл бұрын Жерорта теңізінде өртенген яхтада дәл осы отбасы мүшелері болған деген дерек бар. Одан өзге Ресейге сатылған «Қазақалтын» АҚ акциялары төгірегіндегі дау да ел есінен шыға қойған жоқ. Осы оқиғадан кейін Қазақстан да ірі инвесторлардың қаржы құятын тізімінен шығып қалған-ды. Отбасының «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» алдындағы 300 млн доллар қарызы да осындай кезде айтылып қалады. Әйтпесе, оны сұрап, артынан шырақ алып жүрген жан жоқтың қасы.

Оқырманға түсінікті болу үшін «Асаубаевтар кім және кәсіп тарихы» деген сауалға жауап берелік. Отбасы басшысы – Қанат Асаубаев. «Қазақалтынды» мемлекеттен сатып алып, дамытқан кәсіпкер. 2005 жылы IPO арқылы құнды қағаздарын сатылымға шығарғанда үлкен Асаубаев компанияның президенті әрі бас директоры тұғын. Одан өзге 2006 жылы мемлекеттен «Құрмет» орденін алғанынан хабардармыз. Бұның бәрі ашық дереккөздерден алынған мәлімет. Қанат Асаубаевтың марқұм Маруся Асаубаевадан туған Бауыржан, Айдар, Санжар есімді үш ұл бар және олар да әке жолын қуған кәсіпкерлер. Үлкен ұл Бауыржан Асаубаев 2015 жылы жол көлік апатынан қаза тапты. Отбасы қазір Қазақстанда тұрмаса да дөңгелетіп отырған кәсіптері баршылық. Халықаралық Forbes журналының 2012 жылғы дерегі бойынша, отбасының ауқаты 280 млн АҚШ долларына тең еді.

Сонымен, Асаубаевтар бұл жолы қазаққа тиесілі темір қоры мен тас майы ұңғымаларынан түсетін пайданы үлеске шығаруға бел буыпты.

Бұл жайлы қытайда ағылшын тілінде басылатын South China Morning Post жазып отыр. Отбасы Гонконг биржасынан не жоғалтты? Соңғы уақытта Қытай билігінің солақай саясаты Гонконг биржасына деген қызығушылықты азайтқаны мәлім. Қазір оның қызметіне тек жергілікті компаниялар ғана жүгінеді. Гонконг биржасында жыл басынан бері  тек бір ғана шетелдік эминтент болыпты. Асаубаевтар үлеске шығарған Kazakh Steel және MM Petroleum кезектісі.

ММ Petroleum меншігінде Каспий теңізінің солтүстігінде 14 тас майы ұңғымасы бар. Ал, Kazakh Steel батыс өңіріндегі темір іздеу құқығына ие. Осы екі компания да Гонконг биржасына өтініш жіберген.

Бұл кезекті назар аудару тәсілі болуы әбден мүмкін. Қанат Асаубаевтың екінші ұлы Айдар Altyn GOLD алтын өндіру компаниясының басшысы екенін естен шығармаған жөн. Altyn GOLD 2020 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы 10 млн долларға жуық қаржы тартқан-ды. Асаубаевтар бұл жолы құнды қағаздарын неге Қытай арқылы сатылымға шығаруды көздеп отыр?

Кей сарапшылар, сыртқа сатылған акцияларды мемлекет қайта сатып алғысы келсе қиын болатынын айтуда. Асаубаевтардың көздегені де осы шығар?! Әзірге, қазақтың жер асты байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Адырна» ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket