Қазағым деп жанын салған ағамыз да бақилық болды - САЯСАТТАНУШЫ

2194
Adyrna.kz Telegram

Балташ, балта, айбалта... Ағатай...
Мансап пен дүниеге масаттануды, атақ пен даңқты, кеудеге тағатын қаңылтырды ары итеріп қойып, қазағым деп жанын салған ағамыз да бақилық болды.

Қазақ Ғылым Академиясының тарих және этнография инститында аспирант кезім. 86 –ң желтоқсан лебі қазақ жастарын рухани біріктіріп, қазақ тілін сақтау, баспанасыз отбасыларды жермен қамтамасыз ету, қазақ мектептері мен сыныптарын ашу, білімді жастарды даярлап, елге қызмет ету тәрізді асқақ армандар жалынды жүректермен ұштасып жатты.

Желтоқсаннан кейін, аға буын, орта мен кіші буын бір-бірімізді іштей қолдап, қамқорлық танытып, «исі қазақ» деген термин осы кезде аса бір салмақты сөз болды. «Үлкен ағаның» бастан сипап боданда ұстап отырғанын, тарихшы болсақ та көп біле бермеппіз. Парадқа шығамыз, «халықтар достығы» деп уралаймыз. Байқоңырдан ұшқан космонавтар мен коммунистік парти Орталық Комитеті Саяси Бюро мүшелерінің портреттерін әр жерге іліп, жаттаймыз, парадта көтеріп жүреміз. Жүре беріппіз..

1990 жылдың жазында, Алматы маңындағы жерлерді, қазақ жастары болып басыпала бастадық. Балташ ағаны сонда алғаш көруім. Ол кезде билік қазекеңде емес еді. Кейіннен білдік қой, ағалардың қазақ үшін «өз майдандары» бар екенін. Тіл, жер, мамндар даярлауда ағалар ыммен қимылдап, тізе қосып амалдағанын.
«Орбитаның» жоғары жағында жатқан біздерге үлкен адамдар келе бастады. Жер басып алу заңсыз әрекет,- деп қояды. Қазақтың сөзі интонация мен тонға байланысты, қатты сөздер жинағы болса да қоңыр дауспен созып айтқанда, бесік жырындай болады емес пе. Балташ ағамыздың түрі сұсты боксердай болғанымен, жүрек жылуын исі қазақ сезіп қойдық.
«Кетпейміз, осы жерді сіз бен біздің бабаларымыз қасық қанын төгіп жүріп мұра еткен!»деп шуылдаймыз. Ағалардың аузынан басқа сөз шықса да, мейірім мен қазағым-ау,- деген лебіз келіп тұрды. Бұл жөнінде 2020 жылы «Алматыны кім қазақтандырды?» деген материалым жарық көрген еді, сол жерден толық оқырсыздар. Сілтемесін соңына қоярмын.

Ғұмырларын ел ертеңіне арнаған асыл ағалардың еңбектері мен қызметтері туралы әлі талай жазылар, зерттелер.

Халық өзінің жанашырларын ұмыта қоймайды. Келер ұрпақ алтын әріппен есімдерін тізе жатар. Қазақтың қалқаны бола білген ағаларымыз біртіндеп Жаратушының құзырына кетіп жатыр. Сән-салтанатсыз, оркестр мен салютсіз. Шынымен де, бұл дүниедегі құр даңғырдың қажеті қанша?

Ол жақта сұралатының жасаған амалдарың. Елің мен жеріңді, артыңдағы ұрпағыңды ойлап, жүгірген қызметің. Балташ ағамыз қолынан келгенін жасады. Алла күнәларын кешіп, жаны жаннатта болуын нәсіп етсін.

Иә, қазақ елі тағы бір өткір айбалтасынан айырылды..Ағалардың орнын басатын қалқандар мен айбалталар жас ұрпақта тәрбиеленіп, рухтары шыңдалып жатыр ма екен...

https://kaz.zakon.kz/5021679-almatyny-k-m-aza-tandyrdy.html

Мадияров Мирхат – тарих ғылымдарының кандидаты, қоғамтанушы, саясаттанушы, дінтанушы

17.08.2022жыл.

Пікірлер