Психологиялық әлсіз, нақты мақсаты жоқ жастар әскерге шыдай алмай жатыр - Психолог

3776
Adyrna.kz Telegram
Фото: massaget.kz
Фото: massaget.kz

Әскерде әлімжеттік көрініс алып, салдарынан жиі қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Бұл тәртіптің ақсауынан ба? Әлде әскери өмірдің қатаң қағидаларына психологиялық әлсіз балалардың шыдамауына байланысты ма? Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталының тілшісі психолог Ермек Нұрымовтан сұрап білді.

Қазіргі кезде әскердегі сарбаздардың өлімі жиілеп кетуінің басты себебі, бұл - әскердегі өзіндік жүйенің әлі сол бұрынғы Кеңес үкіметіндегі жүйемен қалып қоюы. Ол кездегі әскери қысымға борышын өтеушілер шыдай алды. Ал қазір телефонды ғана қолданып, қиыншалық көрмеген жастар әскерге баруда. Олар әскердегі қатаң жүйеге қалыптаса алмай, әсіресе психологиялық әлсіз балалар шыдай алмай жатады, Бұл- бір. Екінші кезекте әскерде болсын, жалпы біздің қоғамда болсын ұлттық идеологияның әлі пісіліп, жетілмегенінің салдарынан болып отыр. Өзге мемлекетпен салыстырып қарайтын болсақ, мәселен, мұсылман мемлекеті Түркия. Ол жақта әскер 2 немесе 3 жылдық. Сонда да олар “елімді, жерімді қорғаймын” деп  әскерге баруға талпынып тұрады. Өйткені, олардың идеологиясы, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мүлде басқаша. Ал біздің идеологияның кемшіл тұстары өте көп. Жастардың нақты мақсаты жоқ болғандықтан, мәжбүрлі түрде әскерге барғандықтан әскерде шыдай алмай жатады”, - деді психолог.

Ермектің айтуынша, әскерде өз-өзіне қол жұмсаудың салдары ата-ананың балаларына рухани азықты толыққанды бере алмағандығында болуы мүмкін. 

Қазір жұмысбасты ата-аналар балаларына рухани азық бере алмай, әскердің маңыздылығын түсіндірмей жатады. Шетел психиатрі, ғалым Виктор Франкл фашистердің еврейлерді қамап ұстап отырған кезінде суицидтің салдарын зерттейді. Енді сол кезде еврейлердің қиналып жатқан кезде ішінде қанша қиыншылық көрсе де төтеп бергендері бар. Бірақ қиыншылыққа шыдамай сол жерде өзіне-өзі қол жұмсағандары да бар. Солардың арасын ажыратып, зерттеген кезде осындай тұжырымға келген: Егер адамның іші бос қуыс кезде, яғни нақты мақсаты, нақты өмірге деген сүйіспеншілігі, рухани азығы болмағандықтан өлімге өзін итермелейді екен”,- дейді ол.

Сондай-ақ, рухани азықтан бөлек, адам психологиялық азықпен де сусындауы керек екен.

“Адамда негізі үш азық болуы керек. Біріншісі, ол - рухани азық, екінші - материалдық азық, үшінші - психологиялық азық. Әке-шешесі материалдық азық деп, бүкіл материалды қанағаттандыру салдарынан, жұмыс істеп, балаларын киіндіріп, ішіп -жегізіп жатыр дейік. Алайда балаға қолдау, психологиялық тұрғыдан көмек жоқ. Бала кезден ұлттық тәрбиені, ұлттық құндылықтарды толыққанды сіндіре алмайды. Мысалы, ненің жаман, ненің жаман екенін көрсету керек. Кішкентайында ертегі айтып, батырлардың қандай қиындықта өскенін көрсету.  Міне, осындайды жастайынан балаларына сіңірмегендіктен олардың психологиясы өте әлсіз болады. Одан кейін геннен келуі де мүмкін. Ата-бабалары суицидке жақын болуы мүмкін. Мұны да зерттеу керек”, -деді психолог.

Психологтың айтуынша, кез келген адам әскерге бармас бұрын психологиялық дайындықтан өтуі керек.

“Мен студенттеріме “әскерге барғыларың келе ме?” деп сұрағанмын. Сонда түсінгенім, қазақ тобының 99%-ы “барамын” деп құлшынып отырады. Ал орыс тобының басым көпшілігі “уақытымды кетіргім келмейді, бармаймын” деп жауап береді. Сонда бір жағынан қарап отырсақ ауылда өскен немесе сол таза қазақи отбасындағы балалардың елін қорғау, отанын қорғауға деген құлшынысы бар екенін байқайсың. Ал орыс тобында өскен балалардың мейлі қазағы болсын,  орысы болсын олардың баруға деген ықтималдылығы өте төмен. Әскерде қорықпас үшін отбасынан бөлек, мектеп қабырғасында да үйрету қажет. Қазіргі жастарға коммуникация жетпейді. Соның салдарынан әскерде зардап шегіп жатады”,- деп сөзін қорытындылады.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер