Путин үшін Назарбаев қосымша «көзір» болып отыр - Досым Сәтпаев

2864
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиге РФ президенті В. Путинмен кездесті. Екі ел басшысы нені талқылауы мүмкін? Назарбаевтан кейінгі билік транзиті мен елде жүріп жатқан қамаулар барысы талқына ма? Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін бе? Бұл сұрақтарға саясаттанушы Досым Сәтпаев арнайы arasha-ға жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Назарбаевтың статусына қатысты сөз болады деп ойламаймын. Назарбаевтың кепілі – Путин.  Оны біз қазір жақсы байқап отырмыз. Бірінші президент қазір белсенді бола түсті, көпшіліктің алдына шыға бастады. Тіптен, бұрын маңайында болған адамдармен бірге көпшіліктің алдына шыға бастады.

Ал, Путин үшін Назарбаев қосымша «көзір» болып отыр. Назарбаевтың қауіпсіздігіне кепіл бола тұра ол, Тоқаев жүгенсіз кетсе қолындағы «көзірін» пайдалануды көздейді. Бұны Тоқаев та біліп отыр. Дегенмен, осы жолғы кездесуде Тоқаев Назарбаевтың айналасындағылар мен оның отбасы мүшелерінің қайсысын қамай алатынын және кімге тимеу керегін талқылайтын болады. Іс жүзінде Тоқаев алғашқы соққыны жасады. Беделін арттырып, рейтингін өсіру үшін оған бұл үрдісті жалғастырып, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет болып тұр. Алайда, бұл жерде Назарбаев кімді ұстап беруге дайын және кімді қорғай алады деген сұрақ туындайды. Бұл Путин арқылы шешіледі. Өйткені қол тигізуге болмайтындар тізіміне кімдер кіретіні белгісіз. Ол тізімге Тимур Күлібаев, Дариға Назарбаева кіре ме әлде тек Назарбаев қана кіре ме? Сондықтан Тоқаевты қазір кімге тисе алам деген сұрақ алаңдатады. Ал, Назарбаев қазір Тоқаевтың тимеу жөніндегі тізімінде тұр. Қаңтар айынан бері оның қауіпсіздігіне Путин кепіл болып отыр”, -делі ол.

Сондай-ақ, Досым Сәтпаевтың айтуынша, Тоқаев қазір Батыс елдері алдында өзін жөні түзу басшы ретінде көрсеткісі келеді.

“Путин мен Лукашенкоға осындай дүлей ой келсе де, Тоқаев ондай бассыздықтан бас тартуға шамасы келер. Ол бұған дейінде ҰҚШҰ құрамында Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа қатыспайтынын айтқан.

Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік жөніндегі резолюциясымен тек бейбіт бітімгер ретінде ғана қатыса алады. Тоқаев қазір Батыс елдері алдында өзін жөні түзу басшы ретінде көрсеткісі келеді, яғни Лукашенко сияқты қарабет болғысы келмейді. Сондықтан ол өзін тәуелсіз ретінде көрсетіп, Украинадағы соғысқа қатыспайтынын айтып жатыр. Егер Қазақстанның бүйрегі Ресейге қарай бұрып кетсе алдымен санкция салынады. Қазақстан басшылары мен бизнес элитасы одан қорқып отыр”,- дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы қазақстандықтара Украинадағы жағдайды жіті зерттеуге шақырды.

“Украинадағы жағдайдан Ресейдің өте қауіпті көрші екенін көруге болады. «Бейбітшілікте өмір сүргің келсе – соғысқа дайындал» деген мәтел бар. Қазақстан қазір Украинадағы жағдайды жіті зерттеуі керек. Әсіресе экономикалық мобилизация, қарулы күштердің дайындығы, қарулы күштердегі модернизацияға мән беру керек. Өйткені Украина қалай тиімді қарсы тұруға болатынын көрсетті. Оның үстіне Украинадағы ақпараттық соғыс та біз үшін маңызды. Қазақстанның ақпараттық кеңістігі Ресейдің ықпал ету аймағында тұр. Бұл жерде Қазақстан билігі мен ақпаратқа жауап беретіндерге қатысты көптеген сұрақ туындайды. Қазіргі жағдай Қазақстанның қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр. Елдегі халықтың басым бөлігі әлі де ресейлік телеарналарды көріп, соған сеніп отыр. Олар Украинадағы соғысты қолдайды, бұл біз үшін қауіпті. Ресейдің басып кіруін сценаридің бірі ретінде қарастыруымыз керек. Егер қазір болмаса келешекте басып кіруі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстаннан кері шабуыл балансы болатынын Путинге көрсету керек.

Ол – Түркия. Ердоған бұған дейін Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеген. Оған қоса Қытай бар. Осы күзде Си Цзиньпин Қазақстанға келуі керек. Қазақстан мен Ресейдің соғысы Қытай үшін ең жаман сценарий. Өйткені Қытай 15 жыл ішінде Қазақстанға 30 млрдн доллар инвестиция салды. Қазақстан территориясы арқылы Еуропаға тауар жеткізіп отыр. Оған қоса Қытай Қазақстандағы кез келген қақтығыс Орталық Азияға тарап кетеді деп алаңдайды. Сондықтан Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасауы Қытай үшін үлкен қауіп. Мұндай жағдайға Қытай түбегейлі қарсы болады деп ойлаймын. Ал, Путиннің қазір Қытайдан өзге серіктесі жоғын ескерсек, Ресей ондай сценарийге бара қоймайды”, - деді Досым Сәтпаев.

Саясаттнаушы партиялар туралы да пікірін айта кетті. Айтуынша, биліктің қолдан жасаған партиялары емес, нағыз партиялар келу керек.

“Парламент Мәжілісін қайта сайлайды екен деген сөздер шығып жатқаны белгілі. Алайда, мен үшін саяси өзгеріс дегеніміз саяси институттардың өзгеруімен байланысты. Ең бастысы иниституттардың сапалы өзгеріс болу керек. Егер Қазақстанда бірде бір саяси партия құрылмаса Мәжілісті қайта сайлағаннан не пайда? Бұрынғы ескі партиялар қайта Парламентке келеді. Кезінде Назарбаевты қолпаштап, қазір Тоқаевқа қарай ығысқан, яғни халыққа емес, президентке қызмет көрсететін адамдар қайта келгенімен не өзгереді. Сол үшін алдымен жаңа партиялық жүйені құру керек. Биліктің қолдан жасаған партиялары емес, нағыз партиялар келу керек. Онсыз саяси өзгерістердің бәрі бос әурешілік болады.

Қазір Тоқаевтың беделі біраз жақсарды, келесі жылы ол нашарлап кетуі мүмкін. Қазақстанның экономикалық жағдайы күн санап нашарлап жатыр. Мұның барлығы 1-1,5 жылда үлкен проблема тудыруы мүмкін екенін түсініп отыр. Президент сайлауы елдегі проблеманы өзгертпейді, тек ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Тоқаев та қазір бұрынғы элитаға арқа сүйеп отыр. Оппозицияға қарсы да бұрынғы тәсілдерді қолданып отыр. Тоқаев орнынан кеткенге дейін қандай өзгеріс жасауы мүмкін, ертең оған аяқ астынан бірдеңе болып қалса қаңтар оқиғасындағыдай элита арасында тағы тартыс болып кете ме әлде бәрі Конституция аясында шешілетіндей институт қалыптастыра ала ма? Ондай институт – Парламент, Жоғары сот және сот жүйесі. Бірақ онда ешқандай өзгеріс болып жатқан жоқ”, деп сөзін қорытындылады.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер