Облыс әкімі үздік студент-жастарға диплом тапсырды

1869
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Халықаралық Тараз инновациялық институтының бітіруші түлектерге арналған «Диплом тапсыру-2022» салтанатты кешке қатысты.

Аймақ басшысы түлектерді маңызды сәтпен құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

- Бұл күн – әр түлектің өмірінде маңызды орын алатын, келешек қадамдарыңа тың серпіліс, жаңа үміт сыйлайтын күн!

Сендердің үлкен өмірге қанат қағып отырған осы сәт еліміздің жаңа бастамаларымен, жаңа бетбұрыс кезеңімен сәйкес келіп отыр. Сондықтан, елдің ертеңгі болашағы ретінде жастарға үлкен үміт артылады.

Жас түлек ретінде мемлекетіміздің тұғырын биік, еңсесін тік ететіндеріңе кәміл сенеміз.

Білім, тәрбие, еңбек сынды үш қасиетке арқа сүйеген маман ғана елдің дамуына үлес қосып, нәтижеге қол жеткізе алады,-дей келе Нұржан Нұржігітов бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауда Халықаралық Тараз инновациялық институты үлкен шаруалар атқарып жатқандығын атап өтті.

Соңғы жылдары институтта студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 500 орындық жаңа студенттік жатақхана, «OPEN SPACE» (оупен спейс) форматындағы кітапхана, Студенттердің шығармашылық орталығы, «Қысқы бақ» кешені, заманауи үлгідегі аквакультура ашылған. Биыл бұл жоғарғы оқу ордасы 100 орынға грант бөліп отыр.

Ағымдағы жылы осы институттан 3 мыңға жуық студент диплом алуда. Өткен оқу жылында институт түлектерінің 70 пайызы жұмыспен қамтылған.

Түлектердің қадамына құт тілеген облыс әкімі бірқатар магистранттарға «магистр» академиялық біліктілігі және тағайындалған үлгідегі дипломдарды тапсырды.​

Мұндай салтанатты рәсімге облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали  Сарыбеков, облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев қатысты.

Кеште ЖОО мақтаныштары марапатталып, үздік және белсенді түлектер сөз алып, ой әсерлерімен бөлісіп, институт басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын жеткізді.

Пікірлер