«Қазақ тілі қоғамының» жаңаша қадамы - «Көрнекі» жобасы

2943
Adyrna.kz Telegram

1989 жылы 22 қыркүйекте құрылтайын өткізген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы шын мәнінде сол кезеңдегі қазақ халқының саяси-қоғамдық майданы болатын. Ол кезде өз жерінде 40 пайызға толмайтын қазақ халқы 1986 жылы қызыл империяның ыдырауына түрткі болған Желтоқсан оқиғасының салдарынан басып жаншылғандықтан саясибелсенділігі бәсеңдеген еді. Ол кезең халқымыз үшін экология мен тілден бастау алатын мәселені көтеруден саяси белсенімге ұмтылды. Тіл турасындағы белсеніс қазақ қоғамын жаңа сатыға көтерді. Ұлттың зиялы қауымы жұдырықтай жұмылып, Алматы қаласындағы «әкем-театрда» тіл қоғамын құру арқылы руханиятқа ту көтеріп кірісті...

Дегенмен, елдің өткен 30 жылдық егемен дәуірі қазақ тілін мемлекеттік істерге толық араластыра алмады, орыс тілі кеулеген алуан ұлыстар мен диаспораны сыртқы империялық идеология жайлаңқырап, мемлекеттік тіл мәртебесі шынайы сипатқа ие бола алмады.

Бұл дағдарысқа тойтарыс беретін кезеңді 2021 жылғы қарашада Түркістанда өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайынан іздеп табуға болар. Бұл жолы да мемлекет кірісіп, руханияттағы біршама қауқарлы азаматтарды жинап, тіл мәселесін жаңа сатыға көтеруді мақсат етті. Қоғамның іс-әрекетіне жаңа сипаттағы форматтарды енгізу мұраты қойылды.

2022 жылдың басынан басталған қоғам жұмысының басты тұрпаты оның филиалдары мен құрылымдарын қайта құрып нығайтудан басталды.

Осыған дейін 37 филиалы болған Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының биылғы жылы 80-нен аса филиалының ашылуы рəсімделіп, елдің  17 өңірінде толық тіркелді. Енді жаңадан ашылған облыстардағы филиалдар мен бөлімшелерді құру қолға алынуда.

Қоғамның басты жұмыс тәсілі нақты мәселелерді шешу үшін жобалар әзірлеп, соларды іске асыру болып табылады. Солардың бірі «Көрнекі» жобасы, бұл жоба 2021 жылы қоғам президенті Берік Әбдіғалидың бастамасымен Мәжіліс депуттары кірісіп, Көрнекі ақпарат туралы заңды толықтырып, түзетілген соң басталды. Бұл заңға Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойған еді.

2022 жылдың басы қоғам үшін екі тарапта жұмыс атқарудан басталды: біреуі қоғамның құрылымдарын жандандыру мен қайта құру, екіншісі тілге қатысты мәселелер бойынша жобалар әзірлеп қолға алу.

Бұрын-соңды соңғысы жүйелі қолға алынбағандықтан бұған жоба жасай алатын және жүзеге асыра білетін адамдар тарту көзделді. Соның нәтижесінде қоғамның вице-президенті Максим Рожин мен атқарушы директор Лариса Алдабергенова «Көрнекі» жобасын әзірлеп, іске асыруды бастады.

Жобаның мақсаты - Қазақстандағы  көрнекі ақпаратқа қатысты заңдардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы жергілікті қоғамдық орындардағы көрнекі ақпараттың сапасы мен санын жетілдіру. Жобаны іске асыру арнайы дайындықтан басталды: қажетті зерттеу жұмыстары мен серіктестерді тұтынушылар заңнамасын, сондай-ақ коммерциялық құрылымдардың көзқарасы мен қолдауы қарастырылды.

Жобаны жүзеге асыру үшін ең әуелі қаржы мәселесі қарастырылды, бұл мақсатты елорданың әкімдігі қолдап, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қаржыландыруды қолға алды. Жобаны жүзеге асыруда ең әуелі жастар контингенті таңдап алынды - бас қаладағы заңгер және филолог студенттер арасында өз еріктерімен волонтерлар іріктелді. Жобаның мамандарын әзірлеу мен заңгерлік жағынан сауаттандыру мақсатында елге белгілі заңгер, қоғам қайраткері Абзал Құспанның республикалық онлайн семинары өткізілді.Семинарға қатысуға республика бойынша 200-ге жуық адам тілек білдірді.

Аталмыш жоба Қарағанды облысында бұрынырақ басталып, оған  бірнеше өңір кірісуге дайындалды.  Алайда, қаржының тікелей тіл мәселесін қамтуға арналған мемлекеттік бюджеттен қарастырылуы кемшін болғандықтан, көп өңірлерде бұл жоба қағажу тартып кеткенін жасыруға болмайды.

Осы жоғаға қатысты 14 наурызда «Қазақ тілі» қоғамы жобаны кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге таныстыру үшін арнайы форум өткізді.

«Көрнекі» жобасының аясында мынадай жұмыстар жүргізілді: арнайы дайындықтан өткен еріктілердің күшімен барлық көрнекті орындардағы тұтыну ақпараттары бойынша қазақ тіліне қатысты қате мен заң бұзу фактілеріне фотофиксация жасалды: фотоға түсіріліп тіркелді. Келесі кезекте бұл фактілермен арнайы штаб жұмыс жасап, оны сол бизнес нысандарына көрсетіп, түзетілуі талап етілді, қажет жағдайда мәтіні ақысыз түрде түзетіліп, қазақшаланып оларға құқық жағынан ақпарат берілді. Егер де заңдаманы орындамау қасақана орын алған болса, оны тиісті сот органдарына жүгінуді тұтынушылар тарапынан қолға алу да қарастырылды. Алайда, мәселені ушықтырмай шешудің стратегиясы қолға алынып, әзірге істі сотқа жеткізу мен бизненске залал келтірмеу жағы да қарастырылып отыр.  Бұл үшін жеке тұтынушылар тарапынан талап жазылып, оны құқықтық жағынан қолдау іске асырылатынығы қаралды. Бұл жағынан Тұтынушылар одағы тарапынан қолдау тапты.

Жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1600-ден аса заң бұзу фактілері тіркелді және оларды түзету үшін алдын ала хат жолдану үстінде, кәсіпкерлік басқармасымен бірлесіп, бизнесмендерге құқықтары мен міндеттерін ұқтыру мен ақпарат беру қолға алынды.

Жобаға әлеуметтік желіні қолдану мақсатымен Kornekiproject және Astanatilbasqarmasy инстаграм-парақшалары жасақталды, жобаны таныстыру мен заңдаманы түсіндіру тұрақты түрде посттар жарияланды. Сондай-ақ, Google сауалнама әзірлеу қолға алынды.

Жобаның барысын заңдық жағынан қадағалау белгілі заңгер Ләззат Ахатоваға жүктелді.  Жобаның жетекшісі Мақсат Мәлік пен еріктілер легін басқарушы жас заңгер Әлия Сари өздерінің ұйымдастыру қабылеттерін арттырды.

Жоба ақпан-тамыз айлары арасында жүзеге асырылды.

Астананың «Алматы» жəне «Есіл» аудандарында орналасқан 2000-нан астам нысанға мониторинг жүргізілді жəне кəсіпкерлерге көрнекі ақпарат мəтінін аудару (түпнұсқалылық) бойынша əдістемелік көмек көрсетілді.

Бұл жоба қоғамның мамандарын жетілдіруге біршама септігі тиді. Алайда тұтасымен республикалық ауқымға шығуға қаражаттың тапшылығы аяққа тұсау болып отыр.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қаражаттың тапшылығына қарамастан қолда бар интеллектуалдық жобаларды тегін таратып, олардың атқарылуын ұйымдастырды. Мысалы, биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында «Балабақшалардағы жаңаша Наурыз» жобасына арнайы тұжырымдама мен сценарийді республика көлемінде таратып, арнайы зум-конференция өткзу арқасында бір ғана Тараз қаласындағы 30-ға тарта балабақшада бүлдіршінден ата-аналарымен бірге Наурыз мерекесін ерекшеліп атап өтті. Одан басқа тілге қатысты ушыққан тақырыптар мен ахуалдарда қоғамның белсенділері тікелей араласып, дүрбелеңді болдырмай, оның нақты шешілуіне атсалысты, мәселені қоғамның назарына объективті түрде жеткізуге тырысты. Соның бірі – бас қаладағы жаңадан ашылған 93-мектеп-лицейіне қатысты болған дүрлігу еді.

Жалпы тіл мәселесінің шешілуіне қоғамның елдегі барлық филиалдарының тұтаса жұмыстануына әлде де мемлекеттік тараптан көзқарасты барынша өзгерту жағы күтіліп отыр. Нақтырақ айтсақ, Тіл комитетімен тізе қоса атқаратын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына республикалық жобаны қолға алуға арналған айрықша мемлекеттік қамқорлық керек-ақ.

Серік ӘБДІРЕШҰЛЫ,

Нұр-Сұлтан қаласы

Пікірлер