Дархан Сатыбалды Жетісайдағы өртенген базарға қатысты тапсырмалар берді

2916
Adyrna.kz Telegram

Жетісайдағы «Күлпаршын» орталық базарынан 580 жүк көлігімен 3150 тонна қоқыс шығарылды. Жекеменшік базар өрт қалдықтарынан тазартылды. Базарды қалпына келтіру жұмыстары екі ауысымда, тәулік бойы жүргізілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға Жетісай базарының бүгінгі жағдайы баяндалды. Облыс әкімі нақты тапсырмалар берді. Аталған оқыс оқиға қайталанбауы үшін аудан, қалалардағы барлық базарлардың талапқа сай жұмыс істеуін қадағалап, қауіпсіздік шараларын тексеруді тапсырды.

Өртенген базардың жаңа жобасы жасалды. Сауда нүктелері қолайлы әрі қауіпсіз етіп салынады. Оны тездетіп іске қосу үшін нысан аумағы 6 секторға бөлініп, әр секторда Жетісайға жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Қазығұрт аудандарының құрылысшылары жұмыс істейді. Базардың инфрақұрылымы жақсарып, жолы жөнделеді

– Халықтың мүддесін қорғау – бірінші мәселе. Сондықтан өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тездету керек. Жеңілдетілген несие беруді шешіп, банкке қарызы барларды қолдау қажет. Қарызды қайтару мерзімін шегеру бойынша жұмыс күшейтілсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Өртенген нысан жанындағы жұмысы тоқтаған базарды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер қалауы бойынша сонда көшіріледі.

Базарға өрт қауіпсіздігі бойынша мамыр айында тексеру жүргізіліп, бірнеше кемшілік анықталып, ескерту жасалған. Өрт қауіпсіздігіне байланысты талаптар сақталмаған. Оқыс оқиғаға байланысты полиция тарапынан тергеу жүріп жатыр. Өрт-техникалық сараптама, сот құрылыс сараптамасы жүргізілді. Шұғыл тергеу тобы құрылған.

Өрттен 600-ден астам саудагер зардап шегіп, мыңнан астам сауда нүктесі жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.

 

 

 

Пікірлер