Ауған соғыс ардагерлері теміржол колледжі студенттерімен кездесуге келді

2804
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қолға алынған «Азаматтық борыш» жобасы аясында 13 қыркүйек күні Темір жол колдледжінде Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Шараға ардагерлерден Арғынбек Есімханұлы, Байдәулет Құрманқожаұлы, Әділ Бектасұлы қатарлы соғыс куәгерлері қатысты. Ардагерлермен емен-жарқын әңгіме құрып, естеліктер тыңдаған студенттер: «Ауған соғысының ардагерлері,  біз сіздерді жақсы көреміз. Сіздерге жасымас жігер тілеймін. Соғыс болмасын, аман болыңыздар!» - деген ақжарма тілектерін білдірді. Сондай-ақ, «Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына табаны күректей  29 жыл өтіпті. Алайда  сол соғыстың зардабы ешкімнің  жүрегінен  өшкен жоқ, ол жара жазылмайды. Қазіргі  сәтте біздің жүзіміз жарқын көрінгенімен, әр ардагердің  жүректері жылап  тұр. Қаза болған  майдандас достарыңыздың бейнесі ешуақытта  санадан  өшпейтінін білеміз. Ендігі біздің арманымыз, тілегіміз кейінгі  ұрпақ мұндай қырғынды көрмесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын  осындай мәні зор жүздесуді өткізуге  ұйытқы болған «Адырна» бірлестігіне алғыс білдіремін» - десті. Ал ардагерлер болса: «Әрине, Ауған соғысының  салған зардабы, қайғысы  мен қасіреті  ешқашан  ұмытылмақ емес. Жыл сайын ақпанда осылай бас қосып, әңгімелесіп,  шер тарқатып аламыз. Сол үшін бәріңізге рахмет.  Қатарымыз сиремей аман-есен  осылай жолығып жүрейік. Осында жиналып, біздің әңгімемізге құлақ асқан жастарға, ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз» - деп тарқасты.

1979 жылы 25 желтоқсанда  Кеңес  Одағы  «Ауғанстан еліне  интернационалдық көрсетеміз» деген желеумен оның қарулы күштерін сол елдегі азаматтық соғысқа  қатыстырып  және кең көлемде  әскери  іс-қимылдар жүргізді. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі», дегендей, қанша уақыт өтсе де  бұл күн маңызын  жоғалтқан емес.

Пікірлер