Бакуде Құтлық қаған кешенінің халықаралық таныстырылымы өтті

3101
Adyrna.kz Telegram

4 қазанда Әзербайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі академиясы Моңғолиямен бірлескен «Номғон» экспедициясының нәтижесінде табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымын өткізді.

Баку Мемлекеттік университетінде өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Елшісі Сержан  Әбдікәрімов,  Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли,  Әзербайжан Милли Мәжілісінің Мәдениет комитетінің төрайымы, депутат Ганира Пашаева, Әзербайжан ғылым және білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Турал Ахмедов, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Елчин Бабаев, Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан, Мажарстанның Әзербайжандағы Елшілігінің, ТүркПА мен Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қорының өкілдері, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты.

Таныстырым рәсімі Құтлық қаған кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактлерді қамтитын фотосуреттер көрмесімен басталды.

Жиынның ашылуында сөз алған Академия президенті міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Түркі академиясының Моңғолияда жүргізген жұмыстары мен биыл Номғон жазығында табылған Құтлық қағанға арналған кешені туралы ақпарат берді.  

«Бүгін сіздермен қуанышты жаңалығыммен бөліскелі отырмын. Биылғы экспедицияның нәтижесінде Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылып отыр. Түркі дәуірінің құнды жәдігерінде «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткіш екенін атап өткім келеді», — деді Ф. Мәжидли.

Бұдан кейін Құтлық қаған кешенін таныстыруға арналған арнайы жиында Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан аталған кешен мен көне түркі жазба ескерткіш туралы жан-жақты баяндап берді.

Сонымен бірге, шараға қатысқан мәртебелі қонақтар сөз алып, «Номғон» экспедициясы тапқан Құтлық қаған кешенінің маңыздылығына тоқтап, оның түркологиядағы елеулі оқиға екенін атап өтті.

Баку мемлекеттік университетінің ректоры Елчин Бабаев зерттеуге қатысқан ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңірі», «түрік», «Құтлұғ», «түмен» сияқты бірқатар сөздерді оқи алғанын атап өтті.

«Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Номгон» экспедициясының қазба жұмыстары нәтижелерінің тұсаукесері түркі мемлекеттерінде өтіп жатқаны қуантады және мақтаныш тудырады. Әзербайжандағы таныстырылымының Баку мемлекеттік университетінде өткені де мәртебе. Өйткені, БМУ – еліміздегі түркологияның негізгі орталықтарының бірі», – деді ол.

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли аталған ескерткіштің ашылуын түркі дәуірі тарихына өзгеріс әкелетін үлкен ғылыми жаңалық деп атады. Ол бұл ескерткіште Ұлы Түрік қағандығының философиясы, тарихы мен тілі бейнеленгенін атап өтті. И. Габиббейли ескерткішті зерттеуге әзербайжандық ғалымдардың да үлес қосатынына сенім білдірді.

Милли Межлис Мәдениет комитетінің төрағасы Ганира Пашаева, сондай-ақ Әзербайжан Ғылым және білім министрлігі халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Турал Ахмадов өз сөзінде Елтеріс Құтлық қағанға тиесілі жаңадан табылған жазудының түркі халықтарының терең тарихын зерделеудегі маңыздылығына тоқтап, мұндай маңызды жаңалық жастардың ғылыми ізденістерін ынталандыра түсетінін атап өтті.

Айта кету керек, биыл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылды.

Пікірлер