Қайнар мектебінің ғасырлық тойы

3423
Adyrna.kz Telegram

Биыл еліміздің шығысында орналасқан Қайнар ауылының тұрғындары үшін қос қуаныш. Біріншіден, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Абай облысы ашылды, яғни халықтың көптен бері аңсаған Семей аймағының қалпына келтіру арман-тілегі орындалды. Екіншіден, Абыралы өңірінің елі Сапарғали Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінің 100 жылдық мерекесін тойлап жатыр.

1922 жылы Абыралы елінің азаматы Тұрсынбай Дайырбекұлы Қаратұмсық қыстағындағы үйінің екі бөлмесінің бірінде мектеп ұйымдастырды. Ол кезде Ұлттың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Той деп шашылдық, ас деп шашылдық, білім жолында шашылу қай қазақтың қайраты жетеді" - деп айтқан. Мұндай қайрат Ахметше "ел бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін" деп ойлаған Тұрсынбайда табылды. Алғашқы ұстаздар Мұсташ Ысқақов, Әзікен Жұмағұловпен қатар Қарқаралыдан балаларға сабақ беру үшін Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырған әйгілі саудагерлер әулетінен шыққан Ботов деген мұғалім келген. Мұсташ Ысқақов мұғалім де Қарқаралыдан тәлім алған. Яғни, Қайнар мектебінің түп-тамырының Қарқаралы өңірінде орналасқан, Ахмет Байтұрсынұлы бес жылдай сабақ берген, ғимараты әлі күнге дейін сақталған мектебімен байланысы бар. Бүкіл республикамыз бойынша сауатсыздық жою науқаны да - ағарту халық комиссары Байтұрсынұлының еңбегі.

Ашаршылықтан кейін аман қалған ел атадан қалған көшпенді салтынан арылып, бұрынғыдай атақоныс қыстақтарда емес, колхоз, аудан жүйесі орналастырғаннан кейін, аудан орталығы Қайнар ауылында, соған қарайтын іргелес ауылдарында тұратын болды. Мектеп те Қайнар ауылына көшіріліп, жаңа ғимарат салынды. "Мектепті қастандықпен күн түспейтін көлденең салдырған, құбыласын Жапония деп санайтын халық жаулары" деген ақылға қонбайтын жаламенен мектеп ғимаратын салдырған Нәсен Жарылғасынов, мектеп директоры Әрін Иманақышев сотталып, Нәсен Жарылқасынов лагерьде қайтыс болды. Мектептің алғашқы түлектері Оралбек Құдышев, Сұлтанғазы Әбдіғаппаров, Айтқазы Дайырбеков, Құдайберген Ысқақов, Нұғман Шәріпов еді. Мектепті соғыс уақытында Омархан Жартыбаев басқарған. Ұжымға майданға танк, ұшақ жіберу үшін жиналған қаражат үшін Сталинның атынан алғыс хат келген. Мектепті Алшынбек Кенжебеков, Әрін Иманақышев, Мүсілім Есекеев, Аймұхамет Мансұров, Омархан Жартыбаев, Нәби Мекішев, Жаппар Иманақышев, Еркінғали Абдуахитов, Күлаш Нұрбикенова, Құдайберген Тұрысбеков, Айтқали Тұрсынбеков, Самат Сәрсенбеков, Сейсен Наурызбаев, Болат Жәкішев, Айым Кәріпбаева, Серікжан Қарамурзин, Берік Сәрсенбеков басқарған. Қазіргі таңда мектепті Маржан Жакупова басқарады. Мерейтойды атап өтуіне дайындық соның мойынында болды.

Мерейтойға дайындығына кәсіпкер Марат Құрманбаев, ауылдық округінің әкімі Дәулет Әсембаев, Бейбітбек Әбдікәрімов, Бағлан Ғабдуллин, Берік Сәрсенбеков, Сембай мен Жәнібек Наурызбаевтар атсалысқан.

Бейбітбек Әбдікәрімов мектеп ұстаздарының жинақтаған материалдарынан "Ұстаз тағылымы " кітабының жарық көруіне үлкен үлес қосып, кітаптың баспадан шығуына басшылық жасаған, осы кітаптың жарық көруіне бірден-бір себепкер болған.
Мектеп түлектері той қарсаңында 10 мыңнан, 20 мыңнан қаражат жинаған, Қуат Шырақбаев пен Анар Әсембаевадай азаматтар, Ернар Мұханғалиев, Шақантаевтар әулеті 100 мың теңгедей қаражат төккен, бұл сомадан аз-көп қаражат салған азаматтар көп. Кәсіпкер Марат Құрманбаев пен ұлы Азамат демеуші болып тойдың өткізуіне зор үлесін қосқан.

 

Мектептен Рымбек Байсейітовтей министр, Шырақбек Қабылбаевтай генерал, Медеу Сәрсекедей жазушы, Болатбек Нәсеновтей әрі экономист, әрі тарих зерттеушісі, Рымғали Нұрғали, Асқарбек Құсайыновтай академиктер, Дәулеткерей Кәпұлыдай ақын, Амантай Исиндей тарихшы, Заря Искаковадай білім беру саласындағы биік марапат - Алтынсарин медалінің иегері, Бейбітбек Әбдікәрімовтей журналист, әкім, Фархат Молдағалидей режиссер шыққан.
Той мектеп түлектерінің шеруінен басталды. Түлектер бір кезде көкке ақ шарларды ұшырды. Шарларды мектеп тойын көркейту үшін Қарқаралыдан жас кәсіпкер Мұрат Қуатұлы отбасымен әкеліп, мектеп ғимаратын көркейтіп безендірген.

Безендіру жұмысы қорға түскен қаражат есебінен жасалған. Мектеп алдында «Ұстаздарға алғыс» деген мүсін ашылса, ішінде жазушы Сапарғали Бегалинның бюсты ашылуының тұсаукесері өтті. Мүсінді ашқан түлектер «Тұңғыш ұстаздарымыз марқұм Оралбек Құдышев мен Кәлимаш Ысқақова болған» деп, Кәлимаш апайға Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы басын қосса, төр - мұғалімдікі» деген сөз жазылған стелланың ашылуына шақырды. Түлектер Самат Сәрсенбековты, басқа директорлар, мұғалімдерін жылы лебізбен еске алды.

Ардагер ұстаздар, алғашқы түлектер, ерекше еңбек еткен мұғалімдер, атақты түлектер, той өткізуіне үлес қосқан демеушілер «Қайнар мектебіне - 100 жыл» қорының мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Қордың төрағасы 13 жыл мектеп директоры болып істеген Берік Сәрсенбеков.
Жаңарған, ремонтталған, жабдықталған мектеп кабинеттеріне мектепте ұзақ жыл жұмыс істеген, еңбегі сіңген ұстаздардың аттары берілген. Иманақышев әулеті атындағы конференц-зал, Мұқажан Ысқақов, Қабдырахман Ғабдуллин мен Күләш Нұрбикенова, Самат Сәрсенбеков мен Өзипа Жайкенова, Саттар Түсіпбеков мен Қатира Әубәкірова, Алтынбек Өскенбаев, Болат Жәкішев, Ибрахим Жабағин атындағы қазақ тілі, математика, тарих және география, физика, еңбек-технология кабинеттері ұрпақтарының еңбегінің арқасында бүтіндей жаңартып, жөнделген, жабдықталған еді.

Жөндеуінің сметасын Қыдырғали мен Ержан Ысқақовтар жасаған. Жаңарып, жабдықталған кабинеттер ұстаздар ұрпақтарының есебінен жасады .

Үш кабинеттің жабдықталуына атсалысқан Майгүл Иманақышева айтқандай ұстаздардың әруақтары риза болды.
Той барысында өткен конференцияда академик Асқарбек Құсайынов, профессор тарихшы Амантай Исин, ақын, Жазушылар Одағының Астаналық филиалын басқарған Дәулеткерей Кәпұлы, ірі кәсіпкер, меценат Марат Құрманбаев, Абай облысының әкімшілігінің, Білім беру министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.
Конференцияны жүргізген академик Асқарбек Құсайынов. Көкшетаудан келген қонақтар ән-саз сәлемін әкелді. Еліміздің бірнеше университтің басшылығы мектеп ұжымын құттықтады. Шетелден де мейрамхаттар келген. Көп жыл Кемерово облысын басқарған қазақ Аман Төлеев те мектептің ұжымын құттықтады. Конференцияда ауыл мектептерінің болашағы талқыланды. Марат Құрманбаев Абыралы ауданының қалпына келтірілуінің қажеттігін айтса, профессор Амантай Исин Алаш тарихындағы Абыралылықтардың ізін зерттеуінің керектігін айтты. Конференция барысында мектеп мұғалімі Айымгүл Жұмаділова, Жеңісгүл Мырзабекованың еңбегі бағаланып, Алтынсарин медалімен марапатталды, Лаура Рақметулина, Ләззат Ысқақова, Перизат Шыныбаева, Гүлнұр Иманбаева, Гүлмира Искакова үздік мұғалім ретінде марапатталды. Еңбек ардагері төсбелгісімен қарт ұстаз Рымбибі Көшербаева, Айжан Кәріпбаева марапатталды. Ардагерлер ұстаздардың барлығына 100-жылдық мерейтой төсбелгісі табыс етілді.


Атадан қалған салт бойынша киіз үйлер тігілді, ас берілді. Аттың үстінде ойнамай, қазақта той өтпейді. Аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ат ойындарынан кейін ауылдың сыртында бәйге өтті. Бәйгеге көршілес Абай, Аягөз аудандарынан, Қарағанды облысынан қатысушылар келді. Мәшине, мотоцикл, тай, ақшалай сыйлық сияқты жүлделер жеңімпаздарға дайындалды. Кешке мәдениет сарайында Алматыдан туған еліне сәлеммен келген режиссер Фархат Молдағалиевтың ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Концертке Фархат Молдағалидың шақыруымен Алматыдан елдің еркесі Лидия Кәденова, Ернар Амандық, Әсет Иманғали келді, оған қоса тойдың сыйлы қонағы Сымбат Ракишев саксофонда өнер көрсетті, Шымкенттен туған ауылына опера әншісі  Айгүл Азатқызы келді. Қайнардың жұлдыздары Торғын Құрманғожина, Бағзада Жұмабекова, Бисәт Шағыр, Ұлан Ысқақов, Лаззат Қуанова, Ілияс Сембай, Гүлшат Қабденова, Аружан Амангелдина,  Семейден, Доғалаңнан келген әншілер көңілді әндермен гала-концертте және түнгі дискотекада елдің көңіл-күйін көтерді. Ақын Төлеужан Ысмайыловтың сөзіне жазылған «Абыралы-Қайнарым» әні айтылды.

Ертеңгісіне жастар арасында футбол жарысы өтті. Жарысқа Қарағанды облысы Еңбек ауылынан команда келген. Жарысты ауыл жастары ұйымдастырды, демеушілер мектеп түлектері еді, әсіресе белсенділігін Жандос Ералы бастаған топ түлек көрсетті.

Ауыл ақсақалдарының бірі Сембай Наурызбаев айтқандай ғасырлық той көптен бері Қайнарда өткен жоқ.

Тойды өткізуіне  атсалысқан Бағлан Ғабдуллин аға айтқандай, алғашқы жиналысында ұйымдастырушылар қатты қобалжып, тойдың қалай өтетінді көп ойлаған, тойға уақыт аз қалған.  Дегенмен, Семей қаласының әкімшілігі тойға дайындық бастаманы қолдап, демеушілер табылып, елдің асарымен той жоғары деңгейде өтті.

Тойға жиналған қонақтар, түлектер қонақтарды жылы қарсы алған мектеп директоры Маржан Жакупова мен мектеп ұжымына риза болып қалды

Қайнарда жол, су, жарық, байланыс, интернет мәселелері шешілді. Ауылда асфальт бар, үйлерінде су, бойлер, теледидар, вай-фай бар. Мектеп заманауи құралдармен жабдықталған, оқушылардың білім алуына, өнер, спорт саламында дамуына бар жағдай жасалған. Заманауи футбол алаңы, спорт алаңы, хоккей алаңы бар.

Әрине, ауылдың да, мектептің де шешілмеген мәселелер жоқ емес, бар.

Алайда, полигоннан бастап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиыншылығы қостап, көрмегені жоқ қайнарлықтар Жаңа Қазақстанға сеніммен қарап жатыр.

Асқар ҚАРҚАБАТ

 

Пікірлер