Жастардың жұмыссыздық, жалқаулығы ақсақалдарға кері әсерін тигізіп отыр - Төрегелді Шарманов

3114
Adyrna.kz Telegram

Жастардың жұмыссыздық, жалқаулық сияқты келеңсіз әрекеттері ақсақалдарға кері әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы пікірді Қазақ тағамтану академиясының президенті, ғалым Төрегелді Шарманов Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

“Қазіргі қазақ ауылдарында ағайын арасындағы ымырагершілікті сақтап, жұртын айрандай ұйытып отырған ақсақалдар бар, әрине. Бірақ өмірде мұқтаждық, жетіспеушілік басым болып тұр. Отбасында жастардың жұмыссыздық, жалқаулық сияқты келеңсіз әрекеттері ақсақалдарға кері әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан ауылдық жерлердегі ересектердің ақсақалдыққа мұршасы келмей тұр. Үлкенге сәлем беріп, олардан ақыл сұрап, айтқанын тыңдағаннан жастар ұтылмайды.

Студент кезімізде ауылға барғанда ақсақалдарға арнайы сәлем беріп, әңгімелерін тыңдаудың өзі бір керемет еді. Аталарымыз жол нұсқап тұратын. Осы үрдіс қазір жойылып барады. Жалпы қоғамда ақсақалдықтың көрінісі азайып кетті. Ертеректе бір қарт ананың лауазымды қызметте жүрген баласы жұмысқа кетерде анасымен қоштасып, үйге кіргенде міндетті түрде сәлемдеседі екен. Бір күні қызметте қиындықтар туса керек, дұрыс амандаспай қалған баласына анасы налып: «Бұл жалғанда балаң өзіңді менсінбей кеткеннен артық қасірет жоқ екен» депті. Күнделікті күйкі тірліктің қамымен жүрген адамдардың ата-анасына көңіл бөлуге өресі жетпейді. Бұған қоса сөзін тыңдата алатын үлкендер де аз”,- деп жазды ол.

Пікірлер