«Самұрық-Қазына» өкілдері кардиохирургия орталығындағы балаларға тосынсый жасады

13751
Adyrna.kz Telegram

Елордадағы кардиохирургия орталығында оңалтудан өтіп жатқан балалар «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобынан жаңажылдық сыйлыққа ие болды. Бұл жерде дүниеге келгенінен жүрек ауруы бар балалар ем алуда.

Жалпы саны 30 бүлдіршінді құрайтын оларға топтың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамашылық жобасы аясында танымал дүкендердің бірінен сауда жүргізуге мүмкіндік беретін 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов балалардың Жаңа жылда тезірек сауығып кетуін тілеп, мейраммен құттықтады. Сондай-ақ, ата-аналармен және медицина қызметкерлерімен тілдесті.

«Жүрек адам ағзасының ең маңызды бөлігі. Оған назар да ерекше болып, бәріміз оның ақаусыз әрі тоқтаусыз соғып тұруын қалаймыз. Қазір елімізде медицина саласы жоғары деңгейде. Мықты құрал-жабдықтар бар. Дәрігерлеріміз де өте білікті. Сондықтан осы сынақтан жылдам өтіп, өмірлеріңізде жарқын кезеңдер мол болуын тілеймін!», - деді ол сыйлықтарды табыстау барысында.

Еске сала кетсек, Қор басшылары бұған дейін еңбек ұжымдары атынан Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы жалпы саны 800-ден астам балаға жаңажылдық сыйлықтар мен сертификаттар, тәттілер жиынтығын тарту етіп, мерекелік көңіл-күйге бөледі.

 

Пікірлер