Үржар ауданының әкіміне сауал

2084
Adyrna.kz Telegram

Редакциямызға желдің өтіндегі, елдің шетіндегі Үржар ауданынан хат келіп түсті. "Адырна" ұлттық порталы бейтарап пікір алаңы болғандықтан қарсы жақтың да жауабын басуға дайын.

Құрметті достар! Жерлестер!

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин мырзаның, аудан әкімі болып тағайындалғанына, қателеспесем, алты жылдай уақыт болды. Біз – аудандағы қоғам белсенділері, алғашқы кездерде әкімге сенім артып, көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтқан едік.
Соңғы кезде, үш жылдай болды, аудан әкіміне барып өтініш айтқанды қойдық. Себебі, біздің бірде-бір өтінішіміз орындалмады, айтқан пікіріміз ескерілмеді. Аудан әкімі әрдайым шығарып салма жауаппен, құрғақ уәде берумен ғана шектелетін болды. Тіпті, шындықты айтқан адамдарды сотқа сүйрелеуге дейін барды.
Сондықтан, мен, аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысудан бас тарттым. Есесіне, жиында қоятын сұрақтарым мен пікірлерімді, көптеген адамдарды хабардар ету үшін,  әлеуметтік желі арқылы  білдіргенді жөн  көрдім...

•••••••••••••••
Аудан әкіміне сауал!!!

Өткен жылы Көкөзек ауылы тұрғындарының өтініші бойынша, сол ауылда болған кемшіліктерді айтып, ғаламторда жариялағаным үшін, аудан әкімі Зайнулдин мырза, Көкөзек ауылының он тұрғынының үстінен (Оның ішінде мен де бармын):
- Ар-намысыма, қадір-қасиетіме және іскерлік беделіме нұқсан келтірді,- деп, сотқа арыз түсіріп, бір миллион теңге ақша өндіріп алмақшы болды.
Осы мәселе бойынша сот отырысы болды. Алайда сот мәжілісіне талапкер Зайнулдин мырза келген жоқ, сотқа жазған талап арызын қайтаруын өтініп, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған. Соған байланысты Үржар аудандық соты Талап-арызды қараусыз қалтырды.
Ары қарай, істің егжей-тегжейін айтпай-ақ, негізгі сұрағыма көшейін...
Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин мырзаға ҚР Заңдарының талаптарына сай жауап беруіңізді сұраймын, деп, өткен жылдың шілде айында мынандай мазмұнда өтініш жазып, алты сұрақ қойдым:
1. «Арашашыға алты таяқ», «Арашашының да қазақ ішінде өз жөн-жосығы бар» демекші, мен, арашашы, әрі куәгер ретінде хатқа 10-шы болып қол қойсам да, сіз сотқа жазған талап-арызыңызда менің аты-жөнімді бірінші қатарға қойып, №1 жауапкер ретінде, «ерекша құрмет көрсетіпсіз». Ондай «құрметке» ие болғаныма разымын!
Десе де мұндай «құрметке» ие болғаныма таңым бар. Менің бар жазығым Көкөзек ауылы тұрғындарының жан айқайын жоғарғы билікке жеткізгенім бе?
Менің іс-әрекеттерімнің қай жері заңсыз, ҚР Заңдарының қандай баптарына сүйене отырып айыптамақ болдыңыз? Оған нақты қандай дәлелдеріңз бар?
2. Ашық хатта келтірілген нақты деректер, дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Жасалған жұмыстардың сапасыз, тіпті проектіге сәйкес еместігі туралы құзырлы органдардың мөрі басылған акт (Дефектілік акт), фото, аудио жазба, ауыл тұрғындары жиналысының көшірмесі сияқты бұлтартпас дәлелдер жеткілікті.
Алайда, сіз бұлтартпас деректерді есепке алмай, аудандық сотқа біздің үстімізден «Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау және моральдық зиянды өндіру туралы талап-арыз» түсірдіңіз.
«АШЫҚ ХАТТА» Сіздің жеке басыңызға, ар-намысыңызға тиетін жеп қойыпты, жемқор екен деген бірде-бір сөз жоқ. Солай бола тұра, жемқолық көріністерімен көзге түскен адамдарға айтылған сөздерді сіз, неге, өзіңіздің жеке басыңызға тигендей етіп қабылдадыңыз?! Әлде...?! Сотта бір адам, бұл туралы өз күдігін айтқан болатын...
3. Ал іскерлік беделіңіз туралы айтуыңыз орынсыз. Егер іскер адам болсаңыз, аудан басшысы ретінде, хатта көрсетілген, Көкөзек ауылындағы дәлелдеуді қажет етпейтін кемшіліктерге неге жол бердіңіз? Осы келеңсіздіктерге жол берген адамдарды жауапқа тартудың орнына, шындықты айтушылар неге жазалануы керек?
4. Адамның ар-намысы туралы айтар болсақ, Көкөзек ауылы тұрғындарынан жоқ суға ақша талап етіп, «Ашық хат» жазушыларға қоқан-лоқы көрсетіп, сотпен қорқытпақ болған әрекеттерді бастан өткізген... қарапайым адамдардың ар-намысын кім қорғайды?
Ең масқарасы аудандағы құрылысы бітпеген нысандарды көпшіліктің көмегімен аяқтап, жемқорлардың былық-шылығын жабуға мәжбүр. Олар (негізінен мұғалімдер) неге өздерінің қызметтік міндеттеріне жатпайтын жұмыстар атқаруы керек? (Бізде құрылысы толық аяқталған объектінің бар екенін естімеппін)

(ҚР Заңдарында биліктегілер: «...Қол астындағы адамдардан қызметтік міндеттерінің шеңберінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге міндетті» - деп атап көрсетілген. Ендеше, жемқорлар үшін олар неге зардап шегуі керек? Бұлардың ар-намысы да неге тапталады? Неге осы заңсыздықтарды тоқтатпадыңыз?
Әлде, көпшіліктің ар-намысынан, сіздің – халық үшін қызмет етуге міндетті мемлекеттің қызметкердің ар-намысы, қарапайым халықтан жоғары болғаны ма? Неге бүйтіп адамдарды қорлайсыз??? Осы да іскерлік пе?
5. 25 мамыр 2018 жылғы Үржар аудандық сотының ұйғарымымен сіздің сотқа жазған талап-арызыңызды қайтарып алуыңызға байланысты, талап-арыз қараусыз қалдырылды.
Сотқа берген талап-арызыңызды неге қайтарып алдыңыз? Неге райыңыздан қайттыңыз? Әлде тәубеңізге келдіңіз бе? Болмаса шындықтың бәрібір үстемдік алатынынан сескендіңіз бе?
6. «Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық» - демекші, бұл істі ары қарай, өкінішке орай, өзім ғана жалғастыруыма тура келіп тұр.
Себебі, Көкөзек ауылындағы былық-шылықты ашуға түрткі болған, соны ұйымдастырған адамдармен, ауылдағы су құбыры жөнделсе де, жөнделмесе де Үржар аудандық сотының төрелігіне жүгініп, сотқа талап-арыз түсіретін болып келіскен болатынбыз. Алайда, бұл азаматтар билікпен ымыраға келіп, даулы мәселені ары қарай қозғағысы келмейтін білдірді. Яғни мені сатып кетті.
Тіпті сорақысы ұйымдастырушылардың біреуі үйіме келіп: «Енді бізге ешкімде тиіспейді, мердігер материалдық шығынның өтеуі үшін ақша берді...» - деп маған 50 мың теңге ақша ұсынды. Алмадым.  Арымды ақшаға сатпаймын.
Ұйымдастырушылар материалдық шығынның өтемін алды. Оны білемін...
Ал қалғандарының материалдық-моральдық шығындарын кім өтейді???» - деп, жазбаша, алты сұрақтан тұратын өтініш бердім.

Жауабын алдым. Бірақ, жауабына қанағаттанбадым. Екінші рет жаздым. Бұл өтінішке де нақты жауап алмадым.
Енді осы сұрақтарға байланысты тағы да екі сұрағым бар:
1. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 Заңының ...
«10-шы және 14-баптарында: «Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар... мазмұны бойынша негізделген және нақты деректерді қамтуға тиіс және өтініш беруші дәлелді жауап алуға құқығы бар» - деп жазылған.
Ендеше ҚР заңдарының талабын аудан әкімі С.Зайнулдин мырза неге орындамайды? Аудан әкімі ҚР Заңдарының талаптарын мойындамағаны ма? Әлде, аудан әкімі ҚР-ның заң талаптарын орындауға міндетті емес пе?
Тіпті, ең сорақысы, менің, аудан әкімі – Зайнулдин мырзаға жазған екі өтінішіме, аудан әкімі емес, оның орынбасарлары жауап берді. Аудан әкіміне бағытталған өтінішке, орынбасарларының жауап бергеніне таңым бар. Бұл арада олардың бұл іске қандай қатысы бар? Жауап хатта, қойылған сұрақтардың бірде-біреуіне, нақты жауап жоқ... Ендеше, алдамсыратып жаза салған, шығарып салма жауаптың неге қажеті бар?
2. «Коррупциялық құқықбұзушыларға қарсы күреске ат салысқан азаматтарға, «КОРРУПЦИЯҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ЗАҢЫНЫҢ» 5 және 7 баптарына сай мемлекет қолдау көрсетіп, өз қорғауына алады» - деп жазылған.
Демек, аудан әкімі бұл заңға да түкіргені ме? Не деген масқара!!!

Құрметпен:-Тоқан Тұрсынбаев

Пікірлер