Алматыда "Ұлттық құндылықтар академиясы" ҚБ алғашқы ғылыми кеңесі өтті

3381
Adyrna.kz Telegram

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Ұлт жұмысы үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек" деп еді. Жоғалып бара жатқан ұлттардың қатарынан емес, жоғарлап бара жатқан ұлттардың қатарынан көріну үшін жан алып, жан беріп, ел үшін емірене еңбек ету ләзім. Осы мақсаттың орындаушылары бас қосқан "Ұлттық құндылықтар академиясы" қоғамдық бірлестігінің алғашқы ғылыми кеңесі Алматыда өтті.

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице министрі Шолпан Таңатқызы онлайн форматта сөз сөйлеп, министрдің құттықтауын жеткізді. Ол "Бала тәрбиесінің алаңдаушылық туғызып отырғанын, бұл бағытта істелер істің көп екенін" тілге тиек етіп академия қызметіне сәттілік тіледі.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Айтқұлұлы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерін жіпке тізіп, оны шешу үшін бірлесе жүйелі әрі нақты жұмыс істеуге шақырды.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оразбаева Фаузия апайымыз ұлттық кодымыз болған қазақ тілінің мән-маңызы, хал-күйі, қолданысы мен мәселелері, сақтау мен дамыту жолдарына баға беріп, ұтымды ұсыныстарын айтты.

Одан кейін сөз алған Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Төреқызы, қоғам қайраткері, ғалым Асылы Осман, т,б ұлт жанашырлары мен Баянөлгей, Тәшкенттегі қандастарымыз ауыр жүк пен аманат арқалаған жаңа қоғамдық ұйымға тілек пен ұсыныстарын айтты.

Күрмеуі қиын, күрделі мәселелері күн сайын көбейіп бара жатқан қазақ қоғамының ұлттық рухы мен санасын оятып, ұрпақ тәрбиесіне халықтық құндылықтардың мейлінше молырақ пайдаланылуы мен насихатталуына дәнекер болып, мемлекеттік саясатта ұлттық идеологияның іске асуы, білім мазмұнын ұлттық сипатта байыту, т.б бағыттарда жүйелі жұмыс істеуге білек сыбана кіріскен академия жұмысының сәтті, табысты болуына тілектеспіз!

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер