«AMANAT»-тың атынан сайлауға түсуге дайынмын – Бақытжан Базарбек

4025
Adyrna.kz Telegram

Заңгер Бақытжан Базарбек “AMANAT” партиясының атынан сайлауға түсуге дайын екенін айтты. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанның “Talk Like” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Заңгер журналистің “егер сізге партияның атынан депутат болуға ұсыныс түссе, келісесіз бе?” деген сауалына, бірден дайын екенін мәлімдеді.

“Егер ұсыныс болса, мен сайлауға түсуге дайынмын. Ең бастысы - халық. Бірінші, халықтың сенімі, сосын “AMANAT” партиясының сенімі”,- деді Бақытжан Базарбек.

Бұрын Әділет партиясының атынан сайлауға түсіп, өтпей қалған заңгер, осы жолы да өтпей қаламын деп қорықпай ма?

“Халыққа қандай парламент керек? Егер бұрынғы халықты сорлатып жүрген парламент болса, онда ана ығай мен сығайды сайлаңыздар, ана Сексенбай мен Тоқсанбайдың баласын сайлаңыздар, біз енді шетте қаламыз. Халыққа қандай парламент керек, соған байланысты. Халық өзіне керегін таңдайды”,- деп жауап берді заңгер.

Сондай-ақ, ол партияға мүше болуына не түрткі болғанын да айта кетті.

“Шындығын айтайық, осы уақытқа дейін жер саласындағы заңсыздықпен күресіп келген заңгермін. Оған «Nur Otan»-ның қатысы да бар. Бірақ ол партияға кіретін ешқандай мақсатым болған жоқ. Барлық жаман ойдың барлығы «Nur Otan»-ға  келеді. Халық қай жерге барса да, кім жаман? Бірінші, әкім, екінші, прокурор, үшінші, «Nur Otan» жаман. Бірақ «Nur Otan» ба әкімнің қаулысын шығарған? Сөйтіп, заңсыз үлескерлердің иегерлігіне өткізіп жіберген «Nur Otan» ба? Жоқ, ол - әкім. Ал ол әкімнің үстінен қылмыстық жауапкершілікке тартпаған «Nur Otan» ба? Жоқ, прокуратура және құқық қорғау органдары. Бірақ кірдің барлығы «Nur Otan»-ға келді. Соны есептей отырып, мен өзім саяси  болашағымды жоспарлап қойғанмын. Еш уақытта мен «Nur Otan» партиясына кірмеймін деп.

Енді қаңтар оқиғасынан кейін «Nur Otan»-ның атауы ауысты. Маған “AMANAT” партиясының басшылары шығып, біздің бір ғана атауымыз ауысқан жоқ, біздің тәніміз де ауысты, ойымыз да ауысты дегеннен кейін, мен зерттедім…

Мен “AMANAT” партиясының басшыларына шарт қойдым: Мені комиссияның төрағасының орынбасары етіп қойдыңыздар. Мен ешқандай авторитетке қарамаймын, бәрін тексеремін дедім.  Яғни, “AMANAT” партиясы маған еркіндік берді. Жер саласындағы заңсыз жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға еркіндік берді”,- деді Бақытжан Базарбек.

Пікірлер