Ринат Заитов неліктен "АMANAT" партиясының атынан сайлауға түскенін түсіндірді

3132
Adyrna.kz Telegram

"АMANAT" партиясы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттығын және бірмандатты округтер бойынша ұсынылатын үміткерлер тізімін жариялады. Арасында айтыскер ақын Ринат Заитов та бар. Ол не себептен "Amanat"-тың атынан сайлауға түскенін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Өмір жолы шынымен бұралаң-ау... Дәл мен Аманат партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. "Бұл қалай болып кетті?"- деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін.
Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзін сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар?. Сол мүмкіндіктің үлкені осы "Аманат".

Көңілімдегі күннен күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды. Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім. Бүгін сол "Аманат" партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті. Құрамын 75% жаңартқан партияда: Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай секілді ағаларымды Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайдай замандас-бауырларымды көрдім. Бұл дегеніміз, Ерлан Жақанұлы Қошановтың жаңаша іске кірісуге және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға дайын екенін білдіреді. Өзіме де сол өзгеріске қатысудың сәтін тудырды.

Кейінгі сөзін айтыскер ақын аңсаған армандарын ашық айтумен жалғастырды.

- Неге тартынуым керек? Ия, мен өз отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл- өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз! Біз- Аманатқа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік. Оны өздеріңіз де түсініп тұрсыздар. Жаратушы жар болып, ел қолдаса болғаны.
Нартәуекел! - деді Риат Заитов.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер