"Здача жоқ!" - Семейде безбүйрек кондуктор оқушы қызды қақаған суықта жолдан түсіріп кетті

3957
Adyrna.kz Telegram
"Адамдық қайда, ағалар?" деген сарындағы оқушы қыздың сауалы қазақ даласын кезіп жүргендей. Семей қаласы, №23 мектептің 8-сынып оқушысын автобус жүргізушісі мен кондуктор қақаған суықта жолда қалдырды. "Адамдықтан безген ағалардың" әрекетіне күллі оқырман наразылық танытып отыр. Оқушы қыздың суықтан ұялы телефоны өшіп, қас қарайғанда бір өзі далада қалған, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 
Автобустағы безбүйректердің байыпсыз әрекеті жайлы журналист Азамат Қасым жазды:
- Бүгін Семейде мынадай жағдай болыпты.
Қаладағы N23 мектептің 8-сыныбында оқитын қыз сабақтан шығып, N25 маршруттағы автобусқа отырыпты. Кондукторға мың теңге берсе, "здача жоқ" деп келесі аялдамадан түсіріп кетіпті. Байғұс бала екі-үш аялдама жаяу жүріп, оған қоса соткасы өшіп, әзер дегенде анасына звондапты. "Қызым әбден тоңып қалыпты. Таксимен барып, үйге алып келдім. Әйтеуір, аман-есен ғой деп үндемедім" дейді қыздың анасы, - деп жазды автор.
Журналистің жазуынша, ар мен адамдық санадан жұрдай азамат орысша сөйлеп, оқушының қауіпсіздігіне де қарайламаған.
- Анасынан сұрағанда айтқаны: оқушы сағат 5-тер шамасында Пестеля көшесінен Таткрай жаққа бармақ болған. "Кондуктор орысша сөйледі, ер адам" депті қыз. Осы жағдайға байланысты қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов N25 бағыттағы автобустың кондукторына шара қолданса, автобус паркі басшылығына ескерту жасаса деген өтініш бар. Мұндай жағдай болашақта қайталанбас үшін. Жауап күтеміз, - деп жазды журналист.
Азамат Қасымның жантүршіктірер жазбасына Семей қаласы әкімдігі ресми жауап берді. Олар:
- Сәлеметсіз бе! №25 маршруттағы қоғамдық көлікке"АвтоТрансСеме" ЖШС қызмет көрсетеді. Әкімдік тарапынан тасымалдаушы кәсіпорынға кондукторға қатысты шаралар қабылдау туралы хабарлама жіберілді. Қоғамдық көлік қызметкеріне қатысты қабылданған шараны қосымша хабарлаймыз.
Сондай-ақ, әкімшілік Кодекстің 571 және 685-баптарына сәйкес автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзу бойынша айыппұл салуға полиция басқармасы құқылы, - деп жауап жазды.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер