ОСК: Respublica партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған тізімінен екі адам шығарылды

2487
Adyrna.kz Telegram

Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған тізімінен екі адамды шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы. 

«Respublica партиясы 25 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясында екі кандидаттан оларды осы партияның партиялық тізімінен өз еркімен шығару туралы өтініші ресми түрде тіркелді. Дархан Серікұлы Иманашевтің 10 ақпандағы және Олжас Абазұлы Сұлтановтың 11 ақпандағы өтініші ҚР Орталық сайлау комиссиясына 14 ақпанда келіп түсті. «Сайлау» туралы ҚР Конституциялық заңының 90-бабының 1-тармағына сәйкес, Respublica партиясы қоғамдық берлестігінің партиялық тізімінен олардың өтінішімен Дархан Серікұлы Иманашевті, Олжас Абазұлы Сұлтановты шығару бойынша ОСК өз құзызреті шеңберінде тиісті шешімдер жобасын дайындады», - деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.

Еске салсақ, Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізіміне 29 адам енгізілген болатын. Алайда, кеше бірмандатты жүйе бойынша ұсынылған үміткер, партияның тең төрағаларының бірі Сырымбек Таудың тізімнен шеттетілгені белгілі болды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер