"Құпия кездесу": АҚШ басшысы Джо Байден Киевке құпия сапармен келді, ал Ресей - бейхабар

2317
Adyrna.kz Telegram

"Қойнына сыр бүккен кездесу".  Ақпанның 20-жұлдызында АҚШ Президенті Джо Байден "бейсеуіт жүріске салып", тосыннан, жариясыз-жасырын Киевке соқты. АҚШ билігінің ақ шатырына айналған Ақ үйдің баспасөз қызметі мұндай мәлімдемені айтқан жоқ.  Олар құрама штаттар басшысының ресми сапармен Польшаға барып-қайтатынын, ал Украинаға бет бұрмайтынын баса хабарлаған еді. 

Киевке сапар аса құпия жоспармен жасырын түрде жүзеге асты. Байден сенбінің қоңыр кешінде қоғам назарынан бой тасалап, жыраққа кетті. Жанына журналистер мен репортерлерді ертпеді. Президент Жексенбі күні құлқын сәріде Вашингтонда болуы тиіс еді. Бірақ Украина астанасынан бірақ шықты.

АҚШ басшы Киевке табан тіреген сенбінің таңында қауіп-қатер ықтималы ұлғайып, қалада дабыл қағылып жатты. Мұндай сапарды, тіпті, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы  Джон Кирби жоққа шығарып баққан еді. Ол Президенттің Полшаға барып, кері қайтатынын мәлімдеген.

Дегенмен, сапардан бір күн бұрын Politico басылымы мұнда бір гәп барын аңдаған. Олар Байденнің Украина шекарасынан жасырын өтуге мүмкіндік іздеп жатқанын жазып, астыртын қадамдардын сезген. Бірақ саяси элитаның көпшілігі мұндай "жанкешті" әрекет Байденнің жеке басына қауіп төндіретінін айтып, мүмкін емес деп санады.

Байденнің Киевке сапары, CNN жазғандай, "құпияға толы".  АҚШ президенті АҚШ теңіз авиациясының Эндрюс базасынан (EST) таңғы сағат 4:15-те ұшады. Репортерлерге өз құрылғыларын алып жүруге тыйым салынады.

Байден келген таңда Киевтің орталығындағы бірнеше көшеде көлік қозғалысы тоқтатылды.  Бірақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары еш құлақтандырылмайды.  Америка президентінің сапары ресми түрде хабарланбайды. Байденнің келуі туралы алғаш жазған блогер - Марк Фейгин. Кейін соқталы саяси жаңалықты "Қазіргі Украина" журналистері іліп әкетіп, Байден мен Владимир Зеленскийдің Киев орталығындағы Михайловский алаңында жүрген видеосын жариялады. Ол Зеленскиймен бірге Михайловский шіркеуіне барып, "Көктегі жүздіктер" атты батырлар мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Көп ұзамай Байденнің сапарын Зеленскийдің өзі растады, ол АҚШ президентімен бірге түскен фотосуретін жариялады, содан кейін ғана барып Ақ үй ресми мәлімдемені мақұлдады.

Ақ үйдің мәлімдемесінде Байден "Украина демократиясына, егемендігі және территориялық тұтастығына мызғымас әрі таласқа түспейтін" қағидатты мақұлдау үшін барған деп көрсетіледі. Оның Украинаға көрсетілер көмек үлесін кеңейту мәселесін талқылайтыны айтылады.

"Путин өзінің шапқыншылық әрекетін бір жыл бұрын бастағанда Украинаны оңай шағылатын жаңғақ деп ойлады.  Батысың болса, қақ жарылды. Путин о баста күшеніп, тіпті бізден асып түсемін деп ойлады. Бірақ ол оңбай қателесті", — деп жазды Байден.

АҚШ президенті Украинаға "аса қажетті құрыл-жабдықты"жеткізу бұйрығын жариялады. CNN-нің көрсетуінше, Украинаға қосымша берілетін көмек мөлшері 500 миллион долларға пара-пар. "Қолдау қоржынында" (пакет) әскери техника, соның ішінде артиллериялық оқ-дәрілер, танкке қарсы "Джавелин" кешендері мен гаубицалар топтастырылады.

Байденнің Киевке сапары кезінде әуе дабылы үздіксіз зарнап, сақтық шараларынан хабарлап жатты.  Бірақ Ресей зымырандардың Киев аспанын бүркеп, әуе кеңістігін әлемтапырақ еткені жайлы деректер тіркелген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер