Respublica партиясының Көкшетаудағы жиындарына 1000-ға жуық адам қатысты

1370
Adyrna.kz Telegram

Елдің солтүстігінде сайлауалды тур жалғасуда. Respublica партиясының командасы Ақмола облысына келді. Бұл – науқан кезеңінде Қазақстанның 14-ші аймағы.

Көкшетау қаласында жалпы халықпен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, еңбек ұжымдарымен және Іскер әйелдер қауымдастығымен кездесулер өтті. Іс-шараларға барлығы 1000-ға жуық адам қатысты.

«Қазір университеттер мен бизнестің әртүрлі кеңістікте екенін көріп отырмыз. Бизнес өкілдері жоғары оқу орындарының қамқоршылық кеңестерінде болып, болашақ мамандарды даярлау бағдарламаларын реттеуі қажет. Бұл шара орта мерзімді перспективада білім сапасы мен елдің кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», - деді партия төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Айдарбек Қожаназаров.

Ол «Тыныс» АҚ ұжымымен кездесу барысында жоғары білікті мамандарды даярлау үшін бизнес пен жоғары оқу орындарының белсенді ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті.

Партияның тең төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесуінде қазақстандық қоғамда әлі күнге дейін әйелдермен байланысы бар стереотиптер тақырыбын көтерді.

«Қостанай қаласында «АгромашХолдинг KZ» және «СарыарқаАвтопром» сияқты комбайндар мен машиналар шығаратын зауыттар бар екенін бәріңіз білесіздер. Мен осы құрылымдарға 2011 жылы қатардағы басшы болып келдім, 12 жылдан кейін осы кәсіпорындарды басқаруға кірістім. Бір күні клиенттердің бірі менімен кездесуге келді. Дәлізде жүр екен, қарсы алайын деп алдынан шықтым, ол күртешесін шешіп, менің қолыма ұстатты. Содан соң: «Рахмет, сіздің президентіңіз қайда?» деді. Мен президент екенімді айттым, бірақ ол: «Жоқ, жоқ! Компанияның президенті – Динара қайда?» - деді. Мен компанияның басшысы екенімді айттым тағы да. Ол таң қалды, кең шалбар киген, қолында балғасы бар, бойы екі метр әйелді елестеткенін де жасырмады. Мен мұндай стереотиптерді жиі кездестіремін», - деді Динара Шүкіжанова

Сондықтан, Respublica партиясының тең төрағасы қазақстандық қоғамдағы көшбасшы әйелдерге деген көзқарасты өзгерту қажет деп санайды. Шүкіжанованың Парламенттегі әйелдер үлесін арттыруды талап етуінің бір себебі де осында.

Еске салайық, науқанның екі аптадан сәл астам уақытының қорытындысы бойынша Respublica партиясының мүшелері Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қонаев, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Орал, Петропавл қалаларын, сондай-ақ бірқатар ауылдық елді мекендерін аралады.

Осы уақытқа дейін 153 мыңға жуық қазақстандық партия қатарына өтуге өтініш білдірген.

Ертең партиялықтар сапарын Павлодар қаласында жалғастырады.

Пікірлер